Негізгі төрт үміткер: Аудан әкімдерінің сайлауы түн ұйқыны төрт бөлгелі тұр

Oinet.kz 21-09-2023 617

Соныменен аудан әкімдері сайлауының түңлігі түрілді. Аудан әкімдерінің сайлауы бұрын да өткен. Бірақ дәл мұндай доданың бұрын-соңды болмағаны анық. Неге десеңіз, бұған дейін аудан әкімдерін сайлау мәслихат арқылы жүргізілді.

Screenshot_1.jpg

Ал бұл жолы аудан немесе облыстық маңызы бар қаланың әкімін тікелей халық сайлайды. Яғни, әкімнің тағдырын қарапайым халық шешеді деген сөз. «Жаңа Қазақстанда» әкім сайлауын өткізіп жатқан  Президент бастамасының  түпкі мәні де осы ғой. Ал бірақ ол шын мәнінде өзінің мақсат-мүддесіне жете ме, жоқ па? Бұл сұраққа дәл қазір жауап беру қиын.     

Сайлауды 5 қарашаға белгілеу туралы шешім өткен аптаның дүйсенбісінде облыстық мәслихаттың сессиясында қабылданды. Тәртіп бойынша сайлау науқанының старты сейсенбіде берілді. Дәл қазір нағыз аласапыран кезең. Сайлауға кім түседі, кім түспейді? Кім кімге қарсылас болады? Бұған дейінгі әкімдер бақ сынай ма? Жалпы бұл сайлауда бақ шаба ма әлде бап шаба ма? Сайлау қандай сценарий бойынша жүреді? Бұл сауалдардың жауабы да әлі толық белгісіз

Естеріңізде болса, Тәуелсіз Қазақстанның шежіресінде  аудан әкімдерін сайлау 2006 жылдың қазанында тәжірибе ретінде бір мәрте жүргізілген. Аудан әкімдерін сол жолы аудандық мәслихат депутаттары таңдаған. Оңтүстік Қазақстан облысында сайлау Арыс қаласы мен Мақтарал, Түлкібас, Созақ аудандарында өтті.  Арыста өткен сайлау дау-дамаймен аяқталды. Кандидаттар Серік Тәукебаев пен Пернехан Салықбаевтың арасындағы бәскелестіктің нәтижесі алғашқысының пайдасына шешілді. Алайда оның соңы соттасуға, қылмыстық іс қозғауға дейін жетіп, екі оттың ортасына мәслихат хатшысының түскені әлі күнге дейін айтылады. Ең қызығы, сол сайланған төрт әкімнің үшеуі мерзімінің соңына дейін отырған жоқ. Бірі басқа жаққа қызмет ауыстырды, енді бірінің басынан ешкім күтпеген шырғалаң өтті. Енді оның бәрін еске түсірудің қажеті жоқ шығар деп ойлаймыз. Бұл жолғы сайлау қаншалықты тыныш өтеді?  Ел «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы бір мүдденің жолында бас біріктіре ала ма? Әлде тағы да  бүлінуге, руға, атаға бөлінуге ұласа ма? Мәселе осында.  

Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясының отырысында алдағы аудан, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлаудың тәртібі айқындалды. Кандидаттарды ұсыну дауыс беруге отыз күн қалғанда, дәлірегі 5 қазанда аяқталады. Үміткерлерді өз мүшелері арасынан белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар ұсынады. Ал додаға өзін-өзін ұсыну үшін сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% қолдауына ие болу керек. Егер бір округте ұсынылған кандидат біреу ғана болса, облыс әкімі екінші кандидатты ұсына алады. Егер үміткер мүлдем тіркелмесе, облыс басшысына  екі кандидаты да қатар ұсыну құқығы беріледі.  Ұсынылған кандидаттың жасы 25-тен кем болмауы керек. Үміткер аудан әкімі болуға тиісті барлық талаптарға жауап беруі қажет. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда,  осы жолғы доданың фавориті саналатын үміткерлердің біразы «Аманат» партиясының атынан бақ сынайтын көрінеді. Алайда нұқыл аманаттықтар ұтып кетсе, ол да болмайды ғой. Сондықтан кейбір үміткерлер додаға кірмей тұрып партиясын ауыстырып жатқанға ұқсайды. Ең бастысы, елге қызмет етсек деген жоба-жоспар ауысып кетпесе болды емес пе?! Партияда тұрған не бар дейсіз.  

Бұл додада сайлаудың көрігі Мақтаарал ауданында қызуы мүмкін. Неге десеңіз, мақталы өңірдің жалпы қай науқанда болсын (мейлі депутат, мейлі мәслихат хатшысы, мейлі ардагерлер кеңесінің төрағасы) талас-тартыспен өтетіні тәжірибеден белгілі. Сайлау дегенде мақтараалдық игі жақсылардың белсенділігі өте жоғары. Аудан әкімін сайлауға келгенде ешкім күтпеген қызықтардың болуы әбден мүмкін. Болжамдарға қарағанда, бұл доданың басты кандидаты қазіргі аудан әкімі Бақыт Асанов болады. 

Бақыт Асанов әкімдіктің барлық баспалдағынан өткен маман. Ауыл әкімі, аудан орталығы Жетісай қаласының әкімі қызметтерін атқарып,  ұзақ жылдары аудан әкімінің орынбасары болып істеген. 2018 жылы Жансейіт Түймебаевтың тұсында ол қайта құрылған Мақтаарал ауданының тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Бес жылдан аста уақыт ішінде Бақыт Асанов елдің сенімін ақтаған басшы болды десек, артық айтқанымыз емес шығар. Оның іскерлігі әсіресе, 2020 жылдың көктемінде Мақтаарал ауданында болған су тасқыны кезінде байқалды. Кешегі күні біз хабарласқан Бақыт Асанов сайлауға қатысатынын растады. 

- Бұған дейін өзіме берілген 5 жыл ішінде Мақтаарал ауданының елдімекендерін инфрақұрылыммен қамтып, көптеген әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргіздік. Аудан орталығын толықтай қалпына келтіріп, Мырзакентті аз жылда адам танымастай өзгерте алдық. Дегенмен, өңірдің әлеуметтік-экономикасын көтеру, халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке үйрету  бағытында бастаған бастамаларым мен жоспарларым әлі өз жемісін беріп үлгерген жоқ. Осыған байланысты жерлестерімнің маған берген сенімін тағы бір ақтасам деген ниетпен сайлауға түспекпін,- деген аудан әкімі додаға  партиялардың бірінен ұсыныс түссе, қуана қабыл алатынын, егер түспесе, өз-өзін ұсыну тәртібімен  қатысатынын мәлім етті. 

Сайлауда Асановқа негізгі қарсылас ретінде сот саласында басшылық қызмет атқарып жүрген азаматтың аты аталуда. Судьяның әкімдік креслодан қаншалықты үміті барын алдағы уақытта білетін боламыз. 

Сайлау өтетін екінші өңір-Шардара ауданы. Бірде «шағалалы Шардара», бірде «шалғайдағы Шардара» аталып жүрген Шардара проблемасы да, сонымен бірге өзіндік ерекшелігі де көп аудан. 

Ауданның қазіргі әкімі Қайрат Жолдыбай бұл қызметке 2019 жылдың шілдесінде сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің кезінде тағайындалған болатын. Әкім сайлауына қатысты жоба-жоспарын білу үшін біз кешегі күні Қайрат Жолдыбаймен хабарласқан болатынбыз.  Аудан әкімі бұған қатысты сауалға жауап беруге онша құлық танытпады. 

- Облыспен хабарласқандарыңыз дұрыс болар еді, сайлауға кандидаттарды ұсыну, тіркеу енді жүргізіледі,- деген әкім ақыр аяғында додаға қатысу ниетінің жоқ екендігін білдірді. 

 Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Шардара ауданына әкім болуға басты үміткер қазіргі Шардара аудандық мәслихатының төрағасы,  белгілі спортшы, қол күресінен талай әлем чемпиондарын тәрбиелеген «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаған Арман Қарсыбаев  болатын көрінеді. Қарсыбаевтың бұл дода қарсыластарынан басым түсуге ықпалының да,  абырой-беделінің жететініне күмәндануға болмайтын шығар.  Бәрі уақыттың еншісіндегі дүние. 

Әкім сайлауына дайындалып жатқан келесі өңір-Бәйдібек ауданы.  Ауданның қазіргі әкімі Ержігіт Шәріпбеков бұл қызметке 2020 жылдың сәуірінде  тағайындалған болатын. Оның сайлауға түсу-түспеуі әлі белгісіз.

- Үміткерлерді ұсыну мерзімінің аяқталуына әлі екі аптадан астам уақыт бар. Мен сайлауға түсу мәселесінде әлі нақты шешімге келгенім жоқ,- деді бізге кешегі күні  Ержігіт Шәріпбеков.  

Бәйдібек ауданында өтетін доданың басты үміткер ретінде осы ауданның тумасы Ерлан Нұрмахановтың аты аталуда. Ерлан Нұрмаханов облыстық мәслихаттың депутаты (осы мәслихаттың бірнеше  шақырылымында халық қалаулысы атанған). Кәсіпкер. Бизнес саласындағы жұмысын газет, баспахана саласында бастаған. Бүгінде ол басшылық ететін «Ернұр» корпорациясы  ауыл шаруашылығы, басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруда. Қайда жүрсе де өзінің іскерлігіне арқа сүйейтін азаматқа ел де сенім артады деген пікір басымырақ. Дегенмен егер додаға Ержігіт Шәріпбеков түсуге ниет етсе, Бәйдібектегі сайлаудың да тартысты өтетініне шүбәміз жоқ. Себебі  Шәріпбековтің де артында тұрған қолдаушылары аз емес.      

Әкім сайлауы өтетін төртінші аудан-Теріскей өңірі. Созақ қай кезде де халқының еңбекқорлығымен, ауызбіршілігімен танылған аудан. Созақта өтетін сайлаудың басты кадидаты қазіргі аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков болуы мүмкін. Алға қандай жоспар қойып отырғанын білу үшін біз кешегі күні аудан әкімімен хабарласқан болатынбыз. 

- Туған жерге қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді.  Ауданға келгеніме бір жарым жыл болды. Осы аралықта бірнеше  ауқымды жобаларды қолға алдым. Білім ордасының қара шаңырағы Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінде «Жайлы мектеп»  ұлттық жобасы аясында құрылыс жұмыстары басталды. Заман талабына сай, облыста баламасы жоқ үлкен спорт ғимаратының іргетасы қаланды. Созақ ауылында 1000 орындық футбол алаңы пайдалануға берілді. Ауыл елді мекендерде жастарға ыңғайлы балалар ойын алаңын салу ісін қолға алдық. Жамбыл облысының шекарасы – Құмкент-Шолаққорған бағытындағы облыстың маңызы бар жол құрылысы басталды. Алдағы уақытта ауданда «көгілдір отын» мәселесі шешімін табады. Одан бөлек, алға қойған жоспарлар  бар.  Осыларды  аяқтап, халық сенімін ақтағаннан артық не бар?!,- деді Мұхит Тұрысбеков.

Яғни, бұдан аудан басшысының додада  дайындалып жатқанын аңғаруға болады. 

- Бірнеше жылдан бері «Аманат» партиясының мүшесімін. Алдағы уақытта партияның конференциясы өтеді. Шешім сол кезде қабылданады,- деп қысқа қайырды әкім. 

Мұхит Тұрысбеков Созақ ауданының әкімі болып былтыр қаңтар айында тағайындалған. Бұған дейін облыстық сәулет құрылыс бақылау басқармасының басшысы, оның алдында Солтүстік Қазақстан облысында департамент басшысы, аудан әкімі лауазымдарын атқарған. Бір жарым жылдан астам уақыттың ішінде Тұрысбеков  Созақ өңірінде қолынан іс келетін азамат ретінде танылды. Жақсы бастамаларға ұйытқы болды.  Жалпы Теріскей өңірінде Тұрысбековтер әулетін жұртшылық тек жақсы жағынан біледі. Мұхит Тұрысбековтың әкесі Сексенбай Тұрысбеков уақтысында шаруашылықтарда басшылық қызметтерді атқарған, Түркістан облысының Құрметті азаматы. Ал бауыры Мағауия Тұрысбеков белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты әрі мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы.  

Қайталап айтайық, біз  осы науқанда бақ сынауы мүмкін деген негізгі кандидаттарға ғана тоқталдық. Додаға жұрт күтпеген басқа да үміткерлер қосылып, жағдайды күрт өзгертіп жатса, таңқалуға болмайды.  

Әзірге сайлауға үміткер ретінде кандидаттардың тіркелгені туралы ешқандай ресми мәлімет таратылған жоқ. Қызықтың бәрі әлі алда.  

Самат Әбішке қатысты тергеп-тексеру жүріп жатыр-Бас прокуратура
Зүлфия Сүлейменова жаңа қызметке тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу