Кім кінәлі?

Oinet.kz 29-03-2024 221

Үмітке толы екі кездесу қалған еді. Өкінішке қарай, қазақ футболсүйер қауымның Германияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысамыз ба деген зор үміті үзілді. Афинада азулы Грекиядан Қазақстан құрамасы ірі есеппен ұтылды. Бүгінде бұл ойынға сын айтушылар да, кінәліні іздеушілер де, ертеңгі күннен үміттендіріп жанкүйер атаулыны жұбатушылар да аз емес.

Screenshot_19.jpg

Бас бапкер Магомед Әдиев Қазақстан құрамасын жоғары деңгейге жеткізді. Алайда Грекия жеріндегі матчта қарсылас ойламаған жүріс жасаймын деп қателескен секілді. Бірінші таймға шыққан футболшылар тізіміне де сұрақ туындаған болатын. Ортаны Абзал Бейсебеков, Бактиер Зайнутдинов екеуіне тапсырды, алғы шепте Максим Самородов пен Ислам Чеснаков, Елхан Астанов жүрді. Максим мен Ислам тырысып-ақ бақты, ал Елхан ойынға кіре алмағандай өз орнын таба алмағандай әсер қалдырды. Орталық қорғаныстың сол қапталындағы Нұралы Әліптің орнына оң қапталда ғана өзін жайлы сезінетін Темірлан Ерланов шықты. Ал капитан Асхат Тағыберген, Исламбек Қуаттың қосалқы құрамда қалғанын көпшілік түсіне алмады. Бірінші таймның алғашы он бес минутында матч тағдыры шешілды десек те болады. Гректердің Ян Вороговский мен Ерлановтың қапталынан бастаған шабуылы пенальтимен аяқталды. Екінші, үшінші, төртінші голдарды қарсылас Шацкийдің айып алаңының ішінен соқты десек те болады. Үшеуі де сол қапталдан келді. Екінші тайм басында қосалқы құрамнан шыққан Рамазан Оразов арқасында шабуылға қан жүргіргендей көрінген. Гол соғамыз деген ұмтылыс 10 минутқа созылды. Зайнутдинов, Тапалов және Оразовтың соққылары қақпаға дарымады. Ян Вороговский 5-6 метр жерден қақпаны дәл көздей алмады. 85-ші Еркін Тапалов бұрыштамадан кейін допты Шацкийдің қақпасына бағыттап жіберді. Есеп 5:0 гректердің пайдасында. 

Магомед Адиев Грекиядан ойсырап жеңілгеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. «Біз матчтың басталуына дайын емес едік. Алғашқы минуттарда қысым болатынын түсінгенмен, белгілі бір әрекетті жасауымыз керек еді, бірақ нәтиже болмады. 15-минутта есеп 0:2 болды да, бірінші таймда біз ойынға қайта орала алмадық. Қарсылас өз шабуылдарын ширақ жасады. Бірақ психологиялық тұрғыдан ішкі қысымымыз бен қарсыластарымыздың қысымына төтеп бере алмадық деп ойлаймын», – деді ол. Сондай-ақ бас бапкер ойын жоспары және неліктен дәл осы құраммен шыққанын да түсіндірді. «Біз тактикалық тұрғыдан сәл гибридті схеманы қаладық. Грекия біршама тігінен ойнайды және олардың енін созу қажет болды. Чесноков пен Астанов қарсыластың шабуылы мен тірек аймағын кеңейтуге керек еді. Бұл жерде Зайнутдинов бос орында орталық аймақта қысым көрсетуі үшін керек болды. Жалпы біз шетте қалып кеттік. Алға дұрыс жылжымадық. Жаттығуда және бақылау ойынында команда қалай әрекет ету керектігін түсінді. Бірақ бірінші таймда мен командаға бергім келген стиль болмады. Бұл мен мұны тиісті деңгейде жеткізбедім дегенді білдіреді және бұл – менің кінәм. Біз тым көп қателік жібердік. Мұндай қателермен бірдеңені талап ету мүмкін емес», – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері. Бас жаттықтырушы ұлттық құрамаға шынымен де жастар керек екенін, үлкен турнир үшін жылдамдық пен қарқын қажет екенін айтты. Ол бүгінгі ойында құрамаға ұжымдық қарым-қатынас жетіспегенін мойындады. «Мен Еуропа чемпионатына дейін ешқайда кетпейтінімді айттым. Уәдемді толығымен орындадым деп есептеймін. Осыдан кейін мен өзім дайынмын ба, федерация келесі циклге дайын ба деп ойлануым керек. Әділет Барменқұловпен сөйлеспейінше шешім қабылдамаймын, өйткені бұл кісі мені қызметке тағайындағанда тым көп күш салды, барлық сыннан өтті. Жалпы халық бізге үлкен жігер берді, қолдау көрсетті, сіздерге алғысым шексіз. Қазақстан мен үшін көп нәрсе жасады. Мен сынды абыроймен қабылдаймын, еш қиындықсыз, жеңіліс толығымен менің жауапкершілігімде, мен үшін бұл өте ауыр. Мен бүгін-ақ отставкаға кету туралы өтінішімді берер едім. Мені тежейтін жалғыз нәрсе – федерация президенті. Онымен сөйлеспей, шешім қабылдай алмаймын. Бірақ мен кез келген сынға ашықпын», – деді Магомед Адиев.

Иә, бас бапкер бұл ойындағы жеңіліске өзін кінәлі санап отыр. Алайда жанкүйер қауым, оның ішінде сарапшылар негізгі кінәлі  балалар футболына жете мән бермей отырған, легионерлердің қаптап келуіне мүмкіндік жасап отырған футбол федерациясын, оның басшысы Әділет Барменқұлов екенін мәлімдеуде. Ел намысын қорғайтын, дарынды футболшыларымыздың премьер лига ойындарында легионерлердің кесірінен алаңға көп шығарылмайтыны, яғни тәжірибе жинақтап шеберлігін шыңдай алмайтынын айтышылар да көп. Қазақстан құрамасының бұл циклдағы ойындары мен нәтиже сарапталып, шешім шығарылатыны мәлім. Қалай болғанда да қазақ футболына үлкен өзгеріс қажет.

Жарыс алдында «әлемнің екінші ракетасы» атанған танымал теннисшінің сүйіктісі қайтыс болды
Балуандарымыз бабында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу