1 миллион қазақ Ата жұртына оралды

Oinet.kz 28-05-2019 1266

Screenshot_2.jpg

Фото: https://emigrant.guru

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жуырда жарияланған соңғы деректеріне қарағанда, 1991 жылдан бері тарихи отанына 260 мыңға жуық отбасы немесе 954 қанадасымыз елге оралды. Бүгінде оралмандар ел тұрғындарының 5,5 пайызын құрап отыр. Елге оралған қандастардың негізгі бөлігі – 61,5 пайзызы көрші Өзбекстаннан, 14 пайыздан астамы – Қытайдан, 9 пайыздан астамы  – Монғолиядан, 7 пайызға жуығы – Түркменстаннан, 5 пайызға жуығы – Ресейден, ал қалғандары – басқа елдерден келіп отыр. Оралмандардың ең көп қоныстанған өңірі – Оңтүстік Қазақстан облысы. Бұл облысқа исі оралманның бестен бірінен астамы орналасқан. Кейінгі оралмандар жиі қоныстанатын облыстар тиісінше – Алматы, Маңғыстау және Жамбыл облыстары. Елге оралған қандастарымыздың 56 пайызға жуығы жұмысқа жарамды азаматтар, 40 пайызға жуығы – 18 жасқа дейінгі балалар, тек 4,5 пайызы ғана – зейнеткерлер.  

Жалпы Қазақ үкіметі оралмандарды әлі де толыққанды қазақ деп санамайтын сияқты. Қазақстан үкіметінің 2014 жылы 8 шілдеде шыққан №783 қаулысына орай Аламты мен Астана қалаларына оралмандарды орналастыруға болмайды. Әрине, бұл Алматы мен Астанаға оралмандар кіргізілмейді деген сөз емес. Бұл екі астанада  оралмандарға мемлекет тарапынан бекітілген көмек пен жеңілдіктер берілмейді дегенді аңғартады. Қазақстан азаматтығын алған оралмандардың мемлекеттік қызметке де орналасуы қиын. Тікелей тыйым мен шектеу жоқ, бірақ елге келген талапты, қабілетті қандастарды қолдау да жоқ.  

Көші-қон ұзақ жылдарға созылатын үдеріс. Бірақ, бұл сала анық жоспар, табанды тірлік, тұшымды тұжырымдаманы талап етіп отыр. Елге оралып жатқан қандастарымыздың пікірінше, көші-қон ретке түсуі үшін бірқатар мәселелер түбегейлі түрде шешілуі керек. 

Қазақстан Үкіметінің көші-қон саласында тиянақты тұжырымдамасының жоқтығы көштің артуына кедергі болып отыр. Ел ішінде қауесет әңгіме көбейіп келеді. Мысалы «Қазақстан көші-қонды тоқтатыпты, енді оралмандарға квота берілмейді екен» деген әңгімелер көптен бері айтылып жүр. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл әңгімелерді тоқтатуға қауқарлы ақпарат беріліп жатқан жоқ. Аймақтардағы көші-қон басқармалары да тұщымды жауап айта алмай отыр, себебі, олардың өздері де бұл сауалдың анық жауабын білмейді.

Оралмандарды көптен толғандырып жүрген келесі мәселе – Қазақстанның көші-қонға жауапты институттары: Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен елшіліктер көші-қон процесінің сан алуан тенденцияларын сараптауға, жіктеп-жіліктеп, сол талдау негізінде мемлекеттік саясатты бағыттауға қауқарсыз болып отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру басты мәселелердің бірі болып қалуда. Көші-қон институттарының тірлігі көр қазушының тірлігі сияқты. Көр қазушы ертең адам өледі ме, өлмейді ме білмейді. Қайсы елден қанша оралман келеді, қандай тенденциялар белең алып жатыр, қай жерге қанша қаржы талап етіледі, жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіледі, геостратегиялық мүдделер қаншалықты ескеріліп жатыр деген мәселелер жан-жақты зерттеліп, екшелу керек. Жиырма жылдық жоспары жоқ адам сіңірі шыққан кедейліктен арыла алмайды екен. Ал көші-қон саласы жеке адам емес, тұтас бір ел саясатының басым бағыты. Алғашында үлкен қарқынмен басталған көш бүгінде сарқылмаса да, жыл санап қысқарып келеді. Бұл саладағы саясаттың мән-мазмұны мен исі қазақтың мүддесін көздеген сипатын жоғалтқаны қашан. Сөзіміздің бір дәйегі – соңғы жылдары көші-қон мәселесі Елбасының жолдауында мүлдем тілге алынбайтын болды. 

Келесі мәселе – оралманның имиджі мәселесі. «Осы оралмандардан-ақ  шаршадық, бар игілік солар үшін жасалып жатыр, олардың жергілікті халықтан қай жері артық, «келгенбайлар» несібемізге серік болып жатыр» деген әңгімелер айтылып келеді. Мұндай сөздерді былайғы жұрт емес, кейде Ата жұртта тұратын өз туыстарымыздан да естіп қаламыз. Саяси қайраткерлер мен ақпарат құралдары оралмандардың тартымды имиджін қалыптастыруға атсалысуы қажет. «Оралман – бауырың, олар бір кезде елден кетуге мәжбүр болған немесе отырған жерлері көрші елдерге өтіп кетіп, Атажұрттан айырылып қалған қандастарың, барыңмен бөліс, егер бөлісе алмасаң, ісінің қайырлы болуына тілектес бол» деген үндеу қажет. 

Соңғы мәселе – оралмандарға берілетін квота мәселесі. Қазір квота беріліп жатқан жоқ. Ал оралмандарға беріліп жатқан көмек – орталық үкіметтің емес, өңір басшыларының қалауына сай атқарылып жатқан тірлік. Қазақстанға қоныс аударамын, елге ораламын деген ағайын бүгінде жаңа заңның қабылдануын күтіп отыр, Жаңа заң қабылданса, сол жаңа заңның негізінде мелекеттік бағдарлама жасалса, сол бағдарлама атқару билігінің қолына тиіп, жергілікті әкімдіктер өз бағдарламасы мен көші-қонға қатысты шешімдерін қабылдаса – сең орнынан қозғалатын шығар. Тоқ жылдар өтіп, жуанның жұқарған кезінде – кезектегі дағдарысытың орта белінде тұрмыз. Қабылданған заңның орындалуын қамтамасыз ету үшін оның қаржылық негізі жасалуы, бюджетте атаулы қаржы қарастырылуы керек. Тәуелсіздік жылдары шетке заңсыз әкетілген 140 миллиард доллардың (бұл сарапшылардың жорамалы емес, Қазақстан қаржы министрлігінің жария еткен мәліметі) 10 пайызы шетте жүрген исі қазақтың елге ораламын дегендерін көшіріп алуға жетер еді. Сайып келгенде қазақ санының артуы – үлкен мемлекеттік саясат. Үлкен жоба үлкен қаржыны талап етеді. Жобаның бағасы жобаның маңызына сай болуы керек. Орысша ойлайтын, орысша сөлейтін қазақ билігі әзірге репатриация, яғни қандастарды елге көшіріп алу мәселесіне шындап кірісе алмай келеді. 

Oinet.kz мұрағатынан, 2015ж

Үндістанның премьер-министрі Моди бала күнінде шәй сатып отбасына көмектескен
«Анасы бас тартқан сәбилерді 200 мың теңгеге сатқан»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу