Атақты Сейітжанов дауға ілікті: «Мұз сарайын» арзанға сатып алып қымбатқа жалға берген

Oinet.kz 13-12-2023 672

Шымкентте «Мұз сарайының» жекеменшікке сатылуына қатысты құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков елордада Орталық коммуникация орталығында өткен брифингте айтты.

Screenshot_2.jpg

Журналистің осы жөнінде қойған сауалына әкім бұл мәселе антикордың қоғамдық ұйымдармен бірлескен отырысында көтерілгенін, қазіргі уақытта нысанның сатылуына қатысты құқық қорғау органдарының тексеру амалдарын жүргізіп жатқанын айтты. Журналист нысанның баяғыда сатылып кеткенін, бұл мәселені неге бұған дейін көтерілмегенін сұрады. Ғабит Сыздықбеков өзіне дейінгі мәселеге қатысты сұрақтарға жауап бере алмайтынын мәлім етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін  «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында Шымкенттегі «Мұз сарайын» әкімдік сауда саттыққа шығарып, оның белгілі бизнесмен Серікжан Сейітжановтың иелігіндегі компанияның 128 миллион теңгеге сатып алғанын жазған болатын. «Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметіне сүйенсек, 2016-2023 жыл аралығында осы өзіміз сатып жіберген Мұз сарайын №8 қысқы ойындар бойынша олимпиадалық резервті дайындайтын жасөспірімдер мектебінің балалары жаттығу үшін жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық ақшаға жалға алып отырған. Нысанды жекеге 128 миллион теңгеге сатып жіберіп, жыл сайын 100 миллиондаған ақшаға жалға алу қаншалықты тиімді?»,– деп жазған болатын Д.Смағұлов.

«Мұз сарайының» іргетасы  екі мыңыншы жылдардың басында сол кездегі өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тұсында спорт сарайы ретінде қаланған. 2003 жылы оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашты. 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Өмірзақ Шөкеев әкім болып келген соң нысан жоғарыда аталған «Саутс-Ойл» компаниясына сатылды. Одан кейін оны «Мұз сарайына» айналдыру басталды.   Бюджеттен бұған қанша қаржы жұмсалды? Бұл қаржылар өзін-өзі ақтады ма? Бұған алдағы уақытта жауап тауып айту құзырлы органдардың еншісінде. 

Шымкент қаласы әкімдігінің 2017 жылы таратқан мәліметіне қарағанда,  «Мұз сарайының» 33 пайызы «Саутс-Ойл» ЖШС-ының иелігінде болған. Осыдан кейін «Мұз сарайы» кешенінің 67 пайызы «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-ына сатылған. Ал, «Саутс-Ойл» және «МұнайҚұрылысСервис» компаниялары шымкенттің танымал бизнесмені – Серікжан Сейітжановқа тиесілі. Әкімдік мемлекетке үлкен спорт кешенін қамтамасыз ету оңайға соқпай тұрғанын, соңғы үш жылда нысанның 40 миллион теңге шамасында шығынға шыққанын, бұл жағдайды коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуімен байланысты екендігін мәлімдеген еді.

Алғашқыда  «Мұз сарайының» электрондық аукциондағы бағасы 996 млн 944 мың теңге болып белгіленген. Алайда бұл сомаға ешкім сатып алуға ниет білдірмеген. Содан кейін оның бағасы төмендетілген.

Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда,  Серікжан Сейітжановқа «Оңтүстік» корпорациясы тиесілі.  Сол арқылы ол «Саутс-Ойл» компаниясының 51 пайыз акциясына, «Smart-Oil, «МұнайҚұрылысСервис», «Стандарт Цемент», «КАС-бетон», «Ақ-жол ТрансСервис», «Стандарт Ресурсис» компанияларына иелік етеді. Сонымен бірге Сейітжановтар әулетіне Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan қонақ үйлері, Satti Zhol жанармай бекеттері, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы, Инновациялық-технологиялық колледжі тиесілі. Серікжан Сейітжанов биыл «Forbes Kazakhstan» басылымының тұжырымы бойынша «Қазақстанның ең бай елу бизнесмені» рейтингісінде 23-ші орын алған. Оның дәулеті 360 миллион доллар деп есептеледі.


Асылов отставкіге арыз жазуы керек - Шымкентте шу бітпей тұр
Кентау жылусыз қалды. Министрлік арнайы хабарлама таратты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу