Мұрагер. Қырымбек Көшербаев

Oinet.kz 24-04-2014 712

«Бұған дейін жинаған тәжірибемнен білетінім - шешілмейтін мәселе болмайды. Ең бастысы ниет керек. Білек сыбана еңбек керек. Бұл орайда өзімді де, өзгені де аямаймын…».

Screenshot_15.jpg

Бірсыпыра жұрт осы сөйлемнің авторы президент болса екен дейді. Алпысты алқымдап, зейнеткерлікке жақындай түскен бұл азамат ниеттеніп, білек сыбана кірісіп, өзін де, өзгені де аямай тер төгіп жіберсе, биліктің ұшар басына шығып кетуі  бек мүмкін. Біз сөз етіп отырған кісінің бұған дейін жинақтаған тәжірбиесі ондайға жетіп артылады.  Өмірбаянына қысқаша көз жүгіртсек, Қырымбек Көшербаев 1955 жылы 20 мамырда дүниеге келіпті. Іңгәләп өмір есігін ашқан сәтінде әкесі Елеу  Қырымда жүріпті.  Қырымбек есімі сол сапарға орай берілген екен.  В.Путин «зорлықпен басып алған» бүгінгі Қырымның бегі болмаса да, Қырымбек Елеуұлы ел азаматы атанып, атқа қонды.   Әкесі Елеу қазіргі тілмен айтсақ, Қызылорда облысындағы Қазалы ауданында ұзақ жылдар бойы әкім болған. Әкімнің ұлы Қырымбек ержетіп, Алматыға арман қуып барғанында колхоз, совхоз басшыларын дайындайтын Халық шаруашылығы оқуын емес, инженер-құрылысшы мамандығына ден қойған.  Және оқу бітірген соң, қаланың қызығына байланбай, еліне оралып, шаң, батпағы аралас құрылыс алаңына ентелеп бірден кіріп кеткен екен. Мектепте, жоғарғы оқу орнында сабаққа зеректік танытыпты. Рингке шығып, бокстан біраз медель жинапты. Сан жылдар бойы жалынды комсомолдық топтың белсендісі болыпты.  Ал, Қазақстанға Тәуелсіздік тізгіні бұйырған жылы  премьер-министр С. Терещенконың ауыспалы орынбасарларына 3 жыл бойы көмекшілік жасапты (Көмекшінің қазіргі қызметі ел көзіне шенеунікке есік ашып беру, киімін ілу, телефонын қосу секілді көрінеді. Қырымбек Көшербаевтың қазіргі жағдайына қарап, кезінде Д. Сембаев,  М. Жолдасбеков, Қ.Бәйкеновтарға көмекші атанып, құрақ ұшып, жүгіріп жүріп осындай қызмет істеді дегенге сенгің келмейді–Р.Е .)  

Араға он сегіз салып,  Қырымбек Көшербаев сол көмекші қызметінен премьер-министрдің орынбасарлығына дейін өсті. Осы аралықта ол президент баспасөз қызметінің жетекшісі, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министріктерін басқарып үлгерді. Жалпы, министр ретінде Қ. Көшербаевтың елге сіңірген еңбегі көп айтылмайды. Есесіне, көптеген мамандар оны «дағдарыс менеджері» ретінде мойындайды. Оның себебі, ол орталық үшін басқарылуы ауыр көрінетін батыс аймақтарда, атап айтқанда Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында әкім болды. Кейіннен туған өңірі Қызылорданың тізгінін ұстады. Орал қаласының тұрғындары осы күнге дейін Қ. Көшербаевты сағына айтады. Ал, Маңғыстаудың жарасы бөлек. Қ.Көшербаевтың қызметтік өміріндегі қаралы кезең де сол Жаңаөзен қақтысының басталуы мен салдары болса керек. Рас, мұнайшылардың ереуілі түптен келгенде өнеркәсіп басшылығына қойған талаптардан басталды. Ал, қара алтынды өнеркәсіптің Астанадағы басшылары  жергілікті жердегі биліктің айтқаны жүрмейтіні әркімге түсінікті еді. Яғни, Қ.Көшербаев әкім бола тұрып,  екі оттың ортасында қалды. Дегенмен, ереуілшілердің шеруі заңсыз дегенге салып, оларды қуып тастауға әкімшілік тарапынан күш салған жоқ. Қайта, үш жақты келіссөздерге шақырумен шапқылап жүрді. Одан бөлек, болып жатқан шетін жағдайды тікелей баяндау үшін Ақордаға бірнеше рет барыпты деген сөз де бар. Айтқыштардың дерегіне сенсек, ол Н.Назарбаевтың қабылдауына кіре алмай, сол кездегі президент әкімшілігінің жетекшісі А. Мусиннің алдынан кері қайтқан. 

Басқаша айтсақ, А. Мусин оны кіргізбей қойған. Осы сөздердің рас-өтірігін кейіпкеріміздің өзі толық ашқан жоқ. Бірақ, өткен жағдайларға көз жіберсек, Қ.Көшербаевтың келбеті ашыла түседі. Біріншіден, бала кезінен боксқа әуестеніп, жастайынан ұраншыл комсомол болса да(әлбетте, осы жолдан өткендердің көбі не мақтаншақ, не тыз етпе),  Қ. Көшербаев оңайшылықпен қызбалыққа салынбайтынын көрсетті. Мысалы, осы күнге дейін оның  ойланбай сөз айтып, тілін тістеп қалған кезі  жоқтың қасы. Екіншіден, ақ жарқын күлкілі дипломатиялық қарым-қатынаста, арқадан қағып тұрып, аяқтан шалатын саяси ойында сауысқандай сақ  көрінеді. Еліміздегі саяси-қаржылық топтардың бірде біріне Қ.Көшербаев мүше емес деген сөз көп айтылады. Және соңғы жиырма жылдағы саяси, қаржылық тартыстар арасында кейіпкеріміздің есімі көкпарға да түскен емес. Мүдделердің қақтығысында қақ-соққа ұрынбады. Яғни, ол бүгінгі саяси жүйеде өзін судағы балықтай сезінетін санаулы адамдардың бірі. Қ.Көшербаев та И. Тасмағамбетов немесе Қ. Тоқаев секілді президенттің өзімен ғана санасатын, ортадағы әлде кімдердің жұмсауына көнбейтін шенеуніктің бірі. Дегенмен, президентке адалдығын көпшілік алдында жариялы түрде дәлелдеуге келгенде Қ.Тоқаев секілді кітап жазып, И. Тасмағамбетов сияқты өзін өзі «президенттің өнімімін» деп айғақтаған емес. Оның президентке қатысты айтатын пікірі көпшілік қалпын бұзбай қайталайтын көп сөзден өзгешелігі жоқ. 

Өндірісті пен  өңірді, өнер мен мәдениетті, қазақи болмысты бір кісідей түсінетін Қырымбек Елеуұлы Ресейдің тамырын басып, елші  болған  адам. Аумалы, ауыспалы мына заматта ел басына осындай өмірлік қоры бар адамның келгені әрине, қазаққа тиімді. Дегенмен, ел аузындағы кейбір сөздерге қарағанда, Қ. Көшербаев Қызылордаға әкім болуды аттай қалап алыпты. Сондағы ойы, зейнеткерлікке шыққанша өзі туып өскен өңіріне бар жігерін салып, қолынан келгенше қызмет ету болса керек. Қалай десек те, бүгінгі көп шенеунікті арасында ел басқаруға лайықтың аз адамның ішінде осы Қырымбек Көшербаевтың есімі жиі аталады. Бірақ, бабы келісіп тұрған аймақтағы осы тұлғаны алтын тақтың айналасындағы астаналық топтар жақтыра ма? Бар мәселе осыда болса ғана керек...

Руслан Ербота

Атеизмді қолдаған мәжілісмен Жұматай Әлиевті не түлен түртті?
Шөкеевтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу