Асылов отставкіге арыз жазуы керек - Шымкентте шу бітпей тұр

Oinet.kz 13-12-2023 716

Шымкентте тағы бір басқарманың басшысына қатысты сот процесі аяқталды. Бұл жолы сот Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы қызметін атқарған Сәкен Шәкеевті пара алу бабымен кінәлі деп тауып, оған айыпұл түріндегі жаза тағайындады. Шәкеевтің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен қазан айында ұсталғаны белгілі.

Screenshot_1.jpg

Сол кезде кейбіреулер оның мұндай қылмысқа баруы мүмкін еместігін айтып еді. Алайда Шәкеев сотта өзіне тағылған айыптауларды толығымен мойындады. Осы себепті оның ісі қысқартылған тәртіппен қаралды.

Ендігі мәселе – сыбайлас жемқорлыққа барған басқарма басшысы Шәкеев үшін отставкіге кім арыз береді?

Сәкен Шәкеев басқарма басшысы қызметіне биыл тағайындалған болатын. Мамандығы бойынша заңгер. Еңбек жолында ол Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақ әуендері» мекемесінде вице-президент лауазымын атқарған. Былтыр қазанда Шымкент қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болды. Кейін басқарманың тізгінін қолға алды. Жалпы Шәкеев туралы елдің пікірі жаман емес болатын. Жас жігітке соңғы кездері түрлі келеңсіздіктерден, сыбайлас жемқорлықтан көз ашпай келе жатқан мәдениет саласын жөнге салады деген сенім артылып еді. Алайда елдің артқан  үмітінің айыптау үкімімен аяқталғаны өкінішті-ақ.

Антикор Шәкеевті қазан айында ұстаған болатын. Ал, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шығарған үкіміне қарағанда, басшы қарамағындағы қызметкерден параны маусымда алған. Бұл қалай? Мәселенің мән-жайына кеңірек тоқталайық.

Шәкеев басқарманың басшысы лауазымына биыл 10 наурызда тағайындалған. Дәл осы күні Н.Сенгірбеков деген азаматты басқармаға қарасты «Шымкент қалалық мәдениет үйі» мекемесі директорының орынбасары лауазымына тағайындау жөнінде бұйрық шығарылады. Онымен еңбек келісімшарты 10 қыркүйекке дейін жасалады. Шәкеевтің өзі сотта мойындағандай, еңбек шартын созып беру үшін ол Н.Сенгірбековтен 1 миллион теңге көлемінде пара сұраған. Н.Сенгірбеков ақшаны сол күні С.Шәкеевтің жүргізушісінің «Kaspi gold» кәртішкесіне аударып жіберген. Жүргізуші ақшаны кейін басшыға әкеліп берген. Сотта Шәкеев кінәсін толығымен мойындайтынын, шын жүректен өкінетінін, іс бойынша дәлелдемелерді дауламайтынын, барлығымен келісетінін көрсетіп, соттан жеңіл айыппұл түріндегі жазаны тағайындауды сұраған.

Бір қызығы, сотқа Сенгірбеков жәбірленуші емес, куә ретінде қатысқан. Ол С.Шәкеевтің еңбек шартын созып беру үшін 1 миллион теңге көлемінде пара сұрағанын, ақшаны 2 маусымда оның жүргізушісінің «Kaspi gold»-ына аударғанын, алайда С.Шәкеев оның еңбек келісімшартын созбай, жұмыстан шығарып жібергенін мәлім еткен. Осыдан кейін Шәкеевтің өзіне де обал жоқ дегеннен басқа не айтасыз?

Үкімге қарағанда, басқарма басшысы алатын ақшасын алып, бірақ уәдеден тайқып кеткен соң Н.Сенгірбеков 18 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл департаментіне арызданады. 19 қыркүйектен бастап Шәкеевке қатысты жасырын тергеу амалдары басталған. Антикор қызметкерлері арызданушыны арнайы құралдармен жабдықтап, Шәкеевпен бірнеше мәрте жолықтырғанға ұқсайды. Ары жағы түсінікті ғой. Шәкеевтің өзі қазан айының 10-ынан кейін ұсталған. Шамасы өзіне қатысты бұлтартпайтын дәлелдердің барын түсінген шенеунік кінәсін мойындауға мәжбүр болған сияқты.

Қылмыстық кодекс бойынша пара алу бабымен кінәлі деп танылғандарға алған парасының алпыс еселенген сомасында айыпұл салу көзделген. Алайда  жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша қылмыстар үшін мұның жартысы ғана салынады. Осы тәртіпке сәйкес сот Шәкеевті алған парасының 30 еселенген, яғни 30 миллион теңге көлемінде айыппұл салу жазасына кесті. Ол айыппұлды үкім заңды күшіне енген соң екі айдың ішінде төлеуі тиіс. Егер төлемесе, айыппұл бас бостандығына айыру жазасымен ауыстырылады. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Оған апелляциялық шағым берілуі мүмкін. Берілмеуі де ықтимал. Себебі Шәкеев сотта кінәсін толық мойындап қойды емес пе?

Ал енді сот үкімі күшіне енген соң, Президенттің бекіткен тәртібіне сәйкес қала әкімінің осы басқармаға бақылау жасайтын орынбасары отставкіге арыз беруге міндетті. Шәкеев ұсталған кезде, яғни былтыр қазан айында аталған басқармаға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов бақылау жасаған. Яғни, Асыловтың басына бұлт үйірілді деген сөз.

Қуаныш Асылов бұл қызметке биыл қаңтарда тағайындалған болатын. Отставкіге берілген арыздың тағдырын қала әкімінің шешетіні бесенеден белгілі. Шымкенттегі сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоюға уәде еткен Ғабит Сыздықбеков Асыловқа қатысты қандай шешім қабылдайды? Мұны енді уақыт көрсетеді.  

Шымкент қалалық мәдениет басқармасының соңғы екі жылда даудан арылмай тұрғаны рас. Наурыз тойына бөлінген 500 миллион теңгенің жыры ұзаққа созылды. Былтыр қаладағы мәдениет мекемелерінің басшылары, өнер қайраткерлері басқарма басшысы Ханзада Есенованың заңсыз тірліктеріне қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Ұзаққа созылған дау-дамайлардан, келеңсіз әңгімелерден кейін Есенова қызметінен кетті. Былтыр күзде мегаполистегі мәдени іс-шараларға бөлінген қаржыларды талан-таражға салғаны үшін бір топ бухгалтер сотталды. Тергеу барысында анықталғандай, қаржылар алдымен мәдениет басқармасынан мәдениет үйлеріне аударылған. Бұдан кейін ақша қайтадан мәдениет басқармасына келген. Осы аралықта шенеуніктер жеке компаниялар арқылы ақшаны талан-таражға салған. Нақтырақ айтар болсақ, 2018-2021 жылдар аралығында мәдени шараларға қаралған бас-аяғы 600 миллион теңгені жеп қойған. Сот барысында бухгалтерлер бұл ақшадан әр басшының алатын үлесі болғанын мәлім етті. Сот үкімімен мәдениет басқармасы мен мәдениет үйлерінде есепші қызметтерін атқарған үш әйел және оларға сыбайлас болған бір жеке кәсіпкер әртүрлі жазаларға кесілді. Ал басшылардың бәрі «судан таза, сүттен ақ» болып шықты. Жуырда мәдениет басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған тағы бір азаматқа үкім шықты.  

Мегаполистің мәдениет саласындағы сотталулар осыменен тоқтай ма?  

Костенко шахтасындағы жарылыс бойынша 7 адам қамауда отыр
Атақты Сейітжанов дауға ілікті: «Мұз сарайын» арзанға сатып алып қымбатқа жалға берген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу