Сілекейін ішкізіп, еденді жалатады-Депутат психологиялық тренингтер жайлы ащы шындықты жайып салды
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Қазақстанда өтіп жатқан кейбір психологиялық тренингтерде азаматтарға адамдық ар-намысқа қайшы әрекеттер жасатылатынын мәлімдеді деп жазады Оinet.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қатысушыларды бір-бірінің сілекейін ішуге, еденді тілмен жалауға мәжбүрлеп, ер адамдарға әйел киімін кигізіп, жеке құпияларын ашық айтуға итермелейді.
Депутаттың сөзінше, курстар барысында адамдардың телефондары жиналып алынып, психологиялық және моральдық қысым көрсетіледі.
Халық қалаулысының мәліметінше, курс аяқталған соң да қысым тоқтамайды. Қатысушыдан міндетті түрде тағы үш адамды курсқа тарту талап етіледі. Бұл шарт орындалмаса, қоқан-лоқы көрсетіліп, психологиялық қысым жасалады, бұрын ашылған «құпияларын» жариялаймыз деп қорқытады және жобадан шығарамыз деп ескертеді.
Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа және Мәдениет министрі Аида Балаеваға жолдады. Ол аталған тренингтердің заңдылығын тексеруді және адамды қорлау, психологиялық қысым көрсету, мәжбүрлеу немесе манипуляция белгілері бар әрекеттерге құқықтық баға беріп, тиісті шаралар қабылдауды талап етті.
Сонымен қатар депутат мұндай тренингтерге лицензиялау тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.


