Тоқаевтан екінші Назарбаев жасаудың қажеті жоқ

Oinet.kz 23-06-2022

Өткен аптада Петерборда өткен халықаралық экономикалық форумда Тоқаевтың Донецк пен Луганск республикаларына қатысты айтқан сөзін бүкіл халық қолдап жатыр. Жоқ, бұл қолдаудан гөрі қолпаштауға жақынырақ болып кетті. Тоқаевтан екінші Елбасы жасау дәуірі басталып кетті. Қазіргі қазақ қоғамы  күні кеше ғана авторитарлық режимнен шыққан елге ұқсамайды. Сіз қалай ойлайсыз? 

Screenshot_2.jpg

Шыны керек, форумда Тоқаевтың Луганск пен Донецкке қатысты басқашалау сөз айтуы мүмкін емес еді. Ол бүкіл әлем айтып отырған сөзді қайталап берді. Рас, біздің президент Путиннің қасында отырып, жүзің бар, бетің бар деместен айтып салды.  

Алдымен осы форумда Тоқаевқа қойылған сұраққа, президенттің берген жауабына кеңірек тоқталсақ. Журналист Маргарита Симоньян Тоқаевтан Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясына" қатысты Қазақстанның және өзінің жеке пікірін сұрады. Тоқаев бұл сауалды айналып өтті. Ол «арнайы операция» деген сөзді де, «соғыс» деген сөзді де аузына алған жоқ.  

"Бізді бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады... Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 немесе 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз" деді Тоқаев. Осыменен бәрі тәмам. Журналист бұл мәселені одан әрі қазбаламады.  

Соныменен Тоқаев арнайы операцияға қатысты сұрақты айналып өтіп, Луганс пен Донецкіге барып неге ұрынды? Қазақстанның сыртқы істер министрлігі (одан әрі Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлйеменовтың сөзін еске түсіріңіз) Қырымға қатысты ұстанымын жариялап қойған. Қырымды мойындамаған Қазақстанның Донецк пен Луганскіні мойындайды деп кім айтты сізге? 

Тоқаевтың осы мәлімдемесінде түсініксіздік те бар. Азаттыққа, мемлекеттіке ұмтылу әр халықтың қанында бар қасиет. 250-300 жыл бойы азаттыққа ұмтылған қазақ халқы 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін алды. Маңдайымызға өз алдына толыққанды мемлекет болу бақыты жазылғанына тәубе дейміз. Ал енді қараңыз, Тоқаевтың жоғарыдағы тұжырымына сенсек, біз сол 1991 жылы КРСО ыдырған кезде әлемдегі мемлекеттер көбейіп, жаппай хаос болып кетпесін деп, Ресейдің құрамында қала беруіміз керек пе еді?!   Сонда Тоқаевтың мұнысы «есегі судан өтіп кеткен» адамның сөзі болып шықпай ма? Қазір әлемде өзге елдің бодандығында отырған түркі халықтары аз ба?  Неге солардың тілеуін тілемейміз?!

Тоқаевтың Петербордағы сөздерін жағымпаздар жер-көккке сыйғызбай мақтап жатыр. Ал, бұрынғы дипломат Қазыбек Бейсебаев «Азаттық» берген сұхбатында Тоқаевтың сөзінде ешқандай да батырлық жоқ дейді. 

-Ол тек Қазақстанынң ресми позициясын білдірді. Жаңа ештеңе айтқан жоқ. Бұған дейін бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаған. Қазір көпшілік «Жарайсың, Путиннің қасында отырып, қорықпастан айтып салды» деп жатыр. Ол неге Путиннен қорқуы керек?- деген дипломаттың ойынша, егер Тоқаев Луганск пен Донецк республикаларын мойындайтынын айтқанда, онда Қазақстан да санкциялардың қамытын киер еді. Ал Қазақстанның санкцияларды еңсеруге шамасы жетпейді. 

Ал енді Тоқаевтың мәлімдемесін  Луганск пен Донецк қалай қабылдады?  Мойындалмаған Луганск республикасының Сыртық істер министрі Владислав Дейнего: 

-Бұл әрине, позиция, кез-келген мемлекеттің мұндай позиция ұстануына құқығы бар. Бірақ шынайы ақиқатқа көз жұмып қарау, әлемдегі өзгеріп жатқан тәртіптен тығылып қалу мүмкін емес,-депті министр.

Ал Донецк ресапубликсының басшысы Денис Пушилин Тоқаевтың сөзіне «переживем» деген бір ауыз сөзбен жауап қатыпты. 

Премьер-Министрдің орынбасары Назарбаевты қорғап қалды
Азат Перуашев Назарбаевты қатаң сынға алды


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×