Дархан Сатыбалды: «Су тасқынына жол берілмеуі керек»

Oinet.kz 11-01-2024 333

Былтыр қаңтарда су шаруашылығы саласының мамандары «Шардара» су қоймасында апаттық жағдай орын алған жағдайда төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі барын айтып, дабыл қаққан болатын. Биыл тыныш. Облыс әкімдігі көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жол картасына енгізілген тапсырмалар орындалған. 

Screenshot_13.jpg

 – Бұл салаға тиісті қолдау көрсетілді. Сондықтан биыл су тасқынына жол берілмеуі керек. Су тасқынына қатысты тапсырманы орындамаған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма өздеріне жүктелген міндетті орындап, қауіпсіздік шараларын күшейтсін. Жауапты мекемелер көрші мемлекеттен келетін су мөлшерін бақылауда ұстап, дұрыс үйлестірсін. «Тұран-Су» мекемесі қажетті құрал жабдықтар мен техникалармен толық қамтамасыз етілді. Сондықтан механикалық тазалау жұмыстарын өндірістік кестеге сәйкес аяқтау қажет. Басты міндет – су шаруашылығы жүйелерін күтіп ұстау, елді мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету. Су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар өз мерзімінде орындалып, облыс аумағындағы бөгеттерді нығайту, арықтар мен каналдар жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілсін. Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жан-жақты тексерілсін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды әкімдік аппаратының апталық отырысында. 

Ал Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқталғанын жеткізді. Ал 1 іс-шара яғни, «Қараспан» су торабындағы жұмыстардың 45 пайызы аяқталған.  

– «Тұран су» мекемесімен жоспардан тыс қосымша Келес, Ақсу өзені бойында 1,3 шақырым арна жағалауы реттеліп, 748,8 қой тастары және 416 дана габион торларымен бекітілді. Нәтижесінде, Сарыағаш, Сайрам, Келес, Ордабасы аудандарының 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілді, – деді департамент бастығы. 

Департаменттің аумақтық бөлімшелерімен өткен жылдың қараша айында елді мекендердің дайындығы тексеріліп, 7 аудан, қаланың 40 елді мекеннің дайын еместігі туралы хабар берілген. Қазіргі таңда 29 елді мекеннің кемшілігі жойылды. Тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры мен 40 млн теңге көлеміндегі азық-түлікке меморандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құралы, «Тұран су» мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайын. Қиын жағдайдағы «Қапшағай», «Ырмақ-Өзен» «Майдантал» су қоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілген. Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 4 млрд текше метр көлемінде бос қоры бар. Мамандар ақпан айында жауын-шашын мөлшерде түсетінін болжап отыр.  

Сондай-ақ жиында «Тұран-Су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесов 2023-2024 жылдардағы су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспары бойынша аудан, қала әкімдіктерінің сұранысы негізінде техникалар бөлініп, 6 аудан, қаладағы тасқын суды өткізетін 47,5 шақырым өзен арналары мен арықтар тазартылғанын жеткізді. Аудандар мен Арыс қаласы әкімдіктерімен бірлескен іс-шара түзіліп, жоспарланған 679,7 шақырым каналдардың, бүгінгі таңда 659,9 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілген. Қаңтар айының 20-на дейін жоспар толық орындалады. Мамандардың мәлімдеуінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шаруаларға ағын суды жеткізу мүмкіндігі артып, су шығындары азайып, елді мекендер және инфрақұрылымдық нысандарды су басу қаупі жойылды.  

Айтпақшы, күні кеше Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ойпатты бөліктер мен су қорғау аумақтарында үй салуға тыйым енгізуді ұсынды. Министрдің мәлімдеуінше, өткен жылғы талдау көрсеткендей, негізінен ойпатты бөліктерде салынған, сондай-ақ су қорғау белдеулерінде және өзен арналарына жақын орналасқан үйлер су астында қалады.  

– Мысалы, Түркістан облысы Арыс қаласындағы су басқан тұрғын үйлер су қорғау белдеулерінің аумағында орналасқан және Ақтөбе облысының Қобда ауылындағы үйлер ойпатты бөлігінде салынған, – деді министр.  

Генерал Таев турасын айтты ма, әлде...
Данабек Исабеков, Мәжіліс депутаты: «Мегаполистің мәселесін Парламентте көтереміз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу