9,3 мың доллар сыйақы: Ресей кениялықтарды алдап-арбап, соғысқа тартқан

Oinet.kz 20-02-2026

Кенияның Ұлттық барлау қызметі парламентке ұсынған баяндамада Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысу үшін мыңнан астам кениялықтың тартылғаны айтылды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл – бұған дейін билік мәлімдеген көрсеткіштен бес есе көп, деп жазады Оinet.kz.

image.png

Парламенттік көпшілік жетекшісі Кимани Ичунгва депутаттар алдында құжатты оқи отырып, бірқатар жемқор шенеуніктердің адам саудасымен айналысатын синдикаттармен ымыраласқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, делдалдар негізінен  бұрынғы әскери қызметшілерді, полицейлерді және жұмыссыз азаматтарды нысанаға алған. Оларға айына 2 мың доллардан астам жалақы және 9,3 мың долларға дейін қосымша сыйақы уәде етілген.

«Қазіргі уақытта мыңнан астам кениялық   Ресей–Украина соғысына жіберілді», – деді Ичунгва.

Бұған дейін, өткен жылдың қарашасында Кения билігі Ресей жағында 200-ден астам өз азаматы соғысып жатқанын мәлімдеген еді. Ал Украина тарапы Ресей әскері құрамында шамамен 1,4 мың африкалық азамат барын, олардың кейбірі соғысқа  алдау жолымен тартылғанын хабарлаған.

Барлау деректеріне сәйкес, 2026 жылғы ақпан айындағы жағдай бойынша 89 кениялық Украинадағы майдан шебінде жүрген, 39-ы жараланып, ауруханаларға түскен, ал 28 адам хабар-ошарсыз кеткендердің тізімінде.

Баяндамада айтылғандай, алғашында жалданғандар Кениядан туристік визамен шығып, Ресейге Түркия немесе Біріккен Араб Әмірліктері арқылы барған. Найроби әуежайындағы бақылау күшейтілгеннен кейін бағыттар өзгерген: енді олар Уганда, Оңтүстік Африка Республикасы және Конго Демократиялық Республикасы арқылы жол тартқан.

Құжатта сондай-ақ жалдау агенттіктерінің Кения әуежайларының, көші-қон қызметінің жекелеген қызметкерлерімен, сондай-ақ Найробидегі Ресей елшілігі мен Мәскеудегі Кения елшілігінің кейбір өкілдерімен астыртын келісімге барғаны туралы деректер келтірілген.

Өз кезегінде Ресейдің Кениядағы елшілігі тағылған айыптарды жоққа шығарып, Ресейдің мемлекеттік органдары Кения азаматтарын Ресей Қарулы күштеріне заңсыз тартумен ешқашан айналыспағанын мәлімдеді.

Референдумның шығыны – 20 миллиард теңге
Бәйдібек ауданында мемлекет қаржысын талан-таражға салған 14 адам сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу