Сайлаудан сайлауға дейін. Тоқаевтың елге берген уәделері қаншалықты орындалды?

Oinet.kz 27-10-2022 1322

«Азаттық радиосы» Президенттік сайлауға бірінші болып тіркелген және осы жолғы доданың даусыз фавориті саналатын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен сайлаудағы бағдарламаларын, оның халыққа берген уәделерінің орындалуын сараптап шықты. 

Screenshot_1.jpg

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауына түскенде "Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" деген үш бөлімнен тұратын сайлауалды бағдарламасында 170-тен аса міндет тізіп шыққан. 

Тоқаев бағдарламада "Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз" деген болатын. Оның басым бөлігі орындалған. "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды

Ал  дәрігерлердің мәртебесі туралы жеке заң жобасы ұсынылған жоқ. Оның есесіне "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс қабылданды. Бұл кодексте медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі туралы жазылған тарау бар. 

Өзінің бағдарламасында Қасым-Жомарт Кемелұлы  "2022 жылға дейін еліміздегі барлық апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешеміз" деген. Бұл міндеттеме орындалмаған. Қазақстанда үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешілмеді. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазір елде үш ауысымда оқитын 147 мектеп және апатты жағдайда тұрған 33 мектеп бар.

"2023 жылға дейін еліміздің барлық өңіріндегі студенттік жатақханалар санын үш есеге көбейтіп, жеке инвестицияларды жатақхана салуға ынталандырамыз" деген уәде де аяқсыз қалған. 

Елде жыл сайын қыркүйекке таман студенттерге жатақхана жетпей жатады. Бұл мәселе биыл да қоғамда көп талқыланды. Билік 2018 жылы жатақханалар салу жұмысын бастап, 2021 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана саламыз деген. Алайда  "Аманат" партиясының мәліметінше, 2018-2022 жыл арасында 40 мың орындық жатақхана бой көтерген. Ал ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 16 тамыздағы үкімет отырысында биылғы оқу жылында 89 мың студент жатақханаға мұқтаж деп мәлімдеген.  Енді  бірнеше айда 100 мыңға жуық адамды жатақханамен қамту мүмкін емес.

"Орталық Қазақстанды "Сарыарқа" жобасы арқылы газдандырып, магистральді бөлігінің құрылысын 2019 жылы аяқтаймыз" деген уәде орындалса, "Түрлі салалардағы отандық тауар өндірісі мен қызметін ынталандырып, қарапайым заттар экономикасын дамытамыз; Сыртқы нарыққа қазақстандық тауарлар мен қызметтерді белсенді түрде шығаратын боламыз" деген жоспар іске аспаған.

"Жастар – ел тірегі" арнайы әлеуметтік жобасы іске қосылды. 180 мемлекеттік колледжді жаңғыртып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар дайындауда заманауи оқыту бағдарламасын енгіземіз" деген  уәде жартылай орындалса,  "Шағын және орта бизнес нысандарынан алынатын корпоративті табыс салығы республикалық бюджеттен алынып, өңірлерге беріледі, осылайша өңірлердің бюджеттік базасы ұлғайтылады" деген міндеттеме іске асқан.

 Іске аспай қалғандардың қатарында "2021 жылға қарай көлеңкелі экономика деңгейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері деңгейіне, яғни 15-17 пайызға дейін төмендету" деген уәде де бар.  «Азаттықтың» журналистері Президенттің "Менің міндетім – әр отандасымыздың жеке табысқа жетуіне және өзінің әл-ауқатын арттыруына жаңа мүмкіндіктер туғызу" деген сайлауалды уәдесінің қаншалықты орындалғанын сараптауды  оқырманның өзіне қалдырыпты. 

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталысымен Оқу-ағарту министрлігі Тоқаевтың 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында апатты мектептер мен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасына қатысты мәліметтерді жария етіпті (шамасы арнайы тапсырмамен болса керек). Оған қарағанда  Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет соңғы үш жылда жаңадан 592 мектеп ашылып, қолданысқа берілді. Оның ішінде 314 мектеп мемлекеттік бюджет есебінен салынса, 278 мектеп жекеменшік инвесторлар есебінен бой көтерген. Бірақ министрлік үш ауысым мен апатты мектептердің мәселесінің әлі толық шешілмегеніне қатысты  ләм-мим демейді. 

Шойгу өтірік айтады
Қырғызстан президенті Қазақстанға ұшып шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу