Әкім Ағыбаев неге Алдаркөсе атанды? Салынбаған мектеп, құлаған көпір, ауыз судың азабы...

Oinet.kz 24-06-2026

Screenshot_3.png

Президенттің әкімдерге жүктеген, талап ететін  басты міндеттерінің бірі – халықтың өмір сапасын жақсарту. Ал енді ауыз судан, мектептен таршылық көріп отырған Келес ауданында  өмір сапасы туралы әңгіме қозғау мүмкін бе?

Жалпы,  Жәнібек Ағыбаев әкім болғалы Келесте дау-дамай жиіледі. Арыз-шағым, наразылық көп, тіпті төтенше жағдайлар да орын алды. Ал аудан әкімі елге өтірік уәде беруден шаршамайды. Осы себепті халықтың оны Алдаркөсеге теңегенін де естіп жатырмыз. 

Біраз фактілерді еске түсіріп көрейік.

Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған ауылындағы ескі мектептің мәселесі бірнеше жылдан бері ақпарат құралдарын шулатып келеді.  Келестің бұрынғы әкімі Ақментай Есбаев пен қазіргі әкім Жәнібек Ағыбаев «ауылда жаңа мектеп салынады» деген уәде берген. Бірақ ол әлі күнге орындалмады. Кейін  облыстық білім басқармасы «мектептің жобасын дайындап, облыстық құрылыс басқармасына жолдадық» деген. Бірақ жаңа мектеп осы уақытқа дейін салынбады. Масқара болғанда, былтыр аталған ескі мектеп апатты жағдайға түсіп, келестік шенеуніктер  оқушыларды жақын арадағы «Болашақ» мектебіне тасымалдап оқытуға көшті. Ескіқорғандағы ескі мектептің мәселесі ақпарат құралдарында әлі күнге дейін көтеріліп жатыр. Бірақ жаңа мектеп әлі салынған жоқ.

Былтыр жаңа жылдың алдында Келесте елді мекендерді жалғап тұрған көпір құлап, бірнеше ауыл байланыссыз, ауыз сусыз қалды, оқушылары онлайн білім алуға көшті.  Жергілікті шенеуніктер көпірдің құлайтынын алдын ала білгенін, бәрі бақылауда болғанын мәлімдеумен болды. Ал тұрғындардың журналистерге берген сұхбаттарына қарағанда, олар бұл туралы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевқа екі жыл бұрын айтқан, әкім мәселені шешуге уәде бергенімен, ешқандай әрекет жасамаған. Абырой болғанда көпшіліктің көз алдында құлаған көпірден ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл үшін ешқандай шенеунік  жауапқа тартылмады.

Енді міне,  халыққа осындай өтірік уәде беру, мәселені тек қағаз жүзінде шешу ауыз су саласында да болып жатыр.


«Судың қашан келетінін чатта хабарлайды»

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  берген тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін республикадағы бүкіл қала мен ауыл 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, Түркістан облысында 2026 жылы да тіршілік нәріне зар болып отырған елді мекендер аз емес.

Облыстың осы саладағы көрсеткіштерін кері тартып отырған Келес ауданы десек қателеспейміз. Жәнібек Ағыбаев әкімдік ететін Келесте дәл қазір алыстағы ауылдарды былай қойғанда аудан орталығы-Абай ауылының тұрғындары ауыз суды тасып ішеді. Себебі Өзбекстаннан келетін ауыз судың  көлемі халыққа жетпейді. Ал енді мемлекеттің арнайы ауыз су бағдарламасы бойынша бөлінген жүз миллиардттаған теңгелер бұл проблеманы неге шеше алмады? Қыруар қаржы Абай ауылын қалайша айналып өтті? Мұның бәрі жергілікті атқамінерлердің жауапсыздығына, жайбарақаттығына барып тіреледі.

  Бірақ бір қызығы, келестік шенеуніктердің құжаттарында, берген есептерінде аудан ауыз сумен 100 пайыз қамтылып қойылған. Сонда бұл кімді алдау? Президент пен Үкіметті, облыс әкімін алдау емес пе?

Келесте ауыз суға қатысты проблемалар соңғы уақытта әлеуметтік желіде де жиі көтеріледі. Әсіресе, шіліңгір шілдеде Абай ауылында жағдай қиын. Су жетпегендіктен әкімдік тұрғындарға тіршілік нәрін су таситын көлікпен жеткізіп береді.

–Бұл осы соңғы екі-үш жылдың көлемінде орын алып жатқан жағдай.   Қыс мезгілінде, ерте көктемде ауыз суды таңертең және кешке кестемен (2-3 сағаттан) береді.  Мамыр айынан бастап судың қысымы күрт төмендеп кетеді. Биікте орналасқан көшелердегі құбырдан су ақпай қалады. Осы кезден бастап әкімдік суды көлікпен тасуға кіріседі, – деді бізбен хабарласқан Абай ауылының тұрғыны Айбек есімді оқырманымыз. Оның айтуынша, қазір осыған байланысты халық арасында наразылық көп. Тұрғындар ауыз су мәселесін шешіп бере алмаған билікке өкпелі.

– Ауыз суды әкімдік көлікпен екі күн сайын алып келеді. Әр отбасыға 200 литрден беріледі. Одан артық су жоқ. Көше тұрғындарының арнайы чаттары бар. «Су келе жатыр» деп осы жерге хабар беріледі. Алған суымызды арнайы ыдысқа құйып қоямыз. Бір тәуірі, біз ағын суды Ошақты каналынан аламыз. Үйдегі тал-теректі, бау-бақшаны суаруға сол каналдың суы жетіп тұр. Егер ол болмаса күніміздің не болатыны бір Аллаға ғана аян.  Дегенмен есігіңнің алдындағы краннан су арқырап ағып тұрмаған соң жағдайымыз қайбір жетісіп тұр дейсіз?! Қазір адамдар ауылда тұрса да қаладағыдай жағдай жасап қойғанды жақсы көреді. Бірақ біз үйдегі душқа түсе алмаймыз. Кір жуғыш машина сияқты құрылғылар кәдеге жарамайды.

– Енді бұл жағдай қашанға дейін созылады? Әкімдік не дейді?

– Осыдан 15 күндей бұрын аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев орталық саябақта халықпен кездескен. Сол жерде ауыз су мәселесі көтерілді. Әкім Сарыағаш жақтан су тартып жатырмыз деді. Оның қашан іске асатыны белгісіз, – деді оқырманымыз.

Келес ауданындағы ауылдардағы жағдай да осының арғы-бергі жағында. Мәселен жуырда әлеуметтік желіде аудандағы Көлтоған ауылының тұрғындары ауыз судың жоқтығына, жолдың сапасыздығына байланысты Президентке үндеу жасады. Олардың айтуынша, ауылға құбыр тартылғанымен, ауыз су әлі күнге берілмеген. Ағыбаев бастап, қарамағындағы шенеуніктер қоштап халықты өтірік уәдемен алдайды. Мәселені барынша жасырып жабуға, жоғарыдағыларға (Түркістанға) жеткізбеуге тырысады.


Су құжатта бар, құбырда жоқ

Түркістан облыстық әкімдігінің осыдан бір жыл бұрын таратқан мәліметі бойынша Келес ауданында халықтың ауыз сумен қамтылуы 88 пайызды құраған. 83 елді мекеннің 64-і ауыз сумен қамтамасыз етілген.

«Келес ауданындағы ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу үшін Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар аумақта сыйымдылығы 20 000 текше метр болатын су қоймасының және Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар аумақта сыйымдылығы 600 текше метр су қоймасының құрылысын жүргізу көзделген.  Жоба іске қосылған жағдайда, Абай ауылы мен оған іргелес екі ауылдық округтің 25 000 тұрғыны тәулік бойы үздіксіз таза ауыз сумен қамтылады»,– делінген болатын әкімдіктің таратқан мәліметінде.  Бірақ одан бергі аралықта бір жыл өтті.  Жоба әлі жоба күйінде тұр. Өзгерген ештеңе жоқ. Бірақ құжат жүзінде былтырғы 88 пайыз, биыл 100 пайызға жетіп қалған.

Біз осыған байланысты Келес аудандық әкімдігімен хабарласып, ауыз суға қатысты жағдайға түсінік сұрағанбыз. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Жантөре Амангелдімен тілдесудің сәті түсті. Ол Абай ауылына судың тасымалмен беріліп жатқанын жоққа шығарған жоқ.

– Абай ауылына су  Сарыағаш топтасқан су жүйесі мекемесі арқылы беріледі. Су Өзбекстанның каналынан тартылып, Сарыағаш ауданының Таскескен, Курорт, Еңкес сияқты оншақты елді мекені арқылы келеді.  Абай ауылы осы құбырдан ішетін ең ақырғы елді мекен. Сол себепті жазғы уақытта бізге су жетпей қалады. Бұл жағдай соңғы екі-үш жылда туындап тұр.

– Дәл қазір Абай ауылының қанша пайызына су тасымалмен жеткізіледі? – деген сауалға сектор меңгерушісі нақты жауап бере алмады.

– Ауыз су орталық көшелерге шығады. Шет жақтарға бармайды. Сол себепті тасымалмен жеткізіледі. Әр үйге 200 литр судан тегін беріледі. Бұдан бөлек бес алты көше сайын су тазартқыш құрылғылары орнатылған.

Ж.Амангелдінің айтуынша, аудандағы ауыз суға қатысты проблеманы шешу үшін ауқымды жобалар қолға алынған.   Өзбекстанның Зах каналынан су тартылады. Сол үшін жоғарыда айтқанымыздай, екі су қоймасын салу көзделген. Бұл Абай ғана емес, аудандағы 12 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз етеді. Жоба облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына берілген. Бірақ бұл жобаға қаржының қашан бөлінетіні белгісіз. Көлтоғандағы ауыз су мәселесін шешу де осы жобаның іске асуын күтіп тұр екен.

– Дәл қазіргі уақытта аудандағы елді мекендер қанша пайыз ауыз сумен қамтылған?

– 100 пайыз қамтылған.

– Халық суды тасымалдап ішіп отырса, қалайша 100 пайыз болады?

– Аудандағы елді мекендерге ауыз судың тасымалдап немесе  кестемен (тәулігіне 5-6 сағат) беріліп жатқаны рас. Бірақ барлық ауылға су құбыры тартылып қойылған,–деді сектор меңгерушісі.

Яғни, ауыз су құжатта бар, бірақ құбырда жоқ. Барлық мәселе енді Өзбекстаннан су алатын су қоймасының құрылысына тіреліп тұр. Жоғарыда айтқанымыздай,  бұл жоба былтыр, дәлірегі Президенттің  «ауыз су қамту 100 пайыз болсын» деген тапсырмасының орындалу мерзімі бітетін кезде қолға алынған. Сонда келестік шенеуніктер оған дейін ай қарап жүрген бе? Мемлекеттің ауыз су проблемасын шешу үшін бөлген миллиардтаған теңгелері неге осындай өте зәру елді мекендерге жұмсалмады? Ағыбаев халыққа қашанға дейін өтірік уәде береді?

P.S.Жоғарыдағы әңгімелерден байқағандарыңыздай, Абайға суды тасымалдап беру соңғы екі-үш жылдың көлемінде пайда болған. Яғни, бұл тікелей Жәнібек Ағыбаев Келеске әкім болып келген кезден басталған. 

Жәнібек Ағыбаев Келес ауданының әкімі лауазымына 2022 жылдың желтоқсанында тағайындалған. Оған дейін Шымкентте, Астанада, Түркістанда қызмет еткен. Яғни, енді бес-алты айдан кейін оның әкімдік мерзімі түгесіледі деген сөз. Бірақ елге өтірік уәде беру осыменен түгесіле ме?

Келестің оған дейінгі әкімі Ақментай Есбаевтың кезінде ауданда сыбайлас жемқорлық өршіді. Отставкіге кетуі тиіс Есбаевқа сол кезде өте көп кешірім жасалғанын уақытында «Рейтинг» газетінде біз талай мәрте көтердік. Есбаевтың үшінші мәрте жазған арызынан кейін отставкіге кеткені белгілі.  Ал енді оның орнын басқан  Ағыбаевтың Алдаркөсе атанып отырғаны мынау. Келес елге жаны ашитын әкімге жарымай отыр десек, мұнымен көпшілік келісетін шығар, сірә. Салынбаған мектеп, құлаған көпір, ауыз судың азабы... Ағыбаевтың тірлігіне облыс әкімдігі тарапына неге баға берілмейді?  

Келестегі ауыз суға қатысты зерттеулерімізді біз алдағы нөмірлерімізде жалғастыратын боламыз.

«Рейтинг» газеті, 24 маусым 2026 жыл.



Түркістан: Жыл басына бері кәсіпкерлік жобалардың 78-і іске қосылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу