Шымкентте "комиссар Каттани" қайта жарыққа шықты

Oinet.kz 08-02-2023 697

Жуырда Шымкент қаласының Әділет департаментінде «Шымкент қаласы ардагерлерінің бірлестігі» деп аталатын қоғамдық ұйым тіркелді. Яғни, үшінші мегаполисте Шымкент қаласы Ардагерлер кеңесінен бөлек тағы бір адагерлер ұйымы іске кірісті деген сөз. 

Screenshot_6.jpg

Бұл нені білдіреді? Кейінгі жастардың ақылшысы болады деген ардагерлердің ішіне жік түскенін бе? Бұл үй ішінен үй тігу емес пе? Жалпы мұны көпшілік қалай қабылдайды? Біз осы жөнінде жоғарыда аталған жаңа ардагерлер ұйымының жетекшісі Жолдасбек Күздеубаевқа хабарласқан едік. 

Айта кетейік, Жолдасбек Күздеубаев жалпы көпшілікке таныс. Уақтысында «Қазақ тілі» ұйымына жетекшілік еткен. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы және басқа да лауазымды жұмыстарды атқарған. Қызмет еткен жылдары өзінің батыл пікірлерімен, бастамаларымен көзге түскен, сол үшін бір кездері ақпарат құралдарында «комиссар Каттани» атанған азамат. 

Screenshot_4.jpg 

Жолдасбек Күздеубаев, «Шымкент қаласы ардагерлерінің бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: 

Биліктің айтқанын орындап отыратын кеңес  керек пе?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазіргі қоғам ашық болуы керек. Шымкент миллион тұрғыны бар қала болғандықтан, мегаполисте ардагерлердің саны аз емес.   Ардагерлер бірлестігін ашсақ деген әңгіме біраздан бері айтылып жүрген. Жаңа жылдан кейін біраз азамат жиналып, бірлестікті құру жөнінде нақты шешім қабылдадық. Төрағалыққа мені сайлады. Енді әлеуметтік желіден парақшаларымызды, мессенджерден арнайы чат ашып, жұмысымызды бастап жатырмыз. 

Бірлестіктің мақсаты- ардагерлеріміздің мүддесін қорғау. Олардың еркі, пікірі қоғамның барлық саласында көрінуі тиіс. Мәселен, зейнетақыға қатысты, тұрмыстық мәселелерді тиісті мемлекеттік органдардың алдына қоямыз. Басқа қоғамдық ұйымдармен әріптестік орнатамыз. Біздің міндетіміз ардагерлердің жұмысын жандандыру, келешек ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Айталық қазір сайлауға қатысты ұсыныстар білдірдік. Сайлауда биліктің ешқандай партияға бүйрегі бұрмауы керек. Барлық мәселеде адалдық, тазалық, әділдік қағидалары басшылыққа алынуы тиіс. Жасыратыны жоқ, өздеріңіз де көріп жүрген шығарсыздар, бізде ауылдарда, аудандарда, қалада Ардагерлер кеңестері бар. Оларға айтылатын сын да бар. Биліктің айтқанын орындап отыратын кеңес  керек пе? Жаңа келген, жұмысына әлі кіріспеген әкімнің алдынан жүгіріп шығып, мақтау айтатын «кезекші» ақсақалдар көбейді. Ал мына жақта көптеген ардагерлер қоғамдық жұмыстардан шет қалып жатыр. Жалпы халықтың санасын оятатын кез келді. 

- Бір өңірде екі бірдей ардагерлер ұйымының жұмыс істеп жатқанын көпшілік қалай қабылдайды. «Ардагерлер арасында пікірқайшылықтар бар ма?» деген сұрақ туады. 

- Ондай сұрақ тумауы тиіс. Шымкентте бізден басқа да ардагерлер ұйымдары жұмыс істеп жатыр. Мәселен Қарулы күштер қызметкерлерінің құрған ардагерлер ұйымы бар. Қоғамдық ұйымдар құрыла береді, өздерінің жарғысына сәйкес жұмыс жүргізеді. Олардың бәрімен бірге жұмыс істеуге әзірміз.  Мақсатымыз-елдің бірлігін ойлау, жастарға дұрыс бағыт беру. Әкімдерге, билікке жағымпазданбау. Бұл ұйымға қоғамның барлық саласының қызмет еткен азаматтар атсалысып жатыр. Араларында уақтысында аудан әкімі, тіпті облыс әкімі, департамент басшысы болған, шығармашылық саланың өкілдері де бар.

Біз  осыған қатысты Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаевтің пікірін білуді де ұмытқан жоқпыз. Төраға мегаполисте тағы бір ардагерлер ұйымының құрылып, іске кірісіп жатқанынан хабарсыз болып шықты. 

Screenshot_5.jpg

Кенжехан Төлебаев, Шымкент қаласы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы: 

Олар  оппозиция болмақшы ма?

- Қазір бізде демократия ғой. Ұйым құруға ешкім тыйым сала алмайды. Қоғамға пайдасы тисе, құрылсын, жұмыс істей берсін. Мен жаңа ұйым ел үшін пайдалы тірліктермен айналысады деп ойлаймын. 

- Ардагерлер кеңестері тек әкімдіктің сөзін сөйлейді деген пікірлер де айтылып жатыр. 

- Бұл жаңсақ пікір. Сонда олар әкімдікке оппозиция болмақшы ма? Егер әкімдік халықтың қамы үшін жұмыс істесе, оған неге қарсы болу керек?! Қайта ардагерлер әкімдікке жәрдем беруі қажет. Кейінгі жастарға жол, бағыт-бағдар беруге тиіспіз. Айтыс-тартыс ардагерлерге жарасатын қылық емес. Біз елді тыныштыққа, ауызбіршілікке шақыруымыз керек. Жолдасбек Күздеубаевты білемін. Оған айтарым,  халықтың мүддесі үшін бірлесіп жұмыс істейік. Бәрібір бізге ешкім айлық төлеп жатқан жоқ. Бәрі қоғамдық жұмыс, бәрі осы елдің қамы үшін.  

P.S. Шымкентте ардагерлердің мәселесімен айналысатын  екі ұйымның жұмыс істеуі расында да демократияның көрінісі ме? Бұған сіз не айтасыз? 

Билік Назарбаевты қыса бастады
Қазақстанда орташа жалақы 338 мың теңгеден асты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу