Тоқаевтың сұхбатынан «Жаңа Қазақстанды» көре алмадық

Oinet.kz 18-02-2022 935

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбаты көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. 

Screenshot_1.jpg

Жасыратыны жоқ, сұхбат мұның алдында «Хабар» телеарнасындағы орыс тілінде берген сұхбатпен салыстырғанда солғындау. Журналист те, президент те қатып қалған сценарийден ауытқи алмаған сыңайлы. Президент кейбір сөздерді оқып тұрғандай әсер етті. Сұхбат тікелей эфирде жүргізілген жоқ. Оның эфирге дейін әбден монтаждалып, тіпті кейбір жерлерінің қайтадан түсірілген болуы да әбден мүмкін. 

Президентке өзекті емес, бұған дейін көп айтылған, цензурадан өткен сұрақтар қайталап қойылды. Осы жерде салыстырып көрсек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күш-қуаты бар кезде елменен тікелей телекөпір ұйымдастырды. Сұхбатты ол бірнеше ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап беретін. Ресей президенті Владимир Путиннің дәстүрлі баспасөз мәслихатымен салыстыру тіптен артық. Бұлардың қасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатының қарабайырлау шыққандығы  рас. Президенттің өзі айтқан «Жаңа Қазақстан» жоқ, жаңалық жоқ.  Мұны осы сұхбатты ұйымдастырудың басы-қасында жүрген оның баспасөз хатшысы Берік Уәлидің қарым-қабілетіне, шығармашылық күш-қуатына берілген баға деп қарау керек. 

Алайда Берік Уәли фейсбуктегі парақшасында президенттің сұхбатын жер-көкке сыйғызбай мақтап жатыр:

- Мемлекет басшысының кешегі сұхбаты көрермен қауымның зор қызығушылығын туғызғанын атап өткім келеді. Бұл еліміздің ақпарат кеңістігіндегі маңызды тақырыпқа айналып үлгерді деп айтуға болады. Оған әлемнің жетекші агенттіктері белсенді түрде сілтеме жасауда. Қасым-Жомарт Кемелұлы қатты суық тигізіп алғанына қарамастан, берген уәдесінде тұрды. Президент отандастарымыздың аталған мәселеге ерекше алаңдап отырғанын ескеріп, ұлттық телеарнаның тілшісіне беретін сұхбатын кейінге шегермеді,-деп жазған баспасөз хатшысы.

Мырзахметов те қызметінен кетті
Көшіп кеткендер де, өлгендер де көбейген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу