Мұрат Қабденов: «Полиция қағазбастылықтан арылуы қажет»

Oinet.kz 23-12-2023 599

Ішкі істер министрі  Е.Саденовтің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жедел кеңес өткізді. Кеңеске қатысқан қала, аудан басшылары мен жауапты қызметкерлерге департамент бастығы Мұрат Қабденов жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін аталған сала мамандарының штат санын көбейту, толығымен қызметтік планшеттермен, автокөліктермен қамтамасыз ету, күнделікті жұмыс уақытынан бөлек, сағат 22:00-ден кейін кешкі рейдтерге шығу, жұмыс ауқымдылығының тиімділігін арттыру мәселелерін шешуді тапсырды.

Screenshot_1.jpg

Сонымен бірге облыстың бас полицейі әріптестеріне қағазбастылықтан арылу қажеттілігін ескертті.  Жалпы, биыл облыстың тәртіп сақшылары жылды жақсы жетістіктермен аяқтап жатыр. Тіркелген қылмыстардың саны айтарлықтай азайған. Осы жөнінде біз Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генералы Мұрат Қабденовтың өзімен сұхбаттасқан едік.

– Мұрат Талапұлы, биыл облыста жалпы тіркелген құқықбұзушылықтардың басым бөлігін қандай қылмыстар құрайды?

– Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстық құқық бұзушылық саны 8,2%-ға төмендеуіне қол жеткіздік. Негізгі көрсеткіштерді айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар 19,0%-ға (1 673-тен 1 355-ке), орта және ауырлығы орташа қылмыстар 5,0%-ға (2  683-тен 2 550-ге) төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылымы 78,3%-ды, орта және ауырлығы орташа қылмыстардың ашылымы 69,6%-ды құрап, республикалық көрсеткіштерден жоғары тұрмыз. Негізінде тіркелген қылмыстардың басым бөлігін, мүліктік қылмыстар құрайды – ұрлық пен алаяқтық.

– Соңғы жылдары мал ұрлығына қатысты жазалар қатайтылды. Бұл осы саладағы жағдайға қаншалықты әсер етті?  Екінші мәселе – мал иелеріне келтірілген шығын қаншалықты өтелуде?

– Мал ұрлығына қатысты жазалардың қатайтылуы айтарлықтай әсер етті деп ойлаймын.  Облыс көлемінде мал ұрлықтары 25,6%-ға төмендеп, ашылуы 65% болды. Республикадағы ашылу көрсеткіші  – 60,8%. Полиция қызметкерлері мал ұрлығы қылмыстарымен айналысқан 18 қылмыстық топты құрықтап, нәтижесінде 42 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Азаматтарға мал ұрлықтарымен келтірілген шығын 21 миллион 258 мың теңгені құрады, қазіргі кезде олардың 87,2% немесе 18 миллион  546 мың теңгесі мал иелеріне қайтарылды. Жалпы 169 тіркелген мал ұрлығының 121 фактісі жайылымнан (71,6%),  ал 48-і қорадан ұрланған (28,4%). Көріп отырсыздар, азаматтарымыз малдарын жайылымда қараусыз қалдырып, ұрлыққа қолайлы жағдайлар жасайды.  Мал ұрлық қылмыстарының алдын алу мақсатында мал иелерімен мүліктеріне өздері қарау немесе бақташы жалдау, сондай-ақ чип орнату бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар бізбен ұдайы түрде орындалуына қарамастан, бірін-ші кезекте азаматтардың өз мүлкін қорғауға деген сезімін ояту керек, бұл мәселені аудан әкімдіктерімен бірлесе, халық арасында кеңінен үгіттеуді дұрыс деп санаймын. Барлық орын алған мал ұрлықтарына біз төтенше жағдай ретінде қарап, ізін суытпай ашуға бағытталған жұмыстарды дер кезінде ұйымдастырудамыз. Аталған қылмыстар бойынша ұсталған күдікті қылмыскерлер міндетті түрде қамауға алынады. 

– Соңғы жылдары қоғамда алаяқтық қылмыстардың өршігені жасырын емес. Алаяқтарға қарсы қандай тың әдіс-тәсілдер бар? 

– Иә, алаяқтықтың кейінгі кездері жиілегені рас. Дегенмен облыста биыл қылмыстың осы түрі 1,4%-ға төмендеді. Ал  ашылуы 87,3%-ды құрап отыр (респ. 64,5%). Бұның ішінде, интернет-алаяқтық қылмысы, яғни жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың ашылуы 40,1%-ды құрады (респ. 19,7 %). Аталған қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша бізбен 2023 жылдың маусым айында «Киберпол» арнайы тобы құрылды. Бұл топ құрамына білікті жедел уәкілдері, тергеушілер, криминалисттер мен ІТ мамандары жұмылдырылған. Алаяқтық қылмыстарымен айналысқан 25 тұлғадан тұратын,  1 312 жәбірленушіге 931 млн тенгеден астам материалдық шығын келтірген, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Интернет-алаяқтық қылмыстарының өсуіне себеп болған бірқатар жәйттар бар. Сауран ауданының тұрғыны осындай қылмыс бойынша  50-ден астам эпизод жасап, жәбірленушілерге 40 миллион теңгеге жуық шығын келтірген және Кентау қаласының тұрғыны 25 эпизод жасап 26 миллион теңгені заңсыз иемденген. Аталған күдіктілер қамауда, оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда, азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болмауы үшін қызметкерлермен бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, жоғары оқу орындарында, базарлар мен сауда орталықтарында кеңінен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. 

– Есірткінің қаупі туралы Президент халыққа арнаған Жолдауында, Ұлттық құрылтайда да айтты. Биыл  заңсыз айналымнан қанша есірткі алынды?   

– Облыс көлемінде биыл  есірткі қылмыстарының 507 жайты анықталған, былтырғы жылмен салыстырғанда 31,0%-ға көп анықтап отырмыз.  Заңсыз айналымнан 1 тонна 322 кило есірткі заттары тәркіленді Биылдың  7 сәуірінен бастап «Трамодол» дәрісін заңсыз сату және сақтауға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаннан кейін, 34 дерек анықталып, 1 мың 149 пластина, 1 мың 362 таблеткалар, 26 капсула тәркіленді. Есірткі және нашақорлықты үгіттейтін ақпараттар мен жарнамаларды анықтау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Интернет мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, синтетикалық есірткі тарататын 66 ақпараттық сайт анықталып, Ішкі істер министрлігінің «Киберқадағалау» бағдарламасымен тоқтатылды. 

– Әңгімеңізге рахмет!

"Рейтинг" газеті

Астанада Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір сот басталды
Жетісайдың әкіміне жұмысын ширату тапсырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу