Кеңсе тауарынан бастап ұлттық киімге дейін: шенеуніктер қандай сыйлықтар алған?
2025 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер мемлекет меншігіне 154 сыйлық тапсырған. Олардың жалпы бағалау құны 2,3 млн теңгені құрады, деп хабарлайды Оinet.kz.

Мәліметке сәйкес, ең қымбат сыйлық – Khan брендіне тиесілі ерлердің шапаны мен дәстүрлі тымақтан тұратын жиынтық. Оның бағасы 288 мың теңгеге жеткен.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің хабарлауынша, тапсырылған сыйлықтардың қатарында кеңсе тауарлары, кәдесыйлар, кітаптар, киім-кешек және сыйлық сертификаттары бар. Барлық мүлік тәуелсіз бағалаушылар арқылы бағаланған.
Қолданыстағы заңнамаға сай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге жататын тұлғалар алған сыйлықтарын жеті күнтізбелік күн ішінде мемлекетке өткізуі тиіс. Кейін олар мемлекеттік меншікке қабылданып, аукцион арқылы сатылымға шығарылады.
Қазіргі уақытта 48 сыйлық сауда арқылы өткізіліп, бюджетке 511,3 мың теңге түскен.


