Мақсұт Исаховтың ақталуы мүмкін бе?

Oinet.kz 08-02-2024 352

Айтпақшы, Қоқанбаевтан кейін көп ұзамай сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен ұсталған Шымкент қаласы әкімінің көлік саласын дамытуға жетекшілік жасайтын орынбасары Мақсұт Исаховтың соты басталды. Исаховты былтыр шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұтқындаған болатын. Бұрынғы орынбасарға Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлімімен (аса ірі көлемде пара беру) айып тағылған.

Screenshot_5.jpg

2020 жылдың мамырында Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша Ю.Гагарин көшесіндегі жылу жүйелерін ауыстыруға тендер жариялаған. Лотқа қойылған ақшаның көлемі 685 миллион теңгені құраған. Конкурсқа тоғыз компания қатысып, біреуі жеңімпаз атанған. Алайда, мұнымен келіспеген «Старт-Строй» компаниясы сотқа жүгінген. Сот оның талап арызын қанағаттандырып, конкурс хаттамасын жарамсыз деп тапқан. Осыдан кейін Мақсұт Исахов аталған компания директорының орынбасарын әңгімеге шақырған. Әңгіме барысында ол компания өкіліне тендерге қайта қатысудан бас тартуды, оның есесіне 187 миллион теңге берген жағдайда 11 миллиард теңгені құрайтын басқа тендерді алып беретінін айтқан. Екіарадағы әңгімені директордың орынбасары смартфонының диктафонына басып алған.

2021 жылдың желтоқсанында компанияның басшылары Бас прокуратураға арызданады. Прокурорлар істің анық-қанығын анықтауды антикорға жүктеген. Алайда, бұл іс созбалаңға салынған. Осыдан кейін әділдік таппаған арызданушылар Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барған. ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаменті «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғайды. Істің насырға шауып бара жатқанын түсінген М.Исахов ҰҚК департаментінің тергеушісіне ірі көлемде пара бермек болғанға ұқсайды. Сол мақсатта былтыр 19 шілдеде тергеушіге арналған 200 мың доллар пара қаладағы дүкендердің біріне қалдырылған. Оны ҰҚК қызметкерлері айғақтық зат ретінде алып, артынша Мақсұт Исаховты ұстаған.

Бір қызығы, прокуратура былтыр 30 қыркүйекте Исаховқа қатысты «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қозғалған алғашқы қылмыстық істі қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қысқартып жіберген. Егер Исаховтың әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы болмаса, ол ҰҚК-нің тергеушісіне параны не үшін берген? Қарап отырсаңыз, шым-шытырық, қарама-қайшылығы көп дүние.

Мәселенің анық-қанығы сот үкімінен кейін белгілі болады. Мақсұт Исаховтың соты 12 ақпанға белгіленді. Әліптің артын бағайық.

Президент: Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады
Мирас Төлебаев: Лобби бар, бізге де қысым жасағандар болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу