Тоқаев Гренландияны жалға беруді ұсынды

Oinet.kz 06-02-2026

Жылдар бойы ең жақын әріптестер, одақтастар болып саналып келген АҚШ пен Еуропаның арасындағы келіспеушіліктер күшейіп жатыр. Соңғы бірнеше айда күтпеген жерден Гренландия төңірегіндегі даудың ушыға кеткені мәлім, деп жазады Оinet.kz тілшісі.

image.png

АҚШ президенті Дональд Трамп Данияның иелігіндегі осы алып аралды тартып алатынын ашық түрде жариялап, қоқан-лоққы көрсеткендей болған. Бұл әрекетін Американың стратегиялық мүдделерін  қорғаумен түсіндірді. Трамп  Гренландияны Ресей мен Қытай тартып алуы мүмкін деп қорқытып келеді. Бұған еуропалық лидерлер түбегейлі қарсы шығып, Гренландияға әскерлерін жібере бастады. Аралда тұратын санаулы тұрғындар да Американың келуіне қарсылық танытып отыр. Дегенмен, Вашингтон қалайда Гренландияны өзіне қаратуға бел буып отыр. 

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев екі тарапты да қанағаттандыратын бір жол ұсынғандай. Пәкістанға ресми сапармен барған ел Президенті жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында Гренландия төңірегіндегі даулы жағдайға қатысты пікірін білдірді. Халықаралық деңгейдегі кәнігі дипломат ретінде мойындалған Тоқаев Гренландияны Америкаға ұзақ мерзімге жалға беру ушығып тұрған мәселені шешудің оңтайлы жолы екенін атап өтті.  Президенттің сөзінше, қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекеттердің өзара тиімділік негізінде аумақтарды немесе стратегиялық нысандарды ұзақ мерзімге жалға алуы кездеседі. Осы тәжірибені басшылыққа ала отырып, Тоқаев АҚШ пен Дания арасында Гренландияны 120 жылға жалға беру туралы келісім жасауға болатынын  жеткізді. Бұл  бір жағынан АҚШ-тың  стратегиялық мақсаттарға жетуіне жол ашады. Екінші жағынан алғанда, Гренландия заңды түрде Данияның құрамында қала береді, яғни аралдың егемендігіне нұқсан келмейді. 

Тоқаевтың бұл ұсынысы халықаралық деңгейде қызығушылық туғызып отырғанын атап өткеніміз абзал. Шетелдік бірқатар ірі басылымдар мен ақпарат агенттіктері Қазақстан Президентінің ұсынысына мән берді.  Әзірше АҚШ пен Еуропаның ресми өкілдері бұған қатысты ойын білдірген жоқ. Егер Тоқаевтың ұсынысы қабылданатын болса, бұл Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін анағұрлым арттыра түсетіні сөзсіз. 

Ерлан Қарин: Қазіргі Конституцияда орынсыз сөздер, түсініксіз сөйлемдер көп
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу