«Атың шықпаса жер өрте...»

Oinet.kz 04-06-2019 1327

375830.742xp.jpg

Жуырда Египеттің қазіргі президенті Абдул Фаттах ас-Сиси (елде әскери төңкеріс жасап билік басына келген генерал) жаңадан қазылған Суэцк каналының ашылу рәсімін өткізді. Өткен бейсенбі күні Францияның президенті Франсуа Олланд пен Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев қатысқан бұл мерекеде ферғаундардың киімін киген әртістер шоу көрсетіп, бұл шараға мемлекеттік маңыз бен халықаралық мәртебе беруге әрекет етіп жатты. Президент ас-Сиси тұсауын кескен бұл су артериясы бір жыл ішінде жүзеге асырылды. Экономистер бұл жобаға Египеттің қазынасынан 8 миллиард доллар жұмсалғанын айтып отыр. Жергілікті сарапшылар «бұл қымбат жобаның қазір аса қажеті жоқ еді,  қаржы босқа желге ұшты» деп жазып жатыр. Қажеттілігі күдік тудырып отырған бұл жабаның халықаралық сауда көлеміне тигізер ықпалы шамалы деген пікір басым түсе бастады.

Айта кетейік, Суэцк каналы 1896 жылы ашылған болатын. Осы канал іске қосылғаннан соң Еуропа мен Азияны бір-біріне жалғайтын теңіз жолы екі есеге қысқарды. Ұлы теңіз державаларының бұл жобасы Египеттің дамуына, сондай-ақ колониалдық құлдықтың күшеюіне әкелді. Осы тұрғыдан алғанда Суэцк каналы үлкен тарихи масштабтағы жоба болатын. Ал ас-Сисидің құрған жаңа Суэцк каналы әлемдік сауда мен әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал жасай қоймайды. Әрі барғанда жүк тасымалдап жүрген кемелер кезекті азырақ күтетін  болады. Сала мамандары осылай дейді.     

Египеттің жаңа басшысы тарихта өз ізі мен өз орнын айшықтамақ. Басшылар өз атын қалдыруды мұрат тұтып, түрлі жобалар атқарып жатады. Мысалы Қазақстанның қазіргі басшысының тұсында тіпті ел астанасы жылы Оңтүстіктен салқын Солтүстікке көшірілді. Оңтүстік Қазақстан облысын біраз жыл басқарған Асқар Мырзахметовтың тұсында әкімшілік-іскерлік  орталық жаңа   шағын ауданға көшірілді. Біз Батыс емеспіз, басшылардың ынтасымен атқарылған жұмыстарға күдікпен қарау бізде орынсыз саналады. Осылай басшылар елдің есінде қалып, атағын шығару үшін «жер өртемесе» де, түрлі жобаларды атқарып жатады. Бұл үрдістің де қайырлы жағы басым сияқты: Астана салынбаса да, жер асты ресурстарынан келген рента мен аяққа тұрып келе жатқан бизнестен, салықтан түскен қаржы «ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында» кетер еді.

Мұрағаттан, 2015 ж

Нагасаки қасіреті қайталанбауы керек
Ләйлә Сұлтанқызы: «Анам 4 бала тудым деп өкіметке шағымданбады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу