Ерлан Қарин: Қазіргі Конституцияда орынсыз сөздер, түсініксіз сөйлемдер көп
Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, қазіргі қолданыстағы Конституцияда орынсыз сөздер, түсініксіз сөйлемдер көп.
- 1995 жылы қабылданған көптеген баптарда дәл емес, күрделі тұжырымдар бар. Бұл оларды қабылдауды қиындатады. Мәселен, Конституцияның 13-бабының 1-тармағында: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы» деп жазылған. Осы сөйлемнен нақты не түсінуге болады? Оқырман да, тыңдаушы да бұл баптың мағынасын толық ұғына алмайды, — деді ол аталған комиссияның отырысында.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, әзірленіп жатқан жаңа құжат бұрынғы Конституциядан біршама ерекшеленеді. Оны үлкен де, жас та бірдей түсіне алады. Бұл жаңа Ата заңның басты артықшылығының бірі.
Қазақстанның 1995 жылы қабылданған Ата заңын арнайы жұмыс тобы дайындаған. Оның құрамында академик, конституциялық құқықтың негізін қалаушылардың бірі Сұлтан Сартаев, көрнекті заңгер, академик Салық Зиманов болған.


