Түрлі-түсті революциялар қалай жасалады?

Oinet.kz 10-07-2019 4816

Screenshot_6.jpg

         Бұл зерттеуімізге «тоқсанның толғағы» – қалыптасып келе жатқан Молдованың жаңа майданы, Кремльдің түрлі-түсті революциялардың Ресей ұлттық қауіпсіздігіне төндіріп отырған қауіп-қатері жайлы маңызды мәлімдемесі, бірқатар елдердің шет мемлекеттерден көмек алатын қоғамдық ұйымдарға тыйым салуы, сондай-ақ түрлі-түсті революциялар тұжырымдамасы мен тәжрибесінің  атақты авторы Джин Шарптың өткен аптада 88 жасқа толуы түрткі болды.

         Әлем елдерінде АҚШ-тың демеуімен өткен революциялар гүлдер мен ( қызғалдақ, раушан гүл, ақтамақ гүл) түрлі түстердің – қызғылт сары, ақ, қоңыр, қара) атымен аталуында қасыретті романтика бар: бұл төңкерістердің кесірінен талай елдің қалыпты өмірі бұзылып, миллиондаған адам қаза тапты немесе бас сауғалап, алыс елдерге аттанды. 

АҚШ – революциялардың қозғаушы күші  

Түрлі-түсті революциялар концепциясын зерттеушілердің жазуынша, бүгінгінің лениндері мен большевиктерін Белградта – Күштеусіз әрекеттер мен стратегиялар Орталығы (CANVAS) атты мекемеде дайындайды. Бұл мекеменің рухани әкесі – бүгінде 88 жасқа келсе де белсенділігін жоғалтпаған, түрлі-түсті революциялардың авторы, саяси технолог, билік табиғатының атақты зерттеушісі Джин Шарп болып табылады. Ал атқарушы директоры – Сербияның түбіне жеткен революционер Срджа Попович. Попович «өз идеялары мен тәжірибесін диктаторлардың қорлығынан құтылуға бел байлаған азаматтық белсенділерімен бөлісуді өзінің миссиясы» деп санайды.

Бұл Орталықты АҚШ-тың «Демократияның ұлттық қоры, Фридом Хаус (Азаттық үйі), Мемлекеттік департамент және де басқа Американың азаматтық институттарды дамытуды мақсат еткен ұйымдары қаржыландырады. Орталықта болашақ революционерлер Джин Шарптың «Диктатурадан – демократияға» деген еңбегі мен осы ақсақалдың шәкірті, АҚШ елшіліктері әскери атташелерінің ұстазы, полковник Роберт Хельвидің «Зорлықсыз қақтығыстар стратегиясының негіздері» атты кітабы бойынша дайындықтан өтеді.

          Белгілі саясаттанушы Альфредо Макки «Түрлі-түсті революциялар: араб көктемінің артында кім тұр?» атты еңбегінде Тунис, Ливия, Йемен, Алжир, Сирия, Бахрейн, Иордания және Египетте болған революциялар негізінен АҚШ-тың «Демократияның ұлттық қоры» ұйымы арқылы  қаржыландырылғанын жазған. Теуелсіз басылымдар Украина майданына Америка 5 миллиард доллар қаржы жұмсағаны және 20 мыңнан астам белсенділерді АҚШ-та режимге қарсы күресу бойынша жаттығулардан өткізілгені жайлы жазып келеді. Ресей президенті Путин «үлкен еуропалық елді (Украина) сыртқы күштердің басқаруы – масқара оқиға, ұлт намысының тапталуы» деді. Бүгінде «ар-намыс революциясы» деп атала басталған 2-ші Киев төңкерісінің Қырымнан айырылумен басталып, азаматтық соғысқа ұласқаны ел тұрғындарын қуанышқа бөлей қоймағаны анық.

         Түрлі түсті революцияларды жүзеге асыру механизмі қандай?

         Бірінші – оппозиция американдық БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен ел тұрғындарына ықпал етіп, ағымдағы билікті құлатуға барын салады. Екінші – электоралдық кезеңде (президенттік немесе парламенттік сайлаулар кезінде) оппозиция  наразылық білдіру арқылы елдегі тұрақсыздықты бұзуға әрекет етіледі. Үшінші – тобыр (орташа – 50 мыңнан 100 мыңға дейін) батыстық БАҚ-тың тілімен айтқанда, халық «узурпатордың» (билікті заңсыз иемденген тұлғаның) отставкаға кетуін талап етеді. Төртінші – АҚШ әкімшілігі мен Мемлекеттік департаменті (сыртқы істер министрлігі) «сайлау нәтижелерінің  әдейі бұрмаланғаны» жайлы мәлімдеме жасап, «демократия үшін күрескендерді» қолдап, мемлекет басшысын отсавкаға кетуге шақырады. Бесінші – ағылшын-американ телеканалдары мен ақпараттық агенттіктері билікке қысымды күшейте түседі. Көбіне мұндай жағдайда билік отставкаға кетуге немесе сайлаудың жаңа датасын жариялауға мәжбүр болады. Соңғысы – Америка «демократия жеңісін»  жариялап, жаңа режимді қолдап, өзінің «иілгіш күшін» (мягкая сила) американшыл биліктің легитимділігіне айналдырады. Түрлі-түсті революциялар жеңіске жеткен елдердегі сценарий осы бағытта өрбігеніне куә болып келеміз. 

         Оппозицияның мақсаты – билікке жету

         Теориялық тұрғыдан алғанда оппозиция – билік жүйесі қызметінде көрініс таппаған мүдделер мен құндылықтарды білдіруді мақсат етеді. Оппозиция халықтың наразылық  белсенділігін білдіріп, оны топтастырады, биліктің әрекетіне қарсы тұратын немесе оны ретке келтіретін талаптарды тұжырымдайды. Үкіметтің мақсаттары мен құндылықтарына қатынасы бойынша үкіметтік бағыттағы, бейтарап және келісімге келмейтін оппозиция болады. Саяси күш ретіндегі оппозицияның стратегиялық міндеті – саяси билікке жету. Саяси қызметі экстремистік сипатта болатын оппозиция билік үшін саяси күресте қарлысаласын жойып жіберуге дейін баратын төтенше шаралар мен зорлық әдістерін ұстанып, мемлекет пен қоғамның дамуына кері әсер етуі мүмкін. Осы сипаттағы оппозиция – үшінші, яғни сыртқы күштер (бірінші кезекте Америка) үшін қажетті институт.

Легитимдік синдромы    

Оппозицияның негізгі қаузайтын мәселесі – биліктің легитимділік мәселесі.  Легитимділік (латын тілінен - заңдылық, шындық) дегеніміз халықтың үстемдік етіп отырған саяси билікті мойындауы, оның заңдылығы мен шешімдерін растауы. Демократия жағдайында мемлекеттік билік легитимді болу үшін мынандай екі шарт қажет: бірінші билік халықтың қалауы бойынша қалыптасуы және көпшіліктің еркіне қарай орындалуы керек, яғни, мемлекеттік биліктің иесін тура немесе жанама түрде белгілі бір мезгілге халық сайлауы керек және оның жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік болуы тиіс. Екінші мемлекеттік билік конституциялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы керек. Данышпандар «биліктің легитимдімділігі  - оны мойындау арқылы, яғни бағыну жолымен өзін паш етеді» дейді.

         Мемлекеттің күші – тұрғындар мен билік арасындағы ынтымақтастық пен сол тұрғындардың билікке бағынуында. Ал халық режиммен ынтымақтасуды тоқтатса, биліктің қауқарсыздығы арта түседі. Биліктің феномені – оның адамдар санасындағы артықшылығында, яғни биліктің қолынан барлығы келеді, биліктің  жазалауға да, жарылқауға да құзыры жетеді деген түсінікте. Бұл тура АҚШ-тың долларындай: жылына бір рет пайдаланбасақта, біз оған сенеміз, біздің бұл абсолюттік сеніміміз өзімізге соққы болып тиіп жатады – өз валютамыздың құнсыздануын қолмен болмаса да, оймен, соқыр сенімімізбен қолдап жүреміз.   

         Аймақта түрлі-түсті революциялар қаупі сейілген       

Америка мен ОБСЕ соңғы 25 жылдан бері барлық ТМД елдеріндегі президенттік және парламенттік сайлауларды заңсыз, ал президенттердің өкілеттігін – легитимді емес деп жариялап келе жатқаны оқырмандарымызға мәлім. ТМД елдерінің оппозициясы  АҚШ мемлекеттік департаменті мен елшіліктерін жағалап жүретінін басқарушы тап, яғни саяси истеблишмент жақсы біледі. Өз елдерінен жырақта жүрген – Мұхаммад Салық (Өзбекстан), Ә.Қажыгелдин (Қазақстан) және басқа да оппозиция жетекшілері «ыңғайлы сәтті» күте-күте құса болды. Әзірге түрлі-түсті революция Қырғызстанмен шектеліп, басқа елдерді шарпи қойған жоқ. Бірақ Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігі: «Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерде түрлі-түсті революциялар қаупі сейілген жоқ, сыртқы күштер әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар мен проблемаларды пайдаланып, билікті құлатуға, елді арандатуға мүдделі. Түрлі-түсті төңкерістердің  аймақ елдерінің егемендігі мен қауіпсіздігіне қатерлілігі бізді алаңдатып отыр» дейді. Гонконгта басталған «қолшатыр революциясы» мақсатына жете алмады. АҚШ бүгінгі күнде басты бәсекелесі болып табылатын Қытайдың сепаратистік аймақтарын қолдап, Тибет пен Шыңжанда бүліктің басталуын аңсап келеді.

         Украинадағы «ар-намыс революциясы» Орталық Азия аймағы билігін ширатып, превентивтік, яғни алдын алу шараларын көруге мәжбүр етті: жалпыазаматтық оппозиция да, ұлттық оппозиция да – бүгінде құрдымға кетті. Ал Тәжікстандағы діни оппозиция экстремистік деп танылып, басшылары – шет елдерге қашып, ал ішіндегі белсенділері – абақтыға жабылды. Түрлі-түсті революцияның үрейі саяси алаңды оппозициядан тазартып, электораттың басқа, биліктік емес бағдарламаны таңдау және қолдау мүмкіншілігін мейлінше шектеді.

         Кей мемлекеттер репрессияның күшіне сенеді (Өзбекстан). Бірақ репрессияға сүйенген елдің тұрақтылығы баянсыз болатынын тарих талай рет дәлелдеген. 1749 жылы туылып, 1832 жылы дүниеден озған немістің ұлы ақыны әрі философы Гете: «Революция үшін жауапты халық емес, үкімет екеніне мен қашанда сенгемін. Егерде үкімет әділетті болса, сақ болса, уақтылы өткізілген реформалардың көмегімен халық наразылығының алдын алып отырса,  революциялардың болуы мүмкін емес», дейді. Данышпан ақсақалдың бұл сөздерінде қай елдің билігі үшін болсын үлкен ғибрат бар сияқты. 

Шаруаларды шулатқан шенеунік ауыл шаруашылығына басшы бола ала ма?
Тоқтар Төлешов не үшін тұтқындалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу