Мәйіттік донор: Ел не дейді? Мамандардың пікірі қандай?

Oinet.kz 31-01-2024 689

Бүгінгі таңда елімізде өлімнен кейінгі ағза донорлығын реттеу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл ең біріншіден ағзасы қалыпты жұмысынан айырылған науқастарды ажал аузынан арашалап алып қалу үшін қажет.

Screenshot_2.jpg

Ал қайтыс болған адамның ағзасын науқасқа ауыстыру бойынша дерекке келсек, 2019 жылға дейін мұндай отаның 86 түрі жасалыпты. Жалпы дүние жүзінде мәйіттік трансплантация жөнінен Испания, Хорватия, АҚШ секілді елдер көш бастап тұр. Онда 1 млн жанға шаққанда мәйіттік донор 31-адамнан келеді. Сондай-ақ мұсылман елдерінің ішінде өлген адамның ағзасын трансплантацияға пайдалану жағынан Иран Ислам мемлекеті рейтингтің үстінде орналасқан. ТМД елдері бойынша бұл көрсеткіште Белоруське жетер ешкім жоқ. Қазақстанды алып қарасақ, дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше мәйіттік донор бізде 1 млн адам ішінен 0.021көрсеткішті ғана құрайды. Мәйіттік донорлық өзекті мәселе болғаны себепті күн тәртібіне көтерілді деп түсінеміз. Өйткені елімізде ағза ауыстыруға мұқтаж қаншама адам бар екені белгілі. Көптеген ауыр кеселдерге душар болған жандарды біржолтата емдеудің тиімді әдісі трансплантология болып қалып отыр. Дей тұрсақ та ағза ауыстыру мәселесінде, мейлі ол мәйіттік донорлық болсын халықтың көзқарасы, пікірі әртүрлі.  Осы орайда талқыланып жатқан жаңа ережелерге азаматтардың пікірі қандай екенін сұрап білген едік. Сонымен бірге сұрағымыздың маңызды тұсы азаматтардың мәйіттік донор болуға жеке ұстанымы болды. Дегенмен бұл әр адамның ішкі құпиясы болғандықтан сауалға нақты жауап бергендер де мәселені жабық күйінде қалдырғандар да табылды. 

Screenshot_3.jpg

Жанболат Ділдәбеков, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

Әр адам өміріне өзі жауапты болуы керек

Трансплантация, яғни ағза ауыстыру екі әдіспен жүзеге асырылады. Ол туыстық және мәйіттік трансплантация. Туыстықта тек бауыр, бүйрек ағзасы ауыстырылады. Ол дегеніміз науқастың жақын туысы, генетикалық жағынан сәйкес келетін бауыры бауырының бір бөлігін, бір бүйрегін сол науқасқа бере алады. Туыстық трансплантация дегеніміз осы. Ал мәйіттік трансплантация деген атаудың өзі сәл дұрыс емес. Өйткені өліп қалған адамнан ағза алынбайды. Бірақ дүние жүзінде солай мәйіттік деп аталып кеткен. Негізгі атауы кадаверлі трансплантация. Бұл ретте екі-ақ жағдайда мәйіттік ағза алмастыру жүзеге аса алады. Оның біріншісі жол апатына ұшыраған адамның бас миына қатты зақым келіп миы өліп қалса, бірақ ішкі органдары істеп тұрса, екіншісі инсульт алып миы істен шықса, алайда мұнда да ішкі органдары әлі тірі болу керек. Бас миының өлі немесе тірі екенін анықтайтын электроэнцефалограф аппараты бар. Бас миы өліп қалса ішкі органдарды аппаратпен әрі кетсе бір апта істетіп тұруға болады. Бірақ одан ұзаққа бармайды. Халық көбінесе туыстарын ішкі органдарын алып қояды деп мәйтханаға бергісі келмейді. Мұндай пікір өте қате, дұрыс емес пікір. Себебі адамның ішкі органдары істеп тұрған кезде ғана ауыстыруға жарайды. Туыстықта парлы органдар ғана ауыстырылады. Мысалы бүйректің біреуі немесе бауырдың бір бөлшегі. Жүрек туыстық трансплантацияға жатпайды. Яғни туыстық трнасплантация тек бір-екі ақ органға жәрдем бере алады. Елімізде талқылау қай мәследе жүріп жатыр? Бүкіл дүние жүзінде мәйттік ағза ауыстыру 85 пайызды, туыстық 15 пайызды құрайды. Ал Қазақстанда керісінше, мәйттік 15-ақ пайыз, қалғаны туыстық трансплантацияның еншісінде. Яғни туыстық бізде өте көп. Ол жақсы көрсеткіш емес. Неге десеңіз, туыстық ол аз көлемде болатын трансплантациялық операция. Себебі мұнда сап-сау адамның органы алынады. Ол сау адамға қауіпті. Тірі донорға аз да болса зияны тиіп кетуі мүмкін. Негізінде тірі кезінде әр азамат ағзасын қайғылы жағдай бола қалса ала беруге рұқсат беретін немесе бермейтін ұстанымын Егов базасына тіркеп қою қажет. Бүкіл дүние жүзіндегі практика осындай. Біздегі кедергінің бірі ол миы істен шыққан өлім аузындағы науқастан ағза алу үшін туыстардан рұқсат сұрауы. Менің тәжірибемде туыстар рұқсат берген жағдай кездеспеген. Әр адам өзіне жауапты. Мәселен мен өзім үшін жауаптымын, және тірі кезімде шешім қабылдауым қажет деп есептеймін.

Screenshot_4.jpg

Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент зообағының директоры:

Азаматтық ұстанымымнан ешқашан айнымаймын

Мен өзімнің ұстанымымды бұрын да айтқанмын. Қазір де сол ұстанымнан айнымаймын. Ол менің жеке шешімім. Және одан ешқашан бас тартпаймын. Өліп жатқан адам қиналып жатқан адамға көмек берсе, одан асқан бақыт, сауапты іс, адамгершілік қасиет жоқ шығар. Менің өмірдегі басты ұстанар қағидамның бірі осы деуге болады. Яғни сен өзіңнің ішкі ағазңды өлген соң сол ағзаға мұқтаж адамға сыйға беріп кетсең қандай керемет үлгілі іс болар еді деп есептеймін. Құдай сақтасын, егер апат болып өліп кеткен жағдайда неге жан тапсырған адам өзінің 12 сап-сау мүшесін соған шынайы мұқтаж, күндіз-түні күтіп жүрген науқас адамға беріп кетпеске. Көпшілік жақсы біледі. Мен бұл шешімімді теледидар, басқа да ақпарат құралдары арқылы ашық, еркін түрде жариялап қойғанмын. Және жоғарыда айтқанымдай бұл қабылдаған шешімімнен ешқашан бас тартпаймын. Маған осы мәселемен осы күнге дейін қаншама журналист хабарласты. Қайталап айтамын, мен өзім қиын жағдайда, мәселен апаттан өліп қалсам, дене мүшелерімді мұтаждарға толық тапсырамын, рұқсатымды беремін. Себебі адамның өмірінен артық бұл жалғанда ешнәрсе жоқ. Кейін тағы бір мәселе бойынша да айтайын. Өліп қалған мәйітті өртеуге қалай қарайсыз десе, мен оған да келісімді берер едім. Медициналық талап бойынша жағу керек болса, өртесін. Мұндай шешім де әр адамның өзінің құқығы. Егер кімде кім менің биологиялық кодымды, ДНҚ-ымды біліп алса, бұны қылмыстық әрекет деп санаймын. Себебі мұны мені өлтіруге ұмтылушылық, соған септігі тиетін іс деп ойлаймын. Қазір мәйіттік донорға қатысты заң талқыланып жатыр. Өз басым сол талқылауға қатысуға, өзімнің азаматтық пікірім мен ұстанымымды толық жариялауға әрқашан дайынмын. Өзің өлген соң біреуге өмір сыйлап кетсең жақсы емес пе?! Бұл мәселеде бірінші кезекте адами қасиет керек. Басқа әңгіменің бәрі артық деп санаймын. Басқа елдерде мәйіттік донорлық қалай екенін мен білмеймін. Зерттеп де көрмегенмін. Бірақ адамда әрқашан өзіндік ой, ұстанымы болу керек. Бұл менің жеке көзқарасым. Адам адами қасиетті ұстану үшін ешқандай елдің заңына сүйеніп қажеті жоқ. 

Screenshot_5.jpg

Берік Шотабеков, Абдусаттар Сманов мешітінің имамы:

Донордың рұқсатынсыз ағза ауыстыру – харам

«Ислам дінінде бір адамды тірілтсең, бүкіл адамды тірілткенмен бірдей деген ұғым бар. Сондықтан шариғат жалпы трансплантацияға қарсы емес. тек белгілі бір шарттары бар. Соларды орындау керек. Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Және ағзаны ауыстыру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс. Міне, осы сияқты пәтуаны Мысырдың бұрынғы мүфтилері де шығарған.

 Егер адамның мүшесін ауыстыру өлімге алып барса, мысалы жүрек секілді, онда донар рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Өйткені, оның берген рұқсаты өзін-өзі өлтіргенмен тең. Сондықтан көпшілік ислам ғалымдары донор өзін өлімге қиып рұқсат берсе де ол үшін бұл әрекеті харам болып саналады деген тоқтамға келген. Ал, рұқсат етпесе, бірақ сонда да дене мүшесі алынып қойса онда ешбір айыпсыз адамды өлтірген боп саналады. Бұл екеуі де шариғатта бекітілгендей, харам. Яғни адам өлетінін білсе ағзасын біреуге бермеу керек, екіншіден донордың келісімінсіз ешқандай ота жасалмауы шарт.  Егер ағзасын ауыстыруы өлімге алып бармайтын болса, яғни ол мүшесіз өмір сүре алатын болса, бұл жағдайда рұқсат. Дегенмен бүйректің бірін, бауырдың жартысын беру донордың қатаң рұқсатымен жүзеге асуы тиіс. Бұл нәрселер фиқһ кітіптарында адамға және оның мүшелеріне зиян келтіру жайында нақты баяндалған.

Адам баласы Алла Тағаланың жаратылыстарының ішіндегі ең құрметтісі саналады. Бұл ретте Құран Кәрімдегі «Исра» сүресінің 70-аятында Алла Тағала «Расында адам баласын ардақтадық» дейді. Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) имам Ибн Мәжә риуаят еткен хадисте былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең». Сондықтан адам баласы ең ардақты жаратылыс болғандықтан донорлық мәселесінде өте абай болған жөн. Әрбір пенденің бұл мәселеде жеке көзқарасы, ұстанымы міндетті түрде ескерілуі керек. Жалпы Исламда мәйіттік донорға қарсылық жоқ. Тек бір шартпен ғана, ол донор тірі кезінде тиісті өсиет жазып кету керек». 

Screenshot_6.jpg

Қайрат Бименов, М.Әуезов атындағы ОҚУ тәрбие және әлеуметтік мәселе бойынша декан орынбасары, философия пәнінің аға оқытушысы:

Біздің қоғам әлі оған дайын емес

Қазіргі таңда бұл заңды қолдау әлі ертерек. Өйткені оған еліміз дайын емес. Ол үшін әуелі халықтың құқықтық, саяси сауаттылығын арттыру қажет. Мәйіттік трансплантация бойынша жаппай рұқсат беруге болмайды. Себебі мұның артында үлкен қауіп бар. Сот билігі, прокуратура жұмысын бестік шкаламен бағаласақ екі қояр едім. Өкінішке қарай Қазақстанда әділдік деген нәрсе атымен жоқ. Ал енді сондай мемлекетте адам органдарын келісім презумциясымен рұқсатсыз ала беру өте қауіпті. Ол байдың, қалталы азаматтың бүйрегі ауырса, қарапайым сау адамның органы соған кетіп тұр деген сөз. Сондықтан қазіргі таңда мұндай заңды қабылдау біздің қоғам үшін әлі ертелеу. Себебі елімізде жоғарыда айтқанымдай құқықтық мәдениет өте төмен. Мен өзім өлген соң ағзамды ала берсін деген келісімді ешқашан бермеймін. Өйткені біз әлі Финляндия, Норвегия сынды Скандинавия елдерінің сауатты, әділетті қоғамына жеткен жоқпыз. Саяси сауаттылықта Қазақстанда төмен дәрежеде. Президент бастамасымен Жаңа Қазақстан идеясы қолға алынып жатыр ғой. Сол толық жүзеге асса, бәлкім 40-50 жылдан кейін мәйіттік трансплантация мәселесіне оралуға болатын шығар. Мүмкін сол кезде келісім берермін. Сонымен жүйесіздік бар қазіргі қоғамда бұл бастаманы қолдау сап-сау жүрген қарапайым адамдарға өте үлкен қауіп төндіреді. Ал Скандинавия елдерінің қоғамында халық мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қояды. Сондықтан оларда әділдік бар. Сондықтан оларда эгоист дегендер, тек қарақан басын ойлайтындар жоқ. Тіпті қоғам үшін жанын қиюға даяр. Біз де қоғамды сондай дәрежеге жеткізуіміз керек. Сол кезде ғана осындай тақырыпта әңгіме қозғауымызға болады. Мәселен жуырда журналист Дана Нұржігіт жазды ғой. Кезінде елімізден сыртқа шығарылған 30 баланың тағдыры бүгінде беймәлім. Отызы да үшті-күйлі жоқ. Солар қайда кетті. Әрине менің жеке пікірім осындай заңсыз трансплантологияның құрбаны болып кетуі де кәдік.             

«Құран да бизнес, жаназа да бизнес» - Сәуле Әбілдаханқызы
Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері: «Назарбаевтың ескерткішін құлатқанмен, тарихтан жоя алмаймыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу