Әйелдердің зейнетке неше жаста шыққаны дұрыс?

Oinet.kz 08-04-2022 1975

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне жүгінсек, осы күні елімізде (1 наурыздағы жағдай бойынша)  2 млн 246 мың  зейнеткер бар. Олардың орташа зейнетақысы биыл 105 538  теңгені құрап отыр. Бұл – бөлек әңгіме. Айтпағымыз, қоғам тарапынан жиі көтерілетін мәселе –  әйелдердің зейнет жасын төмендету. Шындығында, Қазақстан зейнеткерлерді  жасартуға мұқтаж ба?

Screenshot_5.jpg

Әйелдердің зейнет жасын ұзарту қоғамда дау туғызғаны жасырын емес. Бұл мәселе әлі де әлсін-әлсін көтеріліп келеді. Көптің талап-тілегі – зейнет жасын, керісінше, төмендету.

Қазақстанда зейнетақы реформасы 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Содан бері елімізде әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайту қолға алынды. Жыл сайын алты ай қосылады. Биылғы жылы 60 жасқа толған әйелдер зейнетке шығады. Егер туған күні екінші жартыжылдықта болса, онда әйел желтоқсан айына дейін жұмыс істейді, сәйкесінше 60,5 жыл зейнетке шығады.  2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады.

Қазақстандық әйелдердің көпшілігі мұндай өсімді қатты сынап, онсыз да әйел адамға  мұндай жаста жұмыс істеу қиын әрі елдегі  әлеуметтік-экономикалық ахуал Еуропамен салыстыруға келмейді деп есептейді. Шыны керек, халық бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында көтерер деген үмітте болды. Алайда мемлекет басшысы бұл туралы жақ ашпады. 

Мамандардың айтуынша қазір бүкіл әлемде әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту процесі жүріп жатыр. Себебі халықтың тұрмысы жақсарып, тиісінше адамның өмір сүру ұзақтығы артып келеді. БҰҰ болжамдары бойынша, елімізде 2050 жылға қарай еңбекке қабілетті халыққа жүктеме екі есе артады (зейнеткерлер саны 3 млн-нан астам адамға жетеді).

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлемдегі дамыған елдердің халқының өмір сүру жасының ұзаруына орай, зейнеткерлік жасын да көтеріп отыруы қалыпты жайтқа айналған. Мәселен, Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ-та 2060 жылдары зейнетке шығу жасын әйелдер үшін де, ерлер үшін де 70 жасқа жоғарылату көзделіп отыр. Демек, бұл халықтың өмір сүру жасының ұзаруына орай жасалып отыратын үрдіс деуге болады. Осы орайда біздің елімізде де соңғы он жыл көлемінде еліміздегі тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді.

Бүгінгі таңдағы біздің еліміздегі экономикалық өзгерістер мен халықтың өмір сүру жасын ескере отырып, жасалған зейнетақы жүйесіндегі өзгерісті мәжбүрліктен гөрі, уақыт талабы деп қабылдау керек дейді  мамандар. Алдағы уақытта әйелдердің зейнеткерлік жасының ұлғаюына орай, демографиялық ахуалдың жақсаруы, өмір сүру деңгейінің артуы, жинақтаушы жүйенің зейнетақылық қамтамасыз етудегі үлесінің көбеюі секілді оң өзгерістер орын алады деп күтілуде.

ТМД елдері ішінде ең төменгі зейнет жасы Өзбекстанда екен. Көрші елде 25 жыл еңбек өтілі бар ерлер 60 жаста, ал әйелдер 20 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыға алады. Әзірбайжанда ерлер 65, нәзік жандылар болса 62 жасында зейнетке шығады.  Зейнетке кеш шығатындар – Армения азаматтары. Ол жақта ерлер 65 жастан, ал әйелдер 63 жастан зейнетақы ала бастайды. Бірақ барлығының еңбек өтілі  25 жылдан кем болмауы қажет. Көрші Ресейде зейнет жасы ерлер үшін  65, әйелдер үшін  60 жасты құрайды. Ал Германияда ерлер мен әйелдерде зейнет жасы бірдей – 67 жас. Америкада ерлер – 67, әйелдер 65 жасқа жеткенде зейнетке шығады. Бір қызығы, АҚШ-та зейнет жасына жеткендердің 30 пайызы еңбек етіп, жұмыс істеуін жалғастыра береді екен.

Десе де Қазақстанда кейбір азаматтарға құрметті демалысқа ерте шығу мүмкіндігі берілген. Олар: бес және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас; Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған қазақстандықтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.

Әйелдер құрметті демалысқа қай жаста шыққаны дұрыс? Осы сұрақты  біз бірқатар нәзік жандыларға қойып көрген болатынбыз.

Screenshot_2.jpg

Роза ӘБІЛОВА, Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты:

Халықпен санасса, заң шикі болмас еді

-Біздегі заңдар қоғамның әр санатына тиімді болуы керек. Әйелдердің зейнетке шығу жасының 63-ке дейін ұзаруы кейбір мамандық иелеріне ауыртпалығын салуда. Физикалық күш түсетін жұмыста істейтін нәзік жандыларға әрине қиын. Сахнада алпыстан асқан балеринаның билеп жүргенін көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Ал мемлекеттік қызметте жүрген, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген  әйелдер зейнет демалысына ерте шыққылары келмейді. Денсаулығы жарап тұрса әрі қарай жұмыс істегенді қалайды. Сондықтан әйелдердің зейнетке шығу жасын бәріне бірдей 63 деп бекітпей жұмысына, мамандығына қарай ыңғайлап қысқартқан жөн. Қай мамандық иесіне қай жас дұрыс деп алдын ала зерттеп, халықтың пікірімен санасса заңда шикілік болмайды. 

Өз басым 63 жаста зейнетке шыққанға қарсы емеспін. Есептеуім бойынша мен 62 жаста зейнетке шығамын. Алайда үйде отырғанды қаламаймын. Жұмысымды жалғастыра беремін деп ойлаймын. Себебі қазір менің нағыз қоғамдық жұмыстарға араласып, елге пайдамды тигізетін шағым деп есептеймін. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Енді белсене жұмыс істеу керек. 

Screenshot_3.jpg

Жанна КАЙКЕНОВА, "Kazbrands" Қоғамдық Қорының президенті, қоғам қайраткері: 

Ер мен әйелді теңестіруге болмайды

- Қазақ халқының менталитетінде отбасының негізгі асыраушысы ол  - ер адам. Ал әйел ошақ қасында бала тәрбиесімен айналысуы керек. Себебі бала тәрбиесі – бәрінен де биік тұруы тиіс. Бесіктен басталған дұрыс тәрбие елімізге ертеңгі білімді, патриот азаматтарды сыйлайды. Алайда қазіргі заманның ағымына қарай нәзік жандылардың да нәпақа тауып, жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналды. Алайда мына бір жағдайды ескерген дұрыс. Ер мен әйелді физикалық  тұрғыдан теңестіруге болмайды. Қандай мамандық иесі болсын, қандай жұмыс істесін мейлі нәзік жандылар бәрібір физикалық жағынан әлсіз болып келеді. 50 жастан кейін әйел адамның денсаулығы қалайда сыр бере бастайды. Ал орта жаста жұмысынан айырылған келіншектердің қайта жұмысқа орналасуы өте қиын. Әрі жұмыс істейтін әйелге ерлерге қарағанда екі есе күш түсетінін ұмытпайық. Жұмыстан кейін аналар үйдің шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысады. Бір сөзбен айтқанда жұмысбасты қыз-келіншектер отбасына жеткілікті көңіл бөле алмай жатады. Сондықтан әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіргеніне мен қарсымын. 

Заңды шығарушылар мұны өзге елдерде де зейнет жасының ұлғаюымен түсіндіріп әлек. Сондай-ақ әлем бойынша зейнет жасындағы адамдардың саны артуда. Бұл мемлекеттің бюджетіне салмақ түсіруде екен. Қалай десек те, бұл жерде әйелдердің денсаулығын, әлеуметтік жағдайын бірінші орынға қою керек деп ойлаймын. 

Депутаттар әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді қайта-қайта көтеріп жатқанымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл сұрақ әзірге қарастырылмайтынын кесіп айтты. 

Screenshot_4.jpg

Қаракөз АЙДАШ, "Sultan magazine" журналының бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі»:

Денсаулық жарап  тұрса зейнетке шығуға асықпаған жөн

- Әйелдердің 63 жасында зейнетке шыққанын қолдаймын. Алайда кейбір мамандық иелеріне жеңілдіктер қарастыру керек. Айталық  өндіріс орындары, денсаулыққа зияны басым зауыт-фабрикаларда, шахтада, әскери қызметте  жүрген т.б ауыр салада қызмет атқаратын әйелдерді зейнетке ертерек жіберген жөн секілді. Ал мемлекеттік қызметте, кеңседе отыратын немесе өнер саласында жүрген нәзік жандылардың алпыстан асқанша жұмыс істегенінде тұрған еш әбестік жоқ деп есептеймін. 

Жалпы көптеген әйелдер зейнетке шыққасын өз-өзін тастап жібереді. Үйде немере бағып, қоғамдағы қызықтардан қалыс қалып жатады. Бір сөзбен айтқанда үйде отырып-ақ шаршап жүреді. Байқағаным әйелдердің басым бөлігі зейнетке шығуға асығады. Себебі санасына «Мен шаршадым», «Денсаулығым жарамайды» деген секілді негативті ойларды сіңіріп тастайды. 

Меніңше, егер әйелдің денсаулығы жарап тұрса зейнетке шығуға асықпағаны жөн. Зейнетке шыққанның өзінде қалған уақытын өз-өзін әрі қарай дамытуға, денсаулығын жақсартуға, пайдалы өзі ұнататын іспен айналысса екен деймін. Өмір бойы жұмыс істегесін  демалысқа шыққанда неге ел көріп, жер танып саяхаттап келмеске?! 

"Рейтинг" газеті, сәуір, 2022 ж

Путин Жириновскийді О дүниеге шығарып салды (видео)
Головкин жеңіске жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу