Қайрат Дәлбеков түркістандықтармен жылы қоштасты

Oinet.kz 04-02-2022 888

Бүгін Түркістан облысы полиция департаментін абыроймен басқарған Қайрат Дәлбеков Шымкент қаласы полиция департментінің бастығы болып тағайындалды. Осы орайда Қайрат Дәлбеков түркістандықтармен қоштасты. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.

2f0119eba6738f6e9d326e5e854ce403.jpg

"Құрметті Түркістан облысының тұрғындары, желі қолданушылары және жеке құрам! 

Киелі де қасиетті өңірдің өз киелілігі бар. Тұрғындар арасында «Түркістанға таяқ ұстап келгенге ат мінгізіп жібереді» деген сөз өте орынды айтылған. Өйткені 2018 жылдың күзінде облыс орталығы Түркістанға келіп қоныстандық. Қала дамып, жаңа ғимараттар бой түзеген сайын біз де ілесіп, жол апаты мен қылмысты азайту үшін қажетті орындарға бағдаршамдар қойдырып, бейнекамералармен жабдықтай бастадық. 

Бар мақсатымыз қылмысты азайтып, қаланы қауіпсіз ету! Бұл ретте штат саны жетіспесе де, жеке құрамның күндіз-түні атқарған еңбегінің арқасында алдымызға қойған мақсатымызға жетуге тырыстық. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысымыз қылмысы ең төмен аймақ қатарында. Сондықтан облыста бірге қызмет еткен, өзіндік орны бар әріптестеріме алғыс айтамын.

Облыс орталығына туристер көптеп тартылып жатқандықтан, заманауи  жобалар іске асырылып, туристік полиция, стационарлық бекеттер де салынды. Төрт жылдан асты қасиетті өлкеде қызмет атқарғаныма. Жақсы адамдармен кездестім, есеп беріп, тұрғындарды қабылдап кездескен сайын, алғыстарын жаудырып, ақ батасын бергендер де аз емес. 

Алланың қалауымен және Президентіміздің тікелей тапсырмасымен, Ішкі істер министрінің қолдауымен, еліміздегі департамент бастықтарының ауысып жатқаны сіздерге мәлім. Мен де осы өзгеріспен бірге шырайлы Шымкент шаһарына басшылық қызметке тағайындалдым. Міне сондықтанда киелі өңір мені жылы қабылдап, қайта келген орныма тағайындап жатыр. Бұл қасиетті топырақтың маған берген алғысы деп білемін. 

Алайда Сіздер қолдамасаңыздар, менің абыройым асқақтап, осындай орындарда отырмас едім. 2019 жылы болған Арыстағы алапат жарылыс, Мақтаарал өңірін су басу мен Түркістан қаласындағы 2 бірдей белгілі қонақ үйлердің өртенуі, кешегі жаппай тәртіпсіздік, қандай қиындық болса да  жұдырықтай жұмылып, басымызға түскен сынақтарды жеңе білдік. Сіздер мен біздер сабырлықтың соңы сый әкелетінін түсіндік. 

Ендеше Түркістан халқы, әрдайым мені қолдаушыларым - сіздерге басымды иіп алғыс айтатынымды жеткізгім келеді. Халыққа жанашыр полицейді қалыптастыру мен қылмыссыз қоғамды құру жолын алдағы уақытта да осы қарқынмен жалғастыра беретін боламын!" - деп жазды Қайрат Дәлбеков.

Жарақаттануға жол жоқ!
«Алматы қаласын әйел адам басқару керек» - Митингке шыққандар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу