Адам саудасы белең алып барады

Oinet.kz 20-06-2023 231

Адам саудасы бойынша Халықаралық рейтингтегі жағдайымыз мәз емес. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында осыған алаңдайтынын, сонымен қатар шет мемлекеттерде нан тауып жүрген Отандастарымыздың жағдайына алаңдайтынын жеткізген еді.

ab68025dd93695344d5c7fe283479755_original.393930.jpg

Ол өз сөзінде «Бұл ретте шешілмей жатқан мәселе көп. Тіпті, жағдай күрделі деуге де болады. Адам саудасы туралы Халықаралық рейтингтер мен баяндамалар да Қазақстанның жағдайы онша емес. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал» деді.

Жалпы, адам саудасы – адамның қадір-қасиетін кетіріп, жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіретін аса ауыр қылмыс. Тіпті, тұрақсыздық тудырып, ұлтаралық қақтығысты да үдетуі әбден мүмкін. Осыған байланысты Атырау облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Дәурен Ізмұқанов «Атырау облысында адам саудасы бойынша былтырғы жылы 2 қылмыс тіркелген. Бірі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 126-бабының 3-бөлігі бойынша, екіншісі 308-бабтың 1-бөлігі бойынша анықталған. Біз әр тоқсан сайын Республика көлемінде адам саудасына қарсы профилактикалық шаралар жүргіземіз. Аталған екі қылмыс осындай шаралардың нәтижесінде анықталды. Іс барысында ауыл шетінде орналасқан шаруа қожалығында құлдықта жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы анықталды. Анықталған азаматпен психолог жұмыс істеп, өз еліне қайтарылып, құқықтық көмек көрсетілді. Екінші іс жезөкшелікке байланысты анықталды. Яғни, анықталған азаматшаны еркінен тыс өз-өзін саудалауға итермелеген. Ол кісіге де құқықтық көмек көрсетіліп, тиісті шаралар қолданылды.

Әдетте, құлдыққа жеккендер қомақты қажы беретіндігін айтып, түрлі айла-амалдармен азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарын алып қояды. Оларды жұмыс барысында қарызға тығып, өзіне мүдделі етіп алады да, еңбек ақысын төлемейді. Құлдықта ұстаудың негізгі сипаты осындай» деді.

Адам саудасына заң бойынша тыйым салынған. Аталған іспен айналысып, анықталған адам он сегіз жылға бас бостандығынан айырылады. Күн сайып өршіп бара жатқан адам саудасымен бірге күресейік. Егер аталған жәйтқа байланысты хабардар болсаңыз, күмәндансаңыз полиция бөліміне хабарласыңыз.


Масылдықтан арылу қажет
Қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу