Ерлан ӘБДИЕВ, Мәжіліс депутаты: Кішкене кедергінің өзі мүгедек үшін үлкен проблема

Oinet.kz 31-01-2024 326

e2c6a879-805e-4e9c-b78a-1491a9492c5b.jpg

– Сіз еңбек жолыңызды Маңғыстау облысынан бастадыңыз. Кеңес дәуірінде де осы өңірде толқулар болғанын білеміз. Тәуелсіздік жылдары да мұнда баскөтерулер, наразылықтар жиі болады. Неге ереуілге көбінесе маңғыстаулық мұнайшылар шығады? Олардың табысы сол өңірдегі мұғалімдер, басқа да салалардың жұмысшыларынан артық болмаса кем емес қой?

– Мұнай саласында айлық өзге салалардан жоғары болатындықтан бұл салада жұмыс істегісі келетіндер өте көп. Мұнайлы өңіріміздегі жоғары айлық тек жергілікті тұрғындарға емес, өзге өңірлердегі азаматтарымызға да тартымды. Сол себепті өңірге жұмыс күші ағылды. Шетелдік инвесторлардың көптеп келуімен шетелдік жұмысшылардың да қатары артты. Ірі инвесторларға мердігер болып мыңдаған компаниялар ашылды. Кей компаниялар жұмысшыларына жоғары айлық төлеп, жағдайын жасаса, кейбірі ондай жағдай жасамады. Салдарынан түрлі әлеуметтік теңсіздік туындап, жұмысшылар наразылығы күшейді. Сондықтан да бұл мәселелердің әрқайсысын жеке алып қарастыру керек. Білуімше кей жұмысшылар кіші мердігер компанияға жалданбай, жағдайы жақсы әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған ірі компанияларда жұмыс істегісі келеді. Бұл мәселелер бойынша да заң аясында диалог құрып, ортақ шешімге келу керек деп санаймын. Маңғыстауда жұмысшылар наразылыққа көбірек шығатын болып көрінсе, ол жақтағы жұмысшылардың әрі компаниялардың көптігімен түсіндірер едім. Ал, еліміздің өзге өңірлерінде мұндай көп өндіріс бір аймақта шоғырланбаған.

– Жастар көбіне заңгер, экономист, банк ісі секілді мамандықтарға құмартса, сіздің таңдауыңыз тау-кен ісіне түсті. Мұндай шешімді не себепті қабылдадыңыз?

– Біріншіден, мен геофизика саласы инженерінің баласымын, атам да кенші болған. Екіншіден, табиғи ресурстарға бай өңірде инженер мамандарға сұраныс болатынын ескердім. Үшіншіден, туған өлкем Кентау қаласында Кеңес заманынан бері кен өндіру саласы дамыды. Қала тұрғындарының көбі инженерлік сала мамандары. Сол ортада туып-өскендіктен өзге мамандық ойыма да келмепті.

– Бір күн облыстық деңгейдегі басқарманың басшысы болып та қызмет атқарып үлгердіңіз. Қандай әсер алдыңыз? Нендей тәжірибе алдыңыз? Бұл таза пиар-акция болды ма, әлде елге, өзіңізге қандай да пайдасы тиді ме?

– Бұл ешқандай да пиар-акция емес! Қоғам белсендісі ретінде жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе қоғамдық жұмыстарға атсалыстық. Мемлекеттік органдардың жұмысын түсіну үшін маған бұл мол тәжірибе болды. Мен өз кезегімізде мемлекеттік қызметкерлерге мүгедектігі бар адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау бойынша тренинг өткіздім.

– Біздің елдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың белсенділігін, ізденімпаздығын, өмірге деген құштарлығын қалай бағалар едіңіз? Жалпы, мүгедек адамның орны қайда – үйде ме, әлде қоғамдық орындарда ма?

– Мүгедектігі бар азаматтарымыздың белсенділігі жәй адамдардың белсенділігінен еш айырмашылығы жоқ. Белсенділері де, белсенді еместері де бар. Сондықтан бұл жағынан бөліп қарағанды дұрыс көрмеймін. Бәрі адамның болмысына, мінез-құлқына байланысты. Мүгедектігі барлар барлық азаматтар сияқты қоғамдық өмірді қалыптастыруға белсенді қатысуға құқылы. Олардың тәжірибесі мен көзқарасы біздің қоғамға құнды үлес қоса алады. Қазіргі инклюзия бағытындағы ел Президенті реформаларының бірі – осы санаттағы адамдарды қоғамға кіріктіру (интеграциялау). Оның бір айғағы – Парламенттегі депутаттық мандаттарды квоталау нәтижесінде 7 мүгедектігі бар азамат депутат атанды. Одан бөлек әртүрлі деңгейдегі маслихаттарда 71 мүгедек депутат бар. Мүгедектігі бар тұлғаның орны қоғамда – мен олардың қажеттіліктерін қолдау және оларға назар аудару, олардың табысты дамуы үшін қолайлы жағдай жасайды деп сенемін.

– «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының жетекшісісіз. Бұл топтың қолынан не келеді? Құрылғалы бері нақты не шаруа тындырылды? Атқарғыңыз-ақ келетін, бірақ қолыңыздан келмей тұрған қандай да бір жобалар, бастамалар бар ма?

– «Инклюзивті Парламент» Парламент жұмысындағы инклюзия мен теңдік қағидаттарын қолдауға және ілгерілетуге бағытталған бастамашыл депутаттық топ болып табылады. Біз әрбір азаматтың, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың саяси процеске және шешім қабылдауға қатысуға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге тырысамыз. Топ құрылғаннан бері парламенттік тыңдаулар, арнайы іс-шаралар өткізу және мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау заңнамаларын күшейту үшін қадамдар жасалды. Дегенмен, әлі де көп жұмыс бар, соның ішінде инклюзивті тәжірибелерді кеңірек енгізу және мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін ескеретін жаңа заңнамаларды әзірлеу қажет. Біздің мақсатымыз – заңнамалық процесте инклюзия деңгейін арттыруға бағытталған жобалар мен бастамаларды ілгерілету. Бұған инклюзивті білім беру бағдарламаларын қолдау, жұмыс орындарын құру, мүгедектігі бар азаматтарға медициналық және әлеуметтік қызметтерді жақсарту, қолжетімді ортаны құру кіреді.

– Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау қажеттігі биік мінберлерден талай рет айтылғанымен, баяғы жартас – сол жартас күйі қалып отырған сияқты. Жалпы, мүгедектерге толық жағдай жасап, нағыз инклюзивті қоғам құруға айтарлықтай қаржылай шығын кететіні белгілі. Осының қандай да бір жоба-жоспары, есеп-қисабы бар ма?

– Инклюзивті қоғам құру, әрине, қаржылық шығындарды талап етеді. Жалпы осы санаттағы адам өмірін жақсарту мақсатында мемлекеттің ірі бағдарламасының алғашқысы 2012-2018 жылдары болды. Ол 3 кезеңнен тұрды. Осы уақыт аралығында ғимараттарды, объектілерді паспорттаудан өткізу процесі жүрді. Одан кейін, осы бағытта «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды бекіту туралы» Үкіметтің 2019 жылы қаулысы қабылданған. Ондағы 3-параграфы кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта, яғни бұл тарауда 3 пунктінде де жүйелі қолжетімділік туралы айтылады. Инклюзивті орта құрамыз десек, осы үш пунктті іс-жүзінде орындау ең басты міндеттілік деп айта аламын.

Қазір жоғарыда айтылған Ұлттық жоспардың уақыты аяқталғаннан соң, логикалық жалғасы ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдан басталатын «Инклюзивті қоғам» атты стратегиялық жоспарды әзірлеуде екенін хабарлады.

Елімізде толық кешенді қолжетімді орта қалыптастыру үшін кем дегенде 7 триллион теңге қажет. Сондықтан, осы кешенді іс-шараны орындауды 2050 жылға дейін жоспарлап, оны 5-7 жылдық кезеңдерге есептеп, «әлеуметтік инклюзивті кәсіпкерлік» аясында атқарылатын «Ұлттық стратегиялық инвестициялық жоба» даярлауымыз керек. Сонда ғана жекеменшіктерге біртіндеп бейімделуге мүмкіндік беру арқылы Үкімет шығыны 3 еседей азаяды. Осы «Ұлттық стратегиялық инвестициялық жобаның» орындалуының бастапқы этаптары «Инклюзивті Парламент» тобының қатаң бақылауында болуы керек деп есептейміз.

– Қоларбаға отырып, пандусты өзі тексеретін шенеуніктерге көзқарасыңыз қандай? Бұл жанашырлық па, әлде көзбояушылық па?

– Мұны әркім әрқалай түсінеді. Ал, негізі ол сол шенеуніктің ниетінде жатыр. Қоларбаға таңылған адамның жағдайын түсінуі үшін шынымен де қоларбаға отырып оның жүретін жолдарымен жүріп көру керек. Кейде жолдағы кішкене кедергінің өзі мүгедектігі бар адам үшін үлкен проблемаға айналады. Сондықтан да инфрақұрылымға жауапты шенеуніктердің ғимараттар мен жолдарды қабылдарда қоларбаға отырып, тексеріп көруін құп көремін.

Сұхбаттасқан Қасиет ӨМІРБЕК.


Шымкентте 35 мың орындық стадион салынады
Нұржігітов Түркістанды су тапшылығынан құтқара ала ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу