«Назарбаевтың үнсіздігі»: Мұның арғы жағында қандай құпия жатыр?

Oinet.kz 02-11-2023 738

Қарағанды шахтасындағы жарылыстан күні кешеге дейін қырықтан астам кеншінің өлі денесі табылды. Президенттің жарлығымен 29 қазан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Әлемнің көптеген елдерінің басшыларынан көңіл айту хаттары ағылуда. Әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында жұртшылық қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына қайғыларына ортақ екендіктерін білдіріп жатыр. 

Screenshot_10.jpg

Неге екені белгісіз, жайшылықта биліктен кетсе де, үнемі елмен бірге екендігін, 30 жыл бойы армансыз билеген Отанының  қайғысын да, қуанышын да бөлісіп жүретін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жолы үнсіз қалды. 

Тұңғыш Президенттің ресми сайты біраздан бері үнсіз. Соңғы мәрте 11 маусымда Назарбаевтың Абай облысындағы орман өртінде қаза тапқан қорықшылардың отбасына жолдаған көңіл айтуы жарияланған екен. Оның алдында 10 маусымда Бердібек Сапрарбаевтың қазасына байланысты тағы бір көңіл айту жеделхатын көзіміз шалды. Тұңғыш президенттің осы жолы үнсіз қалуының  арғы жағында қандай құпия бар? 

Естеріңізде болса, апат болған күні-ақ,  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Кейін «АрселорМиттал Теміртауды» Үкіметке беру туралы шешім өткен аптада қабылданып қойылғаны белгілі болды. Екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында Қарағанды байлығының үндінің миллиардері Лакшми Митталдың меншігіне Назарбаевтың кезінде өткендігін баса айтуда. Экс-премьер Серік Ахметовтың Митталдың Назарбаевтың кең көлемде қолдауына ие болғанын айтқан сұхбатының үзінділері де жарияланды. Бірақ кінәнің  бір ұшын Назарбаевқа апарып тіреп қойған дұрыс па? Бұл апаттың алдын алуға болатын ба еді? 

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев елде басқа да жауапты ведомстволар бар екенін еске салды.

«Әрине, Миттал – нашар инвестор, бірақ әділдік үшін елде ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (қадағалау қызметі) және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті (еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау) бар екенін еске салу қажет. Әкімдіктерде өнеркәсіп және еңбек инспекциясы басқармалары бар. Бірақ ұлттық өнеркәсіптік қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы (Тау-кен өнеркәсібі қауіпсіздігі жөніндегі Шығыс ҒЗИ бұрынғы Қарағанды бөлімшесі) Үкімет тарапынан 2017 жылы таратылды. Сондықтан сұрақтар тек Митталға ғана қойылмауы керек», - дейді саясаттанушы.

Ал, белгілі экономист, 2022 жылы президенттікке кәсіподақтың атынан  үміткер болған Мейрам Қажыкеннің ойынша, бұл жерде үкіметтің кінәсі көбірек. 

- Үкіметтің кінәсі 90%! Сондықтан, Бас прокуратура осыны тексеруі керек. Неге жауапты адамдар ештеңе істеген жоқ? Былтыр 8 адам қаза тапты. Оның алдында да апаттар болды. Жыл сайын! 2020 жылы осындай тағы бір оқиға болған кезде біз 20 мың қол жинап, Үкіметке қағазды енгіздік. Адамдардың құқығы мүлде қорғалмайтынын айттық. Сол 20 мың қол жиналған сұрауға жауап келген жоқ. Міне! Мемлекет өзінің негізгі функционалдық міндеттемелеріне түкіре салды. Инвесторды тәртіпке салмаса, заңға тартпаса мұндай жайттар азаймайды. Мен Германияда болдым. Лакшми Митталдың Германиядағы Айзенхюттенштадт деген қаласында АрселорМиттал Теміртау сияқты үлкен зауыт бар. Сол зауытқа бардым. Ол жақта Митталды құтыртпайды. Заң бар!-дейді ол Ulys.media порталына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, компанияны Митталдан алып қоя салу оңай емес. Себебі Митталдан бөлек 5-6 акционер бар. 

- Олардың біреуі келіспесе не болады? Миттал «нақты қандай заң шеңберінде менен осы активті алғалы отырсыңдар, маған заңды көрсетіңдер» деуі мүмкін. Заң болмаса оны қалай қайтарады? Мәселе сонда, - дейді Мейрам Қажыкен.

"Рейтинг" газеті, 1 қараша 2023 жыл

«Дендросаябақ құрып бара жатыр»
10 жылға сотталған Кентаудың бұрынғы әкімі түрмеден 15 ай ғана отырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу