Ғабит Сыздықбеков— ауыс-түйісті ең көп жасаған әкім

Oinet.kz 27-03-2024 369

 416062874_1171989917293828_3907327180204712972_n-905x613.jpg

Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков қарамағындағы қызметкерлері арасында ауыс-түйістерді ең көп жасайтын басшы болып шықты. Дәлірегі Шымкенттің тізгінін осыдан жеті айға жуық уақыт бұрын ұстаған Сыздықбеков кадрлық сапырылыс жасауға құмар шенеунік. Мұны біз емес, статистикалық мәліметтерге сүйенген сарапшылар айтып отыр.

Жуырда телеграмдағы Политпросвет.kz каналы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметтері негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша орталық атқаруш органдардағы кадрлық ауыс-түйістерге талдау жасаған болаты. Міне, енді осы аптада аталған канал ашық дереккөздеріндегі мәліметтердің негізінде жергілікті атқарушы органдардағы кадрлық ауыс-түйістердің рейтингісін жария етті.

Рейтингті төменнен жоғарыға қарай, дәлірегі кадрлық ауыс-түйіс аз жасалатын өңірлерден  бастап көрейік. Тізімнің ең басында Жеңіс Қасымбек тізгін ұстаған Астана қалалық әкімдігі тұр. Елорда  әкімдігінде кадрлық өзгерістер-- 0,8 пайызды құраған. Екінші орында Марат Ахметжанов жетекшілік ететін Ақмола облысы иеленді. Ақмола әкімдігіндегі кадрлық ауыс-түйістер 0,9 пайыздан аспаған. Үздік үштікті Алматы облысы (әкім Марат Сұлтанғазин--1,1 пайыз) түйіндеді. Ерболат Досаев басшылық ететін Алматы қаласының әкімдігі (1,8 пайыз) төртінші, Құмар Ақсақалов жетекшілік ететін Қостанай облыстық әкімдігі (1,9 пайыз) бесінші орында тұр.

Алтыншы орынды Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары алды. Серік Шәпкенов пен Нариман Төреғалиев әкімдік ететін өңірлердегі кадрлық өзгерістер 2,7 пайызды құраған.

Түркістан облысы осыдан кейінгі жетінші орында тұр. Дархан Сатыбалдының командасындағы ауыс-түйістердің көрсеткіші 2,9 пайыз.

Бұдан әрі Ғауез Нұрмұхамбетов жетекшілік ететі Солтүстік Қазақстан облысы (3,2 пайыз), Ермағанбет Бөлекбаев басшылық жасайтын Қарағанды облысы (3,3 пайыз) тұрса, алғашы ондықты Нұрлыбек Нәлібаев тізгін ұстаған Қызылорда облысы аяқтайды (3,7 пайыз).

Павлодар облыстық әкімдігі --11- орынды (Асайын Байханов-- 3,8 пайыз), Жетісу облыстық әкімдігі  --12-орынды (Бейбіт Исабаев –3,9 пайыз), Ақтөбе облыстық әкімдігі  13-орынды (Асхат Шахаров --4,2 пайыз), Маңғыстау облыстық әкімдігі 14-орынды (Нұрлан Ноғаев-- 4,3 пайыз), Шығыс Қазақстан облысы—15 орынды (Ермек Көшербаев –4,4 пайыз), Жамбыл облысы --16 орында (Ербол Қарашөкеев--4,8 пайыз), Абай облысы –17 орынды  (Нұрлан Ұранхаев --5,6 пайыз),  Ұлытау облысы –18 орынды (Берік Әбдіғалиұлы --5,9 пайыз) иеленді.  

 Ал ең соңғы орында Шымкент қалалық әкімдігі тұр. Ғабит Сыздықбеков жетешілік ететін үшінші мегаполисте кадрлық ауыс-түйістердің көрсеткіші 6 пайызға жеткен.

Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі лауазымына былтыр қыркүйектің басында Тоқаевтың Жолдаудан кейін жасаған үлкен ауыс-түйісі кезінде тағайындалған болатын. Ол келген бойда екі орынбасарын, аппарат басшысын жаңартты. Үш кадрды да сырттан алып келді. Бірқатар басқарма басшылары ауысты. Бір басқарма басшысының міндетін атқарушыны жиналыс үстінде антикордың қызметкерлеріне ұстатып жіберді. Қызметке келгеніне жеті айға жуықтаса да Сыздықбековтың командасы әлі толық жасақталып біткен жоқ.  Шымкент қалалық әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда әлі кемінде екі басқарма басшысының орны бос тұр.

Шымкентке келген бойда Сыздықбеков Президентің тапсырмасы бойынша опера және балет театрының ғимаратын бастап, әлемдік стандарттарға сай келетін стадион салғалы жатыр. Ол кадрлық ауыс-түйістерді де Президенттің тапсырмасымен жасап жатқан болуы әбден мүмкін. Өйткені Мұрат Әйтеновтың кезінде жемқорлыққа әбден былыққан Шымкент қалалық әкімдігі жаңаруды, өзгерістерді қажет етеді. Ал енді Сыздықбеков сенім артқан кадрлар үмітті қаншалықты ақтайды? Бәрін тақсыр уақыттың төрелегіне қалдырдық.


Алтай Көлгінов жаңа қызметке тағайындалды
Қазақстанда депрессияға шалдыққандар көбейген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу