Ішкі істер вице-министрі өзін-өзі өртеген әйелге қатысты пікір білдірді

Oinet.kz 13-04-2022 2962

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қаржы пирамидасы үшін өзін-өзі өртеп жіберген әйелдің оқиғасына қатысты пікір білдірді.

Screenshot_17.jpg

11 сәуірде елордадағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында Mudabarah Capital қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел өз-өзін өртеп жіберді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді және ауруханаға жатқызылды.

"Құқықбұзушылардың іс-әрекетінен шығынға ұшыраған адамдар түрлі психо-физиологиялық қысымға түседі. Кейбірі бұған шыдай алмайды. Осылайша жәбірленушілердің бірі, менің ойымша, тергеу органдарына қысым көрсету мақсатында осы қадамға барды. Отты сөндіріп үлгерді, қазір ол ауруханада жатыр және өміріне еш қауіп жоқ. Мендегі бар ақпарат осы", - деді Марат Қожаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Аталған қылмыстық іс бойынша, 14 адам жауапқа тартылған, олардың алтауы қамауда отыр. Тергеу жұмыстары аяқталуға жақын.

"Бірнеше адам үйқамақта отыр. Екі адам кепілмен және бірнешеуі – ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Мұндай бұлтартпау шараларының жазалау еместігін түсіну керек. Ол әр адамға жеке тағайындалады, тек адам жасырынып қалмауы үшін, жаңа қылмыс жасамауы үшін және басқа адамдарды тергеуге кедергі келтіруге үгіттемеуі үшін жасалады. Бұл әлі жаза емес. Алайда, осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер кімнің қамауда, кімге бұлтартпау шаралары қолданылуы керектігін шешіп қойған. Өкінішке қарай, осындай эмоциялар байқалады, бірақ біз бұл шараларды заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек", - дейді Қожаев.

Білім министрі: Қазақстанда 22 мыңнан аса ғалым бар
Президенттің баспасөз хатшысы тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу