Әкім орынбасарына атылған оқ – Оқиғаның басты себебі басараздық ғана ма?

Oinet.kz 23-04-2025 358

Шымкент қалалық әкімдігінде түн ішінде оқ атылды. 21 сәуірде түнгі сағат сегіз жарымдардың шамасында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовты атып кетті.

Screenshot_1.jpg

Бұған дейін Оңтүстікте шенеунікті қорқыту, үркіту сияқты қоқан-лоқылар болып тұратын. Бірақ жоғары лауазымды қызметкердің өміріне дәл әкімдіктің алдында қастандық жасау кездескен емес. Тосын жаңалық елді есеңгіретіп тастады. 

Абырой болғанда оқ тиген әкім орынбасары аман. Оқиға болған күні оның ауыр халде операция үстеліне жатқызылғаны айтылған еді, сейсенбі күні таңертең дәрігерлер оның жағдайының тұрақталғанын мәлімдеді. 

– Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Пациенттің жағдайы тұрақты, ауыр деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр, - делінген Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы таратқан ақпаратта.

Атылған оқтардан зардап шегушінің өкпесіне, бауырына, бүйрегіне зақым келгенге ұқсайды. Дегенмен ең бастысы, аман, қауіпті кезең артта қалды. 

Әкімдікте оқ атылған түні Шымкент қаласының Полиция департаменті арнайы мәлімет таратты:

– Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс оқиғасы орын алды. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, - делінген ресми хабарламада. 

Дегенмен сол түні-ақ әкім орынбасарына жасалған қастандыққа қатысты әлеуметтік желіде әрқилы, қисынды-қисынсыз болжамдар, ақпараттар таратылды. Алғашқыда Берденов күдіктінің әйеліне тиісіпті деген нұсқа өрттей қаулады (күдікті жауабында осылай депты-мыс). Алайда ертеңіне бұл әңгіменің негізсіз екендігі айтылды. Сейсенбіде Шымкент қалалық әкімдігінің жауапты қызметкері күдіктінің әйелімен Полиция департаментінде сөйлескенін,  ол Берденовпен жеке таныстығының жоқ екендігін мәлімдегенін жария етті. Олай болса бұл қайдан шыққан әңгіме? Ол алғаш рет телеграм каналдардың бірінде пайда болды. Шамасы бұл ақпараттың түбі істі қарап жатқан полицейлердің өздерінен шыққан болуы әбден мүмкін. Дәл қазір тергеушілер болған оқиғаны Берденовтың бизнесімен байланыстырып жатқан жоқ көрінеді. Басты мотив— бас араздыққа барып тірелетінге ұқсайды. Бірақ ол қандай араздық,  неғылған келіспеушілік?

Әкім орынбасарына қарсы үш мәрте оқ атылған (кейбір ақпарат құралдары жалпы мылтықтан бес мәрте оқ атылғанын жария етті). Осыған қарағанда, күдікті Беденовты жай ғана қорқыту емес, оның өміріне қастандық жасау ниетімен әрекет еткен болуы мүмкін. 

Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, әкім орынбасарына қарсы оқ атқан күдікті Ернар деген азамат бұрын прокуратура саласында жұмыс істеген азаматтың баласы көрінеді. Ол былтыр шілдеде әкімдікке қарасты  көпқабатты үйлерді жаңғыртумен айналысатын «Тұрғын үй Шымкент» деп аталатын ЖШС-інің директоры қызметіне тағайындалған. Кешеден бері әлеуметтік желі белсенділері оқиғаның басты себебін күдікті мен әкім орынбасары арасындағы қызметтік кикілжіңмен байланыстырып жатыр. Берденов «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-інің жұмысына бақылау жасаған көрінеді. Жақын күндері ол мекемеде тексеру жүргізіп, басшысын қызметтен босатпақ болғанға ұқсайды (бұл адам өміріне қастандық жасауға жеткілікті себеп пе?). Ел арасындағы осындай жел сөзге құзырлы органдар дер кезінде тиісті жауабын беріп отыру керек емес пе?  

Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына ақпан айында тағайындалған болатын. Оған дейін Мәжіліске «Республика» партиясы атынан депутат болып отырған. Оның алдын бизнеспен айналысқан. Шымкенте оның дәріханалар, мейрамханалар желісі бар. Берденовтың партиялас серіктері қастандықты оның жұмысымен байланыстырып жатыр. 

«Бұл жағдай Берденовтың Шымкенттегі құрылыс саласын ретке келтіруімен байланысты сияқты», «Русланға осыған дейін де бірнеше мәрте қоқан-лоққы жасалған екен», – деген пікірлер де кездеседі. 

Алайда мұның бәрі де бергі жақтағы болжам ғана. Істің анық-қанығы тергеу амалдарынан кейін белігі болады. 

Берденов Мәжіліс депутаты болған кезде жұртшылыққа суперқаһармен «Бэтмен» бейнесімен танылған. Шымкентке келер кезде ол туралы «келешекте мегаполистің әкімі болады» деген әңгімелер айтылған еді. Болған оқиға орынбасардың карьерасына қаншалықты әсер етеді?  Әліптің артын бағып көрейік.

«Аурухана төсегінде жатқанын да түсінбеді»: Руслан Берденовтің жағдайы жақсарып келеді
Блогер болып бопсалау немесе «аңқау елге арамза молда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу