Ғабидолола Әбдірахымов: «Өзіме қатысты күмәнді пікірлерді сейілтетін уақыт келді»

Oinet.kz 05-05-2023 646

Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахыов фейсбуктегі парақшасында осыдан төрт жыл бұрын «Лондоннан жолдаған сәлемдемесіне» қатысты түсінік берді. «Лондон туралы» деген тақырыппен жариялаған жазбасында «зың әкім» былай дейді:

Screenshot_33.jpg

«Менің Шымкент қаласының әкімі лауазымынан босатылғаныма да міне, 4 жылға жуықтапты. Бірақ әлі күнге дейін маған қатысты түсініксіз жайттардың, атап айтқанда менің Лондоннан жасаған «атышулы» бейнежазбамның айналасындағы алыпқашпа әңгімелер адам сенгісіз аңыздар мен жорамалдарға ұласып, басылатын түрі жоқ. Лондондағы жылжымайтын мүлкім туралы дақпырт бір мысалы ғана. Әйтпесе, менде де, менің жақындарымда да шетелде мүлдем баспана болған емес. 

Осы уақыт ішінде мен жекелеген блогерлер мен журналистердің көпе-көрінеу жалғандық пен нақақ жалаға құрылған жазбаларына назар аудармауға тырысып келдім. 

Бірақ неғұрлым елемеген сайын, менің абырой-беделіме нұқсан келтіру үшін әдейі өршітілген жалған ақпараттар да өртеңге шыққан көк шөптей соғұрлым қаулап барады. Шамасы, авторсымақтар өтірікті судай сапырған сайын, оған иланатындардың қатары да молая түседі деген принципті мықтап ұстанатын секілді. 

Сондықтан Лондон сапары туралы айтып, өзіме қатысты күмәнді пікірлерді сейілтетін уақыт келді деп санаймын.

2019 жылдың маусым айында мен Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) шақыруымен Лондонға үш күндік қызметтік іссапарға ұштым. Сапардың мақсаты Шымкентте екі кәріз тазарту құрылысын (КОС) салу үшін ЕҚДБ-мен инвестициялар тартуға арналған Меморандумға қол қою болды. Өйткені қалада жұмыс істеп тұрған кәріздік тазарту жүйелерінің қуаты жеткіліксіз еді. Мемлекеттік бюджеттен бұл мақсаттарға қаржы көзделмеген болатын.

Лондондағы қорытынды келіссөздердің нәтижесінде ЕҚДБ вице-президентімен осы мәселе бойынша біз тиісті Меморандумға қол қойдық. Бұл Шымкенттің дамуы мен оның тұрғындарының әл-ауқаты үшін аса маңызды құжат еді.

Барлық қызметтік мәселелерді шешкеннен кейін мен қаланы аралап, оның көрікті жерлеріне серуендеп қайтуды ұйғардым.

Естеріңізде болса, сол кезде қазақстандық жастардың шетелдерге қоныс аударуы туралы көптеген жарияланымдар шығып жатты. Мен осы тұрғыда өзімнің азаматтық ұстанымымды білдіре кетуді жөн санадым. Instagram аудиториясындағы жастарымызға қарата біздің Отанымыз - Қазақстан және біздің парызымыз өз елімізді тастап кету емес, керісінше оны өркендету үшін өмір сүріп, еңбек ету екенін, ал шетелді қосымша білім алатын және саяхатқа арналған орын ретінде қарастыру керек деген мағынада, яғни жастарды ынталандыру мақсатында бейнежазба жарияладым.

Өкінішке орай, бұл бейнежазбаны бәзбіреулер бұқаралық ақпарат құралдарында маған қарсы ұйымдастыру үшін шебер пайдаланып, жымысқы ойларын аудиторияның санасына сіңіріп үлгерді

Содан бері де 4 жыл өтті, бірақ мен әлі күнге дейін нағыз қазақ үшін Қазақстаннан артық ел жоқ және болуы мүмкін емес деп санаймын. Шетелде оқуға, саяхаттауға, тәжірибе жинауға болады, бірақ туған жердің топырағына, туған үйдің түтініне жететін ештеңе жоқ. 

Қазір мен мемлекеттік қызметкер емеспін және кез келген мәселе бойынша өз ұстанымымды айтуға еркім бар адаммын. 

Сондай-ақ, мен туралы көрінеу жалған ақпарат таратып, ғайбаттап, жала жабумен айналысатын кез келген адаммен заң аясында сөйлесетінімді ескерткім келеді. 

Осындайда, Абай атамыздың сөзімен айтқанда, «терең ой, терең ғылым іздемей, өтірік пен өсекті жүндей сабап» жүргендердің қатары қашан азаяр екен деген қалың ойға қаласың».

Айта кетейік Ғабидолла Әбдірахымов сол 2019 жылдың шілдесінде Лондон сапарынан оралған соң Шымкент қаласының әкімі лауазымынан босатылған болатын. Шымкентке келген сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев  «Ғабидолла Әбдірахымовқа берілген сенім кредиті таусылды» деді. Алайда сол жылдың қыркүйегінде  Әбдірахымов Премьер-министр Асқар Маминннің кеңесшісі, 2021 жылы Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымына тағайындалды. Бірақ ол вице-министрдің креслосында көп отырған жоқ. Содан бері ол бизнеспен айналысады.

Шымкенттегі жемқорлықтың көбеюі елордада талқыланды
Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу