Шаруалар неге шулап жүр, Ермек Кенжеханұлы?

Oinet.kz 29-11-2023 553

Соңғы бір жылдың көлемінде Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында шу көбейе түсті. Ал шудың түп-төркіні түйіні тарқатылмаған проблемаларға барып тірелетіні айтпаса да түсінікті. Былтыр мақтаның бағасына байланысты шаруалар жолды жауып, әкімдіктің алдында наразылық жиынын өткізуге дейін барды. Қаңтардағы қатты суықта көмір тапшылығынан көп шаруалар жылыжайлардағы қызанақтарын үсітіп алды.

Screenshot_2.png

Бұған дейін шенеуніктер «мақта екпеңдер, қауын-қарбызға өтіңдер» деуші еді. Бірақ атқамінерлердің ақылымен осы кәсіпке өткендердің де шекелері шылқылдаған жоқ. Биыл жазда қауын-қарбыз еккен шаруалардың дені өнімдерін өткізе алмай, рәсуа қылды. Мақтаның биылғы бағасы былтырғыдан да төмен болды.  Кейбір мақта зауыттарының шаруалардың алдындағы қарызы бірнеше миллиард теңгеге жеткен.

Байқағандарыңыздай, шаруаның қазіргі тірлігі шаш етектен шығын,  «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» болып тұр. Мұның бәрін ауа райымен немесе геосаяси жағдаймен байланыстыра берген дұрыс емес-ау. Кінәнің бір ұшы ауыл шаруашылығы саласына жауапты шенеуніктердің жайбасарлығына барып тіреледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының берген тапсырмалары толық орындалмайды. Атқамінерлер көп мәселеге жүрдім-бардым қарайды. Шырылдаған шаруалардың жанайқайына құлақ түрмейді.   Осы орайда таяқтың жуан ұшы  облыс әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жауап беретін орынбасары Ермек Кенжеханұлына барып тиетіні  жасырын емес. Әкім орынбасары жастығын, тәжірибесіздігін байқатты ма? Оңтүстіктің ауыл шаруашылығында неге шу көбейіп кетті?

Өткен аптада Мәжілістегі А.Қожаназаров бастаған «Respubliсa» және «Ауыл» партиясының бір топ депутаттары Түркістан облысындағы жылыжайлардың жағдайына алаңдап, премьер Әлихан Смайыловқа хат жазды.

- Халықта шешімін күтіп отырған мәселе көп. Соның бірегейі – жылыжай мәселесі. Сала әбден құлдыраған. Елімізде 1,2 мың гектар жылыжай кешені бар. Олардың 80 пайызы Түркістан өңірінде шоғырланған. Осы жылыжайлардың 90 пайызы фермерлік жылыжайлар. Олар бүгінде 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы екі жылда жылыжай саласы құрдымға кетіп барады. Шаруалар жылыжайларын бұзып, қаңқасын темір-терсекке өткізіп жатыр. Себебі, шоғырланған мәселелерін шешуде Үкімет тек уәде берумен шектеліп отыр. Аграрлық несиелік корпорация тарапынан фермерлік жылыжайларды арнайы жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы әзірленбеген. Шаруалар кәсібін жүргізуге микроқаржы ұйымдарынан 45 пайызбен несие алуға мәжбүр. Осы уақытта шаруалардың жартысы несиесін жаба алмай банкрот жағдайға жетті. Мысалы, қысқы уақытта жұмысты жүргізу үшін Түркістандық жылыжайшыларға 450 мың тонна көмір керек. Облыс әкімшілігі мен Энергетика министрлігінің көмір кеншілерімен арзандатылған бағамен көмір алуға келіскен лимиті 150 мың тоннадан аспайды. Ол да жеткізу шығындарын, делдалдардың қосатын бағасын есептегенде тоннасына 25 мың теңгеге шығады (былтырғы баға — 17,6 мың теңге). Шаруаларды тығырыққа тіреп отырған ең басты мәселе — маусымдық импорт. Былтырдан бері шаруалар Түркменстан мен Өзбекстаннан  демпингтік бағамен қызанақ пен қияр кіріп жатқанда дабыл қағып, Үкіметтен шара қолдануды сұрады. Алайда еститін құлақ болмады. Биылдан бастап біздің жылыжайшылар қызанақ өсіруді қойды, себебі шығынын ақтамады. Ал нәтижесін қазір көріп отырмыз. Дәл қазір базарға барсаңыз килограмы 1000 теңгеден төмен қызанақ таппайсыз. Ал жаңа жылда үстелдеріңізге қызанақ пен қиярды еттің бағасымен сатып алып қоюға дайын отырыңыздар. Осы орайда, орынды сұрақ туындайды: неге сол импортерларыңыз былтыр 200 теңгеден сатқан қызанақты қазір 800 теңгеден сатады?,- деген депутаттар Үкіметке бірқатар ұсыныстар берген. Оның ішінде жылыжайларға көмірді жеңілдетілген бағамен беру, жылыжай шығындарын субсидиялау,  шетелден келетін  жылыжай өнімдеріне шектеу қою бар.

Біз кешегі күні Сарыағаш ауданында жылыжай егумен айналысатын шаруалармен сөйлескен болатынбыз. Олар тиімсіз болғандықтан диқандардың жылыжайды тастап, басқа кәсіпке ауысып жатқанын растады.  Мәселен Дербісек ауылында 2 гектарға жуық жылыжайы бар Акрам Умаров былтыр қаңтардағы суықта көмірдің жоқтығынан 10-12 миллион теңге шығын болғанын айтып отыр. Былтырғы шығындардан кейін көптеген шаруалар жылыжайларын сатуға қойған. Себебі қарызға батқан. 

- Көмір жетіспеушілігі жылда болатын проблема. Осыдан бір жарым ай бұрын облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы келіп, көмір мәселесін шешеміз деген еді. Оның қалай шешілетінін уақытысында көреміз. Көп шаруалар әкімдіктің осы уәдесіне сеніп отыр.  Бірақ дәл қазір көмір жоқ. Мен көмірдің проблемасынан біржолата құтылу үшін газды пайдалануға рұқсат алдым. Бірақ оған ауысудың шығыны өте көп. Бірақ амал жоқ,  қанша шығын болса да газға өтуге тура келіп отыр. Ал енді биыл субсидия береді деген соң, құжат өткізіп қойғанбыз. Әр соттығына 48 мыңнан беріледі дегенді ақпарат құралдарынан естідік. Шаруаларға арзандатылған көмірмен, субсидиямен жәрдем бермесе, бұл сала мүлдем құрдымға кетеді. Неге десеңіз, жылыжайдың шығыны жыл санап қымбаттап жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын бір қап селитраның құны 3 мың теңге еді. Қазір 13 мың болып отыр. Жылыжайдағы жалдамалы жұмысшыға төлейтін қаржы 3 мыңнан 10 мыңға өсті. Ал сол он жыл бұрын 500 теңге тұрған 1 келі қызанақтың бағасы әлі 500 теңге. Оның үстіне былтырдан бері қызанақтарға «вирус» деп аталатын ауру келген. Өнімге қара дақ түсіп, жарамай қалады. Сол себепті былтыр алған 40 тонна өнімнің 25 тоннасын малға бердік, - деді шаруа. 

- Бұрын мемлекет жылыжайға жылына екі мәрте субсидия беретін еді. Шөкеев ауыл шаруашылығы министрі болған кезден бастап субсидияны иелігінде бірнеше гектар жылыжайы бар шаруашылықтар ғана алатын болған. Ал біз сияқты 20-30 сотық жері барларға үкімет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Жылыжайларды көмірмен жылытудың шығыны өте көп.  Көмірдің бағасы жыл сайын қымбаттайды. Диқандардың 90 пайызы өнім егер кезде жоғары пайызбен несие алған. Енді несиесін төлеу үшін жылыжайларын бұзып сатуға мәжбүр болып отыр. Өндіріп өсіретін ұрық, оған берілетін витамин дәрілер, зиянкестерге қарсы себілетін пестициттердің барлығының бағасы аспандап қымбаттап кеткен, ол аздай біздің нарықты Өзбекстанның, Түркімегстанның арзан сапасыз өнімдері жаулап алған. Бұл елдер Еуразиялық  одаққа мүше болмаса да біздің нарыққа қалай кіреді? Біз осы жағын түсінбей далмыз,- деді біз сөйлескен тағы бір шаруа Хамит Қыдырбайұлы.

Осы жерде айта кетері, облыстық әкімдіктің осы жуырда ғана таратқан мәліметтерінде өңірде жылыжайларда көмірге деген қажеттіліктің көлемі 275 мың тонна, оның 95 мың тоннасының сатып алынғаны жазылған. Ал Мәжіліс депутаттарының Үкімет басшысына жолдаған хатында көмірдің қажеттілігі 450 мың тонна деп көрсетілген. Әкімдіктің хабарлауынша, жылыжайды жылыту шығындарының 20 пайызы субсидияланады.  Бұл мақсатқа биыл 500 миллион теңге қаржы қарастырылған. Ал жоғарыдағы хатта бұл 500 миллион теңгенің жетпейтіні, себебі жалпы қажеттіліктің 2,5 миллиард теңгеден асатыны жазылған. Сонда бұл цифрлардағы қарама-қайшылықты немен түсіндіруге болады?

Осы мәселелерді алға тартып,  облыс әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары Ермек Кенжеханұлының өзімен сөйлеспек болған едік. Алайда  әкім орынбасары жауап беруге уақыт таппағаны белгілі болды. Жолдаған сауалдарымыз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ақтөре Түймебекке барып тірелді. Сонда  шаруалар шулап, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған жылыжайлардың мәселесі Мәжілісте көтеріліп жатқан кезде облыс әкімі орынбасарының жауаптан неге қашқақтағанын түсінбедік.

Соныменен бөлім басшысы облыстағы жылыжайларға қажетті 275 мың тонна көмірдің 96,8 мың тоннасы сатып алынғанын мәлім етті. Сонда сатып алынып қойылған көмір болса, сарыағаштық шаруалар уәде етілген көмір жоқ деп шырылдап жатқаны қалай? «Қалғаны қашан келеді?» деген сауалға «жылыжайлар келесі егісті желтоқсан, қаңтар айларында егеді. Сол кезде қажеттіліктеріне қарай сатып алады» деген жауап берді.  Ал жылыжайларды жылыту шығынының 20 пайызын субсидиялауға 500 миллион теңге қаралған. Ал жалпы субсидиялауға қажетті қаражат 3,3 миллиард теңгені құрайды екен.

- Қалған ақша келесі жылы республикалық бюджеттен бөлініп, шаруаларға беріледі,- деді А.Түймебек.

Көмірге, субсидияға қатысты әкімдік пен Мәжіліс депутаттары келтірген мәліметтер неге әрқилы? Бұл сауалға жауап бере алмады. Мұндай мәселеге облыс әкімінің орынбасары болмаса қатардағы қарапайым бөлім басшысы не десін? Депутаттарға енді Әлихан Смайылов    не жауап қайтарар екен? Ал, қылышын сүйретіп келе жатқан қыс шенеуніктердің жұмысына қандай баға берер екен? Билікке сенген шаруалар тағы да сорлап қалмай ма? Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының елге берген уәдесінің нәтижесі қалай боларына журналистік зерттеу жүргізіп көрмекпіз.  Әліптің артын бағайық.

«Рейтинг» газеті, 29 қараша, 2023 жыл

Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа темір жол құрылысы басталды
Ерекше мәртебе Түркістанға не береді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу