Депутаттар «ұйқыдан енді оянды»

Oinet.kz 16-06-2009 932

Screenshot_5.jpg

Бұған дейін «Рахатгейт» десе аузына құм құйылғандай күй кешіп келген парламент депутаттары тұңғыш рет Рахат Әлиевтің ісіне қатысты ашық пікір білдіре бастады. Бұған Австрияға қашып кеткен Әлиевтің «Өкіл қайын ата» атты кітабының жарық көруі  түрткі болғанға ұқсайды. Халық қалаулыларының мұнысын қалай болды деп тіпті сарапшылар да аң-таң. Себебі,  белгілі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық жасалған кезде де, «Нұрбанктің» топ-менеджерлері жоғалып кеткен кезде де парламент үнсіздік танытқан еді. Енді келіп...

Рахат Әлиевке алғашқылардың бірі болып тас лақтырған депутат – Кенжеғали Сағадиев. Осыдан бір айдай бұрын  өткен «Нұр Отан» партиясының жиынында Кенжекең Әлиевке қатысты мәлімдеме жасағанымен, оны ешкім елеген жоқ. Ал осы аптада депутаттарға кенет «тіл бітіп», жан-жақтан «Рахатгейтке» қатысты ашулы пікірлерестіле бастады. «әнді бірінші болып» Мұрат Әбенов бастады. Сыртқы істер министрі Марат Тәжинге жолдаған депутаттық сауалында ол былай депті: «Ауыр қылмыстық істер бйоынша айыпталған Қазақстанның азаматы Рахат Әлиевті экстрадициялауға қатысты Австрияның позициясына алаңдаушылық білдіремін. Еліміздің ресми органдарының бір емес, бірнеше рет сауал жолдағанына қарамастан, австриялықтар үнсіз қалып отыр. Сот Әлиевтің тұрлі қаржылық махинацияларға, рейдерлікке қатысы барын толық дәлелдеп, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Мұндай қылмыстар Еуропада аса ауыр қылмыс түрлеріне жатады. Яғни, бұл іске саяси сипаттама беру мүлдем ақылға қонбайды.  Әлиев Австрияның демократиясын өзінің демократиялық емес мақсаттарына пайдаланып отырғаны анық. СОңғы айларда Әлиев интернет пен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құйтырқы әрекеттерге барып, Қазақстанның демократиялық жетістіктеріне күйе жағуға көшті. Қолдан жасалған мәліметтерді пайдалана отырып, мемлекет басшылығына қарсы өсек-аяң таратуда. Қоғамда «Австрия - қылмыскерді жасыратын ел»  деген көзқарас қалыптаса бастады. Сондықтан, Әлиевтің экстрадициясына қатысты бізден нақтылы қадамдар күтуде».    

Қыз-қыз сөйлеген Әбеновтің бастамасын Виктор Рогалев қолдай түсті: «Австрияның қылмыскерлерді саяси босқын ретінде көрсетуге құмарлығы бұған дейін де байқалған. ОБСЕ, ПАСЕ секілді беделді  халықаралық ұйымдарға мүше еуропалық мемлекетке жараспайтын  тірлік бұл. Бұл жағдайда Сыртқы істер министрлігі нақтылы іс-әрекеттерге барып, дипломатиялық жолдар арқылы Рахат Әлиевтің экстрадициясы мәселесін тезірек шешуге кірісуі тиіс деп санаймын». 

Мәжілісмен Қайрат Сәдуақасовтың  қаһарына мініп,  ашуланғаны соншалық, Әлиевпен де шектелмей,  тіпті экс-премьер  Қажегелдиннің мәселесін де атап өтті. 

«Өз елінде ауыр қылмыстар үшін сотталған Қажегелдин мен Әлиев секілді қылмыскерлер неге сенетіні белгісіз. Сатқындарды ешкім де сыйламайды. Демократиялық мемлекеттер оларды өз мүддесі үшін пайдаланып жатыр. 

Менің еліміздің құқық қорғау органдары басышларына айтарым: қылмыскерлерді елімізге әкелудің барлық заңды мүмкіндіктерді  қолдану қажет.  Олар өз жазасын алуы тиіс. Бұл халықтың әділдікке, заң мен мемлекеттің күшіне сенімін нығайту үшін өте маңызды». 

Әлиевке қарсы күресте енді Парламенттің де араласуының мәні бар.  Депутаттардың халықтың атынан сөйлеп,  «Әлиевті елге  қайтару – бүкіл қазақстандықтардың қойып отырған талабы» деп  Еуропаға мінез көрсетсе, бәлкім, бұл да бір қосымша ұпай жинауға септігін тигізер деген дәме секілді.

Жәкішевке әйелі де жолыға алмай жүр
Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев «көтере алмас шоқпарды» «беліне байлап» жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу