Шымкентте 35 мың орындық стадион салынады

Oinet.kz 30-01-2024 308

417465999_1184794556013364_2172903673474754390_n.jpg 

 Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ордабасы» футбол командасының жанкүйерлерімен кездесіп, футболды дамытудағы жоспарларымен бөлісті. Былтыр команда 32 жылдық тарихында алғаш рет ел чемпионы атанған болатын. Дегенмен, клубтың жылдар бойы қордаланған қарызы 4,2 млрд теңгеге жеткен.

Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, күрделі мәселе әкім тапсырмасына сәйкес шешімін тапты. Қазіргі таңда клуб берешегі толықтай жабылып, УЕФА чемпиондар лигасына қатысатыны ескеріліп, жергілікті бюджет есебінен биылға 4, 3 млрд теңге қаржы бөлінді. «Ордабасы» клубы Еурокубок ойындарына қарызсыз қатысатын болады. Қала әкімдігі өз тарапынан өзекті мәселелердің барлығын шешіп, міндеттемелерін толықтай орындады. Алдағы уақытта қаражаттың тиімді жұмсалып, команданың нәтижелі ойын көрсетуіне тікелей клуб президенті Б.Абдубаитов жауапты.

– Жуырда Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беруім барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатынмын. Президентіміз биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берді. Биыл «Бозарық» елді мекенінде 35 мың орынға есептелген стадион құрылысын бастап, 2 жылда, яғни 2026 жылдың ортасына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. «Қажымұқан» стадионы туралы да көпшіліктің арасында әртүрлі алыпқашпа ақпараттар таралуда. Оның бәрі негізсіз. Бұл стадионды да реконструкциядан өткізіп, команданың қосалқы алаңына және жеңіл атлетикадан ұлттық команда жаттығатын орынға айналдыратын боламыз, – деді Ғ.Сыздықбеков.

 


Шымкент әкімдігі Еңбек мобильдігі орталығы директорының қамауға алынғанын растады
Ерлан ӘБДИЕВ, Мәжіліс депутаты: Кішкене кедергінің өзі мүгедек үшін үлкен проблема
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу