Тұрғымбаев тұтқындалды

Oinet.kz 02-05-2024 178

Бас прокуратура бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын растады.

– Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда. 29 сәуірде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды. Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды. Мемлекеттік құпияларды құрайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу ҚР ҚПК-нің 47 және 201-баптарының талаптарымен регламенттелген,– делінген Бас прокуратураның таратқан мәліметінде.

Ақпарат құралдарында жарияланған кейбір мәліметтерге қарағанда, экс-министр қазір елордадағы уақытша ұстау абақтысына қамалған. Наурыз айынан бері ол тергеуге шақырылған. Осыған дейін бас шарасы үйқамақта болған көрінеді.

Ерлан Тұрғымбаев еңбек жолында Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстық полициясына басшылық жасаған. Министрліктегі тергеу комитетінің төрағасы лауазымын атқарған. 2019-2022 жылдар аралығында Ішкі істер министрі болған. Ол бұл қызметтен Қаңтар оқиғасынан кейін босатылды.     

Айта кетері, Наурыз мерекесінің алдында кейбір ақпарат құралдарында Тұрғымбаевтың ұсталғаны туралы мәліметтер жарияланған болатын. Бас прокуратуар осыған қатысты мәлімдеме таратты. Онда: «2022 жылдың басынан бастап Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуге, сондай-ақ азаматтарға азаптауды қолдануға байланысты күш органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеп-тексерулерді жалғастыруда.      Оларды жасағаны үшін соттармен облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар басшылары мен қызметкерлері сотталды.    Жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер шеңберінде Ішкі істер экс-министрі Е.Тұрғымбаевтан жауап алынды»,– делінген болатын.

Яғни, алдыңғы мәлімдемеден Тұрғымбаевтың ұсталуы Қаңтар оқиғасымен байланысты екендігін аңғару қиын емес.

Тоқаевтың тапсырмасын түркістанша орындау: Мұздыбековтің мұнысы несі?
Қариннің беделі қатты түсіп бара жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу