Асхат Аймағамбетов: «Елімізде 1703 ғылым докторы, 4240 ғылым кандидаты бар»

Oinet.kz 04-05-2020 1708

Қазақстанда ғылым саласында тиімсіздіктер әлі де көп. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Білім министрі сұхбат барысында ғылым саласындағы ең негізгі мәселе - ғылыми қызметтің аз қаржыландырылуы екенін мәлімдеді. 

Screenshot_2.jpg

Фото Egemen.kz сайтынан алынды

- Ғылым саласындағы негізгі мәселелердің бірі – ғылыми қызметтің аз қаржыландырылуы. 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен ғылыми зерттеулерге бөлінген шығыстар көлемі Қазақстанда ЖІӨ-нің 0,12%-ын құраса, дәл осындай көрсеткіш Арменияда 0,3%, Украинада –0,5%, Беларусияда– 0,6%, Ресейде – 1,2%, ЭЫДҰ елдерінде – 4%, Оңтүстік Кореяда –5%-ды құрады.

Соңғы өткізілген гранттық жобалар конкурсына ғалымдардан 5 мың өтінім түскенмен, қаржыландырудың жеткіліксіз болуына байланысты 4 мың жоба кері қайтарылды. Қаржыландыруға іліккен жобалардың бюджеті де біршама қысқартылды, бұл өз кезегінде, жобалардың сапасы мен нәтижесіне әсер етпей қоймайды.

Сарапшылар, сондай-ақ, жүргізіліп отырған зерттеулердің көп ретте қолданбалық сипатының болмауына, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейінің төмендігіне, ғылыми кадрларды дайындап шығару саласындағы әкімшілендіру жүйесінің тиімсіздігіне назар аудартып отыр.

Біз қазақстандық ғылым саласының проблемалары мен одан әрі даму жолдарын шешуге бағытталған нақты шешімдер қабылдап, тиісті жұмысты қолға алдық. Мәселен, ғылым саласының бәсекеге қабілетті болуына, оның елдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инновацияларды енгізудегі рөлін арттыруға бағытталған жүйелі шараларды қамтитын Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзірледік. Өйткені жүргізілген зерттеулер көп ретте қолданбалық сипатының болмауын, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейінің төмендігін, ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің тиімсіздігін көрсетіп отыр, - дейді министр. 

Сонымен қатар, сұхбат барысында Асхат Аймағамбетов елімізде қанша ғалым бар екенін айтып өтті.

- Қазіргі уақытта елімізде 386 ғылыми ұйым бар. Онда шамамен 22 мың маман жұмыс істейді. Қызметкерлердің 33%-ында ғылыми дәреже бар, нақтырақ айтсам – 1703 ғылым докторы, 4240 ғылым кандидаты, 1045 Ph.D докторы мен өз саласы бойынша 317 доктор. Орта есепен алғанда, бұл 1 млн халыққа 930 ғалымнан келеді деген сөз. Салыстыратын болсақ, Қытайда бұл көрсеткіш – 1235-ке, Грузияда – 1340-қа, Болгарияда – 2130-ға, Ресейде – 2851-ге, ал АҚШ-та 4256-ға тең.

Динамикаға көз жүгіртсек, 1980 жылы бізде 37 390 ғалым, 1990 жылы 50 627 ғалым болған екен немесе 1 млн адамға 2 166 ғалымнан келген. Көріп отырғанымыздай, ғалымдарымыздың саны, осыдан 30-40 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, күрт азайған. Сәйкесінше, сала қызметкерлердің ғылыми дәрежеге ие болу көрсеткіші де төмендеген. Дегенмен, соңғы жылдары жас мамандардың ғылым саласына бет бұруы көңілге сенім ұялатады. Қазіргі ғылыми қызметкерлердің 34%-ын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды, - деді министр.

Келесі Сенат Төрағасы - Мәулен Әшімбаев па?
Дәурен Абаев министрлік креслосынан босатылып, ірі қызметке тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу