Бәйдібек ауданында мемлекет қаржысын талан-таражға салған 14 адам сотталды
Түркістан облысында Бәйдібек аудандық білім бөліміне қарасты лауазымды тұлғаларға мемлекет қаражатын жүйелі түрде жымқыру дерегі бойынша үкім шықты. Бұл туралы Оinet.kz порталы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, 18 лауазымды тұлғадан құралған топ (оның ішінде бөлім басшылары, бухгалтерлер мен экономистер бар) ауданның 49 жалпы білім беретін мектебі бойынша жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Бухгалтерия қызметкерлері электронды жүйелерге көрінеу жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем тізімдері мен есеп айырысу құжаттарына білім беру мекемелерінде іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдар енгізілген немесе жалақы мен үстемақы мөлшері қолдан ұлғайтылған.
Айыпталушылар қызметтік жазбалар, бұйрықтар, жұмыс уақыты табельдері секілді жалған құжаттарды пайдаланған. Құжаттар төлем жасалғаннан кейін кері күнмен рәсімделіп немесе есепті формалды түрде сәйкестендіру мақсатында түзетілген.
Жымқырылған қаражат жалған тұлғалардың, соның ішінде туыстар мен таныстардың банк шоттарына аударылып, кейін қатысушылар арасында алдын ала келісілген үлеспен бөлінген.
Келтірілген шығын көлемі 583 млн теңгеден асқан. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген залалды толық өтеген.
Сот үкімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы төрт адамға қатысты қылмыстық қудалау амнистияға байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енді.


