Оңтүстіктегі құрылыс басқармасының тізгіні енді кеденшіге тапсырылды

Oinet.kz 24-03-2019 1006

Screenshot_1.jpg

«Тұманбек Әлиев басқаратын саланы тұман басып бара ма?» «Рейтинг» газетінің жылжабар нөмірінде біз осындай тақырыппен  облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тұманбек Әлиев туралы мақала бергенбіз. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың  бастамасымен жарияланған «Тұрғын үй жылында» атқарылар жұмыстарға жауапкершілігі зор құрылыс басқармасының бастығы туралы алдағы уақытта кеңірек тоқталғымыз келген еді. Оның енді реті келе қоймайтын сияқты. Өйткені аталған басқарманың қызметкерлері жаңа жылдағы алғашқы жұмыс аптасын су жаңа бастықпен бастады. Тұманбек Әлиев басқа жұмысына ауысына байланысты берген арызына сәйкес (ресми ақпарат бойынша) қызметімен қош айтысты. 

 Тұманбек Әлиев құрылыс басқармасының бастығы болып былтыр сәуір айында тағайындалған еді. «Бастық құтаймайтын құрылыс басқармасы ғой, баяғы» десек те, оның тоғыз ай өтпей жатып жылы орнын суытуы, кадрлық өзгерістің облыс әкімі демалыста жүрген кезде жасалуының астарында әйтеуір, бір кілтипан бар сияқты. Өз еркімен бе, әлде мәжбүр болды ма? Өзінің қызметтік карьерасында ауыл әкімі, аудан әкімі, басқарманың бастығы болып, айы оңынан туып келе жатқан Тұманбек Әлиевке енді қандай кресло бұйырады? Ол жағы әзірге белгісіз. 

«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» деген осы шығар. Кезінде Тұманбек Әлиевтің мамандығы құрылыс саласына маңайламайтынын, құрылыста бір күнде де еңбек етпегенін жұртшылық қайта-қайта әңгіме етуші еді. Оның орнын басқан Еркебұлан Дауылбаевтың мамандығына қарасаңыз, Тұмекеңмен жылап көрескендейсіз. 

Сонымен танысыңыздар, су жаңа бастық Еркебұлан Дауылбаевтың жасы 35-ке енді толады. Негізі Еркебұлан Әбілханұлы бала күнінен кеденші болуды армандаса керек. Тоқсаныншы жылдардың орталарында мектеп бітірген түлектердің көпшілігі жол полицейі, не салықшы, не кеденші болуды армандаушы еді ғой. Еркебұлан Дауылбаев та сол арманның жетегінде өскен сияқты. Осы жасына дейін кеденшіге қажетті мамандықтың бәрін дерлік игерген: экономист, заңгер, кеден ісі. Жоғары оқу орнын бітірген бойда еңбек жолын кеден саласында бастаған. Облыстық кедендік бақылау басқармасында инспектор, аға инспектор, қылмыстармен және құқықбұзушылықпен күрес бөлімінің бас маманы, контрабандаға қарсы күрес басқармасында бөлім бастығы, аталған басқарма бастығының орынбасары болған. Дәм-тұз айдаса, екі аяқты пенде қайда бармайды дейсіз, Еркебұлан Дауылбаев 2010 жылы облыстық мемлекеттік сәует-құрылыс бақылау басқармасындағы лицензиялау бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Артынша қызметтік карьрерасында үлкен қадам жасап, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасарлығына жоғарылайды. Ал, 2012 жылдың сәуір айында, дәлірегі аталған басқармаға Тұманбек Әлиев бастық болып келген кезде өзінің үйреншікті орны--кедендік бақылау департаментіне қайта оралған. Күні кешеге дейін осы департаменттегі контрабандаға қарсы күрес басқармасының бастығы қызметін атқарған.   

Құрылыс басқармасындағы ауыс-түйістің көпшілік үшін тосындау болғаны рас. Не де болса, әліптің артын бағалық. Бәлкім, «Тұрғын үй жылында» құрылыс басқармасына қызметтік тәжірибесінде қылмысқа, контрабандаға қарсы күресіп үйренген Еркебұлан Дауылбаев сияқты қырағы басшы қажет болып тұрған шығар. Жаңа бастыққа табыс тілеп, қызметінің қызығын ұзағырақ көруін тілейміз! 

Әдетте жаңа жылды кім де болса жақсы ниетпен, жаңа бір серпіліспен бастайды емес пе?! Облыс әкімдігі жаңа жылды ауыс-түйіспен бастады. Әйтеуір, жылан жылы орнында қалт-құлт етіп әзер отырған шенеуніктерге қиындау тиіп кетпесе деңіз. Енді бірер күннен соң әкімдердің ел алдында есеп беруі, басқарма бастықтарының облыс әкімінің алдында «емтихан» тапсыруы басталады. 

Мұрағаттан: 10.01.2013

Қорғаныс министрінің жаңа орынбасары тағайындалды
Кентаудағы мектеп-интернаттың жағдайы сын көтермейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу