Жүзім өсіруден тәжірибе алмасты

Oinet.kz 28-06-2019 694

Screenshot_5.jpg 

Жүзім шаруашылығы жақсы дамыған Жетісайға Украина елінің алдыңғы қатарлы «Виноград-Одесса» тұқымбағының басшысы Андрей Гайдай келді.  Жылысу ауыл округіндегі «Ер-Те Агро» шаруа қожалығында өткен  жүзім шаруашылығын дамытуға арналған республикалық семинар-кеңеске одан бөлек Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Аман Маханбетов және Алматы облысы мен Түркістан өңірінің барлық аудандарынан жүзім шаруашылығымен айналысып жүрген 50-ден астам шаруа қожалық төрағалары қатысты. 

Семинардың мақсаты – жүзімнің асханалық сорттарының күтіп-бапталуы жолдарын талқылап, тірегіш қадаларды дұрыс орналастыру, қырқу-көму шараларының тиімділігін арттыру. Осы мақсатты көздеген «Ер-Те Агро» серіктестігінің құрылтайшысы Ербол Ералиев семинар қатысушыларына жүзім егудің тиімділігі мен қиындықтарын, оның күтіп-баптау жолдарын тәппіштеп түсіндіріп берді. Осы тұрғыда семинарға қатысушылар өздеріне қажетті ақпараттармен толық қамтылып, сауалдарына нақты жауаптар алды.

 Айта кетейік, жетісайлық «Ер-Те Агро» шаруа қожалығы осыдан 2 жыл бұрын Украинаның Одесса қаласынан жүзімнің 9 жаңа түрін сатып алып келіп, 40 гектар аумаққа отырғызған болатын. Бұл жүзімдердің бір ерекшелігі – күздің күндері топыраққа көмілмей-ақ өнім бере алады. Әр гектардан 20 тоннаға дейін өнім алуға болады. Сондай-ақ, бұл қожалық жүзім шаруашылығын дамытуда соңғы технологияларды кеңінен қолдануды жолға қойған. Сонымен қатар, жүзімге қажетті барлық тіреуіштер мен өзге де керек-жарақтар қожалықтың өзінде әзірленеді. Бұл өз кезегінде өнімнің құны мен сапасына кепіл бола алады. 

Семинар барысында қатысушылар қожалықтың жүзім алқабын аралап көріп, өздеріне қажетті ақпараттармен толығымен қамтылды. Сондай-ақ, қатысушыларға арнайы сертификат тапсырылды. 


Қос қызмет бір мереке
Студенттер екі қолға бір күрек ұстады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу