Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері: Орбұлақ шайқасы тарихта болған ба, болмаған ба?

Oinet.kz 09-02-2024 784

Қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев әйгілі Орбұлақ шайқасы төңірегіндегі тартыс туралы ойымен бөлісті.  

Screenshot_11.jpg

–  Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Орбұлақ шайқасы болмаған» деп жазды. Сіз осы шайқастың қаһармандарына еңселі ескерткіш орнаттыңыз. Бүгінде Жалаңтөс баһадүрді көрші Өзбекстанның иеленіп жүргені де жасырын емес. Олар тіпті бабамыздың екі халыққа ортақ екендігін мойындағылары келмей, сіздердің Жалаңтөстеріңіз басқа дейді. Бұған не дейсіз? 

–  Бүгінде Орбұлақ шайқасының болғандығын айтулы жазушымыз Бексұлтан Нұржекеев дәлелдеп жүр. Ал, Қабдеш Жұмаділовпен араластығым да, алыс-берістігім де, қол алысып амандасқаным да жоқ. Біреуі дұрыс, екіншісі бұрыс дей алмаймын. Әркім өз пікірінде қалады. Мен осы мәселеге кірісер алдында, шын мәнісінде Орбұлақ шайқасы болған-болмағандығына көз жеткізу үшін 2017 жылы Бексұлтан Нұржекеевпен танысып, «осы оқиға туралы білгім келеді, шайқас болған жерге бірге барайық» деп ұсыныс айттым. Ол кісі қуана келісті. Жалпы, Үкіметтегі тізгін ұстаған атқа мінерлердің өзі Орбұлақ шайқасын мойындап, көз жеткізіп, 350 жылдығын атап өткен. Еліміздің алғашқы Премьер-Министрі Сергей Терещенко, сол кездегі Қорғаныс министрі, халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Президенттің кеңесшісі Әбіш Кекілбай арнайы барып, Орбұлақ шайқасы туралы үлкен жиын өткізген. Сондағы биік жотаның басына жиырма тонналық монолит таспен белгі қойып, бетіндегі тақтайшаға Орбұлақ шайқасының сол жерде болғандығын жазған. Ол жерде ордың ізі жатыр. Арық емес, кәдімгі терең қазылған орды, белгіні, тақтайшаны өз көзімізбен көрдік. Үкіметтің өзі мойындағанын білдік. 

Бексұлтан Нұржекеев екеуіміз төмен түсіп бара жатқанда үлкен ойпатты көрдік. Содан Бекең «Мына тастарды көрдің бе? Бөлек-бөлек орнатылған 56 қойтас 56 сарбаздың белгісі. 1653 жылы қайтыс болған Салқам Жәңгір хан осы жерде жерленген» деді. Аңдап қарасам, оның үстінен адам да, мал да өтіп жатыр. Сосын «осындай қасиетті жер болса, 56 сарбаз жатса, неге қоршалмаған? Неге мемлекеттің қарауына алынбаған? Шайқас болған жотаға белгі қойылған. Бірақ, неге сол шайқастың ерлері аяқ асты жатыр?» дегенімде, жергілікті әкімшілік қолға алмағандығын айтты. «Онда осыны мен қолға алайын» дегенімде, бізбен бірге барған жергілікті әкім «өзіміз жасаймыз» деді. «Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өткелі 25 жыл өтті. Осы уақытқа дейін қайда қарадыңдар? Менің күмәнім бар» дедім де қайттым. Өзіміздің өлкемізге келе сала, осы жұмысқа кірістім. Камазға гранит тас, топырақ, цемент, кетпен-күрек, 200 метр жерді қоршайтын темір шарбақ артып, жұмысшы жігіттермен бірге жібердім. Бір апта өткен соң, қасыма Бексұлтан Нұржекеевті, біраз жігіттерді ертіп бардым. Барсақ, 200 метр жер қоршалған, Салқам Жәңгір ханның бейітіне кесене тұрғызылған. Осылайша аяқ асты боп жатқан әруақтарға қызмет жасап, тағзым еттік. Сол күннің ертеңіне шайқас болған жердің қарама-қарсы бетіндегі биік жотаға атпен шықтық. Сонда тау басынан балбал тастарды көрдік. Ол жерде ерліктің ізі жатыр. Әйтпесе, балбал тас неге қойылған? Бұл да дәлел емес пе? Елді қорғаған батырларын халық білуі керек. Орбұлақ шайқасының орны солай ескерткіш белгі орнатылып, батырларымыздың ерлігін дәлелдеп тұратын жерге айналды. 

Жалаңтөс баһадүр Самарқандта Әйтеке би мазарының маңында, ал Салқам Жәңгір хан Орбұлақ шайқасы болған Алматыдағы Қосқолаң тауында жерленді. Екеуі екі жақта жатқан батырлардың ерлігін халық жадынан шығармайық, өскелең ұрпақ біліп өссін деген ниет-мақсатпен сол кезде Қазығұрттың биік белінен салынып жатқан «Мәңгілік ел» саябағынан «Батыр бабалар» мемориалдық кешенін аштық. Кешенге Жалаңтөс баһадүр мен Салқам Жәңгір ханның ат үстіндегі айбынды ескерткіштерін орнаттық. Оның қасына «Отан қорғау» панорамасын және елім-айлап көшкен елдің панорамасын жасадық. Бұл Үкімет тапсырмасына сәйкес, Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай жасаған үлкен еңбегіміз болды. Кешеннің ашылуына елімізге танымал ұлт жанашырлары, зиялы қауым өкілдері қатысып, ризашылықтарын білдірді. Ашылу конференциясынан кейін әруақтарға бағышталып құран оқытылып, ас берілді. 

Өзіңіз айтқан Қабдеш Жұмаділов «Орбұлақ шайқасы болған жоқ» демейді. Тек Қырғыздың жерінде, өзбектің жерінде, Нарынқолда болды деп түрлі пікірлер айтты. Қалай десек те, Орбұлақ шайқасы болған. Оны жоққа шығара алмаймыз. Өз көзіммен белгіні көрдім, Үкіметтегі атқа мінерлердің мойындағанын білдім. Сосын мен де осы елдің ері ретінде батырлардың ерлігін насихаттауға кірістім. 

–  Жаңылмасам, сіздің ұйытқы болуыңызбен, қаржыңызбен тұрғызылған «Батыр бабалар» мемориалдық кешені орнатылған саябақ мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды емес пе? Қалай ойлайсыз, бүгінде мемлекеттік сыйлық қаншалықты әділ беріліп жүр? 

–  Өкінішке қарай, әділетсіз беріліп жүр. Өзім негізін қалаған Қазығұрттағы «Мәңгілік ел» саябағының орны бұрынырақта сары адыр боп жатқан жазық дала еді, бүгінде қасиетті, тарихи жерге айналды. Қаншама ескерткіштер, кесенелер тұрғызылды. Мен ол саябақты атақ-даңқ, мақтаныш үшін емес, ел игілігі, ұрпақ тәрбиесіне бола істедім. Саябаққа келіп, танысқан ақын-жазушылар, саясаткерлер, танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері «неге мемлекеттік сыйлыққа ұсынбайсыз, әбден лайықты» деп баға берген соң қанаттанып ұсынып едім. Бәйгеге қатыспау керек, ал қатысқаннан кейін жеңу – міндет. Сондықтан сол мақсатта Алматы, Астанада фотокөрмелер ұйымдастырып, біраз тер төктік. Көргендердің бәрінің көзі тойып, қолдау білдірді. Комиссия мүшелері де бірден қолдай кетті. Мен әділдіктен аттамайтын, туралыққа тұратын адаммын. Сондықтан, комиссия мүшелері де мақұлдап отырғасын, өтеміз деп ойладым. Ойым қате болмай, бірінші турда 22 дауыс жинап, алғашқы бестікке кірдік. Сол кезде менің мемлекеттік сыйлықты иеленеміз деген сенімім арта түсті. Жазушы, журналистер де лайықты деп айтып, жазып жатты. Екінші турда өтпей қалдық. Менен кейінгі 16-17 балл алғандар, 30 баллмен өтіп кетті. Бұл қалай деп зерттеуге кірістім. Сөйтсем, комиссияда кінә жоқ екен. Олардың 80-90 пайызы дауыс берген. Кейіннен «бұл қалай, ұят болды-ау, лайықты еді ғой» деген сыңайлы мақалалар шығып жатты. Бұл мақалалар мемлекеттік сыйлықты алмасақ та, ел-жұрттың еңбекті бағалайтынын білдіреді. Мұның өзі үлкен мәртебе. 

Қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «әділетті Қазақстанды қалыптастырамыз» деп қайта-қайта айтып та, жазып та жүр. Алайда, Мемлекет басшысына құлақ асып, әділ боп жүргендер аз сияқты. 

–  Әділ болу дегеннен шығады. Біраз жыл бұрын облыстық мәслихат сайлауында бақ сынадыңыз. Жалпы, елімізде сайлау әділ өтіп жүр ме?

–  Барлығы демеймін, алайда, дүние беріп депутат болғандар баршылық. Аудандық, қалалық, облыстық депутаттардың 99 пайызы кәсіпкер. Өз басымнан өткесін анық айтып отырмын. Облыстық мәслихатқа депутаттыққа ұсынылғанымда, 41 елді мекенді аралап, халықпен ашық диалогқа түстім. Елдің шешуді қажет ететін қандай проблемалары бар, барлығын сұрап, аса мән беріп жүрдім. Ал, менімен жарысқа түскен депутат ешқайда бармай-ақ, халықпен кездеспей-ақ оза шауып, өтіп кетті. Мен депутат болған жоқпын. Ұзынқұлақтан, сайлаудағы бәсекелесімнің пара беріп қойғанын, сол үшін сенімді отырғанын естіп жүрдім. Бірақ, көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап алмағасын артық нәрсе айта алмайсың. Бұл да әділетсіздіктің бір түрі.

Әңгімелескен Аида ӨТЕП

Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері: «Назарбаевтың ескерткішін құлатқанмен, тарихтан жоя алмаймыз»
«Басымды кесіп алсаң да кешірім сұрамаймын» деген ақын Маралтайға соттың шешімі шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу