​Сыздықбековке «сатқындық» жасау - «Қуатжылуорталығы» жемқорлықтың ордасына айналған ба? (ВИДЕО)

Oinet.kz 15-05-2024 1114

Шымкентті Әйтеновтың кезінен қалған былық-шылық, тамыр жайып кеткен сыбайлас жемқорлықтан тазарту оңай шаруа болып тұрған жоқ. Әсіресе, Шымкенттің қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков үшін. Мегаполистің әкімі  қызметіне келген бойда жемқорлықпен күреске білек сыбана кірісті. 

Screenshot_2.jpg

Тіпті қарамағындағы бір қызметкерді қара есекке теріс мінгізгендей, жиналыстың үстінде антикордың қызметкерлері ұстап әкетті. Өзінің командасында жемқорлыққа жол берген сатқындардың болмауы керектігін алқалы жиында атап айтты. Осының бәрі сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуге шақыру, коррупцияның кез келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру екендігі айтпаса да түсінікті. Алайда осындай сын сәтте Сыздықбековтің өзі тағайындаған кадрларының соңынан «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге барды», «заңды бұзды» деген әңгімелер еріп, қарамағындағы қызметкерлерді шулатып жатқаны қызық болды. Бұл сонда Сыздықбековті ұятқа қалдыру ма, сатқындық жасау ма, әлде оған қарсы қасақана әрекет пе? Жұртшылық мұны неге жорырын білмей дал болуда. Әңгіменің тоқетеріне тоқталайық.

Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қарасты «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны директорының міндетін атқарушы  заңды белден басып, қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығарған. Бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған басшының қарамағына туыстарын, қызметінен теріс мінездемемен кеткен, сотталған азаматтарды жинағаны қалай? Ең сорақысы, ол кәсіпорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресумен айналысатын лауазымға бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, сотталған азаматты тағайындаған.

Осыдан біраз уақыт бұрын жоғарыда аталған кәсіпорынның бірнеше қызметкері директордың міндетін атқарушы Асқар Булешовтің жұмыстан заңсыз шығарып жібергенін әлеуметтік желі арқылы жария еткен болатын. Сол кездері бұған жауап берген Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов арызданушылардың өздерін кінәлап сөйлеген еді. Жұртшылықты алдай салу оңай, ал қадағалаушы органдарды алдай алмайсың. Булешовтың заңсыздықтарға барғанын енді бақылаушы органдар анықтап, оған әкімшілік айыппұл салды. Енді  Меңдіқұлов не деп ақталар екен? 

«Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнындағы жұмысымыздан заңсыз шығарылдық» деген Ерғали Рүстембеков пен Жанғали Әшірбай жуырда «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келіп арызданған болатын. Ерғали Рүстембеков аталған кәсіпорында 1998 жылдан бері жұмыс істеген. Соңғы қызметі слесар-дәнкерлеуші. Наурызда оны Булешов жұмыстан босатып жіберген.

Булешов кәсіпорын директорының міндетін атқарушы болып қаңтарда тағайындалды. Ол бұған дейін бөлім басшысы болған. Жаңа басшы келген бойда қызметкерлерге әртүрлі қысымдар жасап, жұмыстан негізсіз босатуды бастады. Алдымен өзінің туысқан ағасы А.Апитановты мекеме директорының орынбасары лауазымына тағайындады. Артынша оны кәсіпорында қызметкерлердің біліктілігін тексеру комиссиясының төрағасы етіп бекітті. Осыдан кейін «өз еркімен арыз жазып кетуден» бас тартқандарды осы біліктілікті тексеру комиссиясы арқылы жұмыстан шығаруға көшті. Босаған орындарға кадр бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Ешанқұл арқылы басқа азаматтарды қабылдады. Мұның арғы жағында қандай әрекеттердің жатқанын түсіну қиын емес, әрине...

Сол күні Ғалымжан Ешанқұл ұялы телефоныма хабарласып, «Сен босатылдың, ертеңнен бастап жұмысқа келмей-ақ қой» деді. Алайда, олар мені жұмыстан шығару туралы бұйрықпен таныстырған жоқ. Мен Апитановтан «Неге мені негізсіз жұмыстан босатып отырсыздар?» деп сұрағанымда, ол маған «орның директорға керек, сені босатып, басқа адамды жұмысқа аламыз» деді.  Кәсіпорында басқа жұмысшыларды да дәл осындай әдіспен босатып жатыр, – деді Ерғали Рүстембеков. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жұмыссыз қалғандардың ұзын-саны 50-60-қа жуықтаған көрінеді.

Жанғали Әшірбай мекемеде жылу қазандығының басшысы лауазымын атқарған. Жаңа басшылар алдымен оның жұмысына қатты шүйлігіпті. Ақпанның соңында «әдеттегіше» емтихан алуға кіріскен.

– Емтихан кезінде мені екі сағат бойы сұрақтың астына алды. Жұмысыма қатысты емес сауалдар да қойылды. Осыдан кейін мені жеке алып қалған Апитанов «орның басшыға керек болып жатыр, сені басқа жаққа ауыстырамыз» деді. Мен оның талабына көнбедім. Осыдан кейін менің үстімнен «атқарып отырған лауазымына сай емес» деп хаттама толтырып, босатып жіберді. Естуімше, Булешов менің орныма бұрын өзімен бірге істеген танысын тағайындапты, – деді Ж.Әшірбай.

Әрине, арызданушылардың айтқандарының ақ-қарасын анықтау, құқықтық баға беру құзырлы органдардың еншісінде.

Screenshot_1.jpg

Ал бізге ұсынған бірнеше құжаттардың алғашқысы директордың міндетін атқарушы А.Булешовтің өзіне қатысты. Тиісті орындардан (құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының базасынан) алынған құжаттарға қарағанда, ол бұған дейін бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Мәселен, 1998 жылы тонау бабымен 3 жылға, 2003 жылы «өзінше билік ету», «адамды бас бостандығынан заңсыз айыру» баптармен 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұдан бөлек, тағы бір қылмысы үшін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесілген дейді.

Мұның бәрі де осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын болған жағдайлар. Яғни, бұл уақыт аралығында оның соттылығы заңға сәйкес жойылған, ал соттылығы жойылған адамға басшылық лауазымды атқаруы заңға қайшы келмейді. Кадр бөлімі басшысының міндетін атқарушы етіп тағайындаған Ғалымжан Ешанқұл құжаттарға қарағанда 2017 жылы Ордабасы аудандық полициясындағы учаскелік инспектор қызметінен теріс қылықтары үшін босатылған екен. Мұны да арызданушылар тиісті мекемелерден алынған анықтамалар арқылы біліпті.

Ал енді мекемеге биыл офицер-комплаенс лауазымына тағайындалған Данияр Толыбаевқа қатысты құжаттармен танысып, аң-таң болдық. Д.Толыбаев 2018 жылы Еңбекші аудандық прокуратурасында жұмыс істеп жүріп, бір жәбірленушіден 100 мың теңге талап еткен. Оның 50 мың теңгесін алу кезінде ұсталған. Тергеу барысында ол прокурормен процестік келісім жасап, кінәсін мойындаған. Нәтижесінде «алаяқтық жасауға оқталды» деген айып бойынша 750 мың теңге айыппұл салуға сотталған. 2019 жылдың 8 сәуірінде Қаратау аудандық соты шығарған үкімде Толыбаевтың мемлекеттік мекемелерде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылғаны жазылған. Сонда мұндай азамат 100 пайыз мемлекет меншігіндегі мекемеде лауазымдық қызметке қалайша тағайындалған?

Біздің білуімізше, офицер-комплаенс лауазымы соңғы жылдары антикордың ұсынысы бойынша мекемелерде ашылған штат.  Оның міндетіне мекемедегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу кіреді. Сонда бұрын жемқорлықпен сотталған азаматты жемқорлықпен күресумен айналысатын лауазымға тағайындаған Булешовтың әрекетіне не айтуға болады? Бұл дегеніңіз шектен шығу емес пе? Бұған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті не айтар екен?   

Арызданушылар кешегі күні бізге Шымкент қаласының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов қол қойған хатты алып келді. Дәлірегі, бұл – Рүстембековтің жазған арызы бойынша «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында жүргізілген тексерудің қорытындысы. Хатта Рүстембековтің жұмыстан заңсыз босатылғаны көрсетілген.  Жұмыстан босату туралы бұйрыққа біліктілікті тексеру жөніндегі хаттама негіз болған. Алайда тексеру барысында біліктілік комиссиясының құрамы, атқарған жұмысы, тіпті құжаттарына дейін заңға сәйкес болмай шыққан.

«Қуатжылуорталық-3» директорының Сізбен еңбек шартын бұзу туралы 20.03.2024 жылғы бұйрығы қолданыстағы еңбек заңманаларына сәйкестендеруге жатады» делінген Қалжановтың Рүстембековке берген хатында (хат мәтінін өзгеріссіз беріп отырмыз – ред.).

Сондай-ақ, хатта сыбайлас жемқорлық санатына жататын бап бойынша сотталған  Д.Толыбаевтың 2024 жылдың 18 қаңтарында директордың бұйрығымен офицер-комплаенс лауазымына қабылдануының да заңға томпақ келетіні, себебі оның сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғаны жазылған.

«Қуатжылуорталық-3» МКК директорының 18.01.2024 жылы «Жұмысқа қабылдау туралы» бұйрығы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 26 бабының 2-тамағы 2) тармақшасына сәйкестендірілуге жатады.

«Қуатжылуорталық-3» МКК директорының атына анықталған еңбек заңнамасы талаптарын бұзу фактісін қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкестендіру туралы орындалуы міндетті 15.05.2024 жылға мерзімі белгіленіп, нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынды», делінген хатта.

Яғни, жоғарыдағы Шымкент қаласының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов қол қойған ресми хат мәтініндегі қасаң сөздерді қарапайым тілмен тәпсірлесек,  Булешов енді өзінің заңсыз шығарған шешімдерінің күшін жойып, жіберген заңсыздығы үшін айыппұл төлеуі тиіс.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Шымкенттің коммуналдық саласы сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батты. Қазір «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының бұрынғы басшысына қатысты іс сотта қаралуда. Жуырда Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының экс-басшысының қамауға алынғаны туралы мәлімет тарады. Осындай кезде коммуналдық саланың басы-қасында жүрген шенеуніктердің етек-жеңдерін жинаудың орнына, заңды белден басып, қызметкерлерді ұлардай шулатуы, соңдарынан «кадрлық бизнеспен айналысты» деген әңгімені өрбітуі нені білдіреді? Ерғали Рүстембеков осыған байланысты қала әкімі Ғабит Сыздықбековтен «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнындағы осы жағдайды бақылауына алып, басшылардың әркетіне тиісті баға беруді, нақтырақ айтқанда, Булешов келгелі мекемеден қызметкерлерді жұмыстан шығару, қабылдау шешімдеріне зерделеу жүргізуді, сонымен бірге жалақыға қатысты тексеру жүргізуді сұранып отыр. Себебі Булешов келгелі біраз жұмысшылардың айлығы негізсіз қысқартылып кеткенге ұқсайды.

     

P.S. Айтпақшы, жұмыстан заңсыз шығарылған Е.Рүстембеков Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына да арызданған екен. Алайда ондағылар шағымдарға атүсті қарап, жылы жауып қоя салған көрінеді. Аталған басқарманың қазіргі басшысы Рзабек Меңдіқұлов былтыр «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында директор лауазымын атқарған. Биыл қаңтарда ол қала әкімі Сыздықбековтің өкімімен аталған басқарманың басшысы болып тағайындалған. Булешовты директордың міндетін атқарушы етіп тағайындаған да соның өзі. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген осы болса керек.

Меңдіқұловтың Сыздықбековтің артқан сенімін қаншалықты ақтап жатқаны осыдан-ақ байқалады емес пе? Әліптің артын бағып әңгімеге қайта оралатын боламыз.

​ Мырзахметов тағылған айып бойынша ең төменгі жазаны алды
Шымкентте мектеп директоры мен орынбасары сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу