Тоқаев Ресей премьер-министрі Мишустинмен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

А️қорданың хабарлауынша, кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ өзара тиімді диалог пен жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қарқын алғанына назар аударылды.
️Мемлекет басшысының айтуынша, Михаил Мишустиннің Шымкент қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатысуы Қазақстан-Ресей байланыстарының айрықша сипатын және оны одан әрі өрістетуге қос тараптың ұмтылысын тағы да растайды.
"Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады. Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұған әрине, қуаныштымыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әңгімелесу барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне баса мән берілді.
Мемлекет басшысы Астана алдағы сапарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға тың серпін беретін өте маңызды шара ретінде қарастыратынын жеткізді.️Президенттің айтуынша, әзірлік жұмыстары аясында сан қырлы ынтымақтастық тағы да пысықталды.


