Жәмилә Баттақова: «Семіздік дерті – ғаламдық проблема»

Oinet.kz 11-12-2017 830

Screenshot_12.jpg

Жәмилә Баттақова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі,Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры

Адам – басты құндылық. Әр елде де солай. Ендеше, басты құндылықтың өмір жасының ұзақ болмағы, денсаулығының жақсы болмағы, салауатты өмір салтын ұстанбағы қай мелекеттің де негізгі ұстыны. Біздің елде де адам денсаулығына қатысты түрлі бағдарламалар, жобалар, орталықтар жұмыс істеуде. Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының бүгінгі таңда атқарып жатқан шаруалары шаш етектен. Қазақстан халқының өмір жасының ұзақтығы, түрлі ауру-сырқаулардан алшақ тұруы, «аурудың алдын алуы» мәселелерінің барлығын осы орталықтағы кәсіби мамандар қадағалап, реттеп отырады. Біздің сұхбат та бүгінгі таңдағы халық денсаулығы, салуатты өмір салтын ұстануы мәселелерінің айналсында өрбіді.  

– Салауатты өмір салты не үшін маңызды?

– Салауатты өмір салты жеке адамның іс-әрекеті мен әдеттерінің жиынтығы. Ол ұзақ өмір мен лайықты өмір салтына апаратын жол. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, адам денсаулығына денсаулық сақтау жүйесі тек 8-10 пайыз ғана әсер ететін көрінеді. Қалған 20 пайызы қоршаған орта жағдайына, генетикалық факторларға тиесілі. Ал 50-52 пайызы өмір салтына, өмір сапасына, денсаулығын нығайтатын мүмкіндіктерді сақтауына қатысты факторларға қатысты екен. 

Осыған орай, халықтың арасында салауатты өмір салтына қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыру өзекті мәселе болып табылады. Денсаулық сақтаудың ең негізгі әдіс-тәсілдерінің бірі – адам денсаулығы потенциалын дамыту мен сақтауды анықтайтын факторларға (физикалық, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, мәдени) қатысты сауалдардың барлығына кешенді түрде ықпал ету, салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістері мен тәсілдерін жаңа медициналық технологияларды қолдана отырып енгізу. 

Елбасыиыз салауатты өмір салтын қалыптастыру және профилактикалық медицинаға ерекше көңіл бөліп, «Салауатты өмір салты – ұлт саулығының кепілі. Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы негізгі құрал болуы керек. Ол үшін халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары терең жүргізілуі тиіс. Мемлекеттің басты жауапкершілігі медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі принципі.  Ол дегеніміз спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, әрдайым профилактикалық тексерістерден өтіп тұру, яғни аурудың алдын алу», – деген болатын. 

– Қазіргі таңда дұрыс және бұрыс тамақтануға қатысты ақпараттар жетіп артылады. Солардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Бірінші кезекте білгіміз келетіні, гендімодификацияланған ағзалар туралы ақпарат. ГМА дегеніміз не, осы таңба бейнеленген тағамға деген көзқарас қандай болуы керек?

– Дұрыс тамақтану – үйлестірілген тағам, ол адамға қажет заттектердің бәрін біріктіреді. Дұрыс тағам ішумен қатар, физикалық күш жұмсап, жаттығулар жасап жүрсеңіз, денсаулығыңыз да мығым болмақ. Нашар тамақтану адам иммунитетін әлсіретеді, физикалық және психикалық дамуды тежейді, өмір белсенділігін азайтады. 

ДДСҰ мәліметтеріне сенер болсақ, 2015 жылы дүниежүзінің 18 жастан асқан тұрғындары арасында 2,1 млрд ересек адамның артық салмағы бар екені анықталған. Ал бұлардың ішінде 600 миллионнан астамы семіздік дертіне шалдыққан. Семіздік ауруы мүгедектік пен өлімге бастап алып барар артериалды қан қысымы, жүрек-қан тамырлары аурулары, ишимиялық аурулар, қант диабеті, эндокриндік аурулардың алғашқы сатысы болып табылады. 

Семіздік дертіне шалдыққан аяғы ауыр әйелдердің жатырындағы балада ақаулар байқалған, оларда жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті дертімен дүниеге келу қаупі көп. Семіздік дертіне шалдыққан аяғы ауыр әйелдер жүктілік кезеңі мен босанғаннан кейінгі мерзімде дерті асқыну қаупі зор топқа кіреді. Семіздік жатырдағы баланың дамуы мен зат алмасу, жүрек-қан тамырлары жүйесінің дамуын тежейді, дүниеге келген бала семіздік ауруына тез шалдығады. Ғылыми-тәжірибелік зерттеулерге сәйкес, семіздік – ана мен бала өлімінің негізгі себептерінің бірі. 

Семіздікті қалай өлшеуге болады? Дене салмағаның индексі мына формула бойынша есептеледі: Адамның дене салмағын өлшемін шаршыланған бойдың метрмен өлшенген ұзындығына бөлеміз. Нәтиже 30,0 және одан жоғары болса, ол артық салмақ немесе семіздік дерті болып есептеледі. 

Мәселен, адамның салмағы 65 келі дейік. Бойы – 1,68 метр. Енді алдымен бойдың шаршыланған көлемін шығарып аламыз: 1,68х1,68 = 2,8224. Енді дене салмағын осы нәтижеге бөлеміз: 65:2,8224 = 23,03. Демек, бұл мысалда, артық салмақ немесе семіздік ауруы жоқ деген сөз.  

Қимыл-қозғалысы аз өмір салты, дұрыс тамақтанбау, энергияны қабылдау мен бөлудің арасалмағының дұрыс болмауы, тұқым қуалаушылық, артық салмақ, семіздік дертіне алып барады. 

Ал, гендімодификацияланған ағза (ГМА) – гендіинженерия әдісімен, жасанды жолмен өзгерген ген түрі. Бұл анықтама өсімдіктер, жан-жануарлар мен микроағзаларға қатысты қолданылуы мүмкін. ДДСҰб ерген анықтама бойынша ГМА дегеніміз – Генетикалық материалы (ДНҚ) өзгерген (табиғи жолмен, көбею немесе  табиғи қайта әрекет ету жолымен мұндай өзгерістердің болуы мүмкін емес) ағзалар (яғни, өсімдіктер, жануарлар немесе микроағзалар). Генетикалық өзгерістер, әдетте, ғылыми немесе шаруашылық мақсатта жасалады. 

– Қазақстандағы өмір ұзақтығына не ықпал етеді? 

– Еуропа қауымдастығының өлім-жітімді азайту әдістемесі көрсеткендей, алғашқы емдеу-сауықтыру шаралары (яғни, адамдардың кәсіби және мінез-құлықтық тәуекел факторларын азайтуға мүмкіндік беретін) керек. Екінші емдеу сауықтыру шараларына скрининг, ауруды алдын-ала анықтау, диагностика, емдеу түрлері жатады. Оның ықпалы алғашқы емдеу-сауықтыру шараларына қарағанда аздау. 

Орташа өмір жасының төмендеуіне көптеген факторлар әсер етеді. Олардың ішіндегі ең елеулісі ретінде жағдайдың мәз еместігі мен түрлі ауру түрлеріне шалдығу факторларын атап өтуге болады. 

Одан бөлек, орташа өмір жасының ерлер мен әйелдер арасында әр түрлі екенін баса айтып кетуіміз керек. Қазақстанда ауруға шалдығу мен өлім-жітім жағдайларын салыстыра қарағанда, көрсеткіш ерлер жағында басым. Бұл елдегі демографиялық жағдайға, орташа өмір жасының өлшеміне айтарлықтай ықпал етіп отыр. 

ДДСҰ мәліметіне сенсек, Қазақстандағы ер азаматтар шылым шегуден туындайтын ауру түрлерінің соңы өлімге апаратын көрсеткіште бірінші орында тұр. Біздегі ер-азаматтар (шамамен 60 пайызы) еңбекке жарамды белсенді шағында – 20 мен 49 жаста темекіні тұрақты түрде шегеді. Еліміздегі ересек жандардың тек 8-10 пайызы ғана дене шынықтыру және спортпен айналысады. 

Ер адамдар әйелдермен салыстырғанда жазатайым оқиға, улану, жарақат алудан төрт есе, тыныс алу аурулары бойынша екі есе, инфекциялық және паразиттік аурулар кесірінен үш есе көп өлім құшады. Осылайша, Қазақстанда әйел адамдармен салыстыра қарағанда ер азаматтардың ауру мен өлім-жітім көрсеткіші 3-4 есе көп.

Ер азаматтардың көпшілігі 55-64 жас аралығында көз жұмады. 

Ал әйелдер жоғарыда аталған ауруларға ер адамдармен салыстыра қарағанда он жылға кеш уақытта шалдығады. Және аталған ауру түрлерімен ауырып жүрсе де 10 жылға артық өмір сүре алады. Ал ер азаматтар мұндай ауру түрлеріне шалдықса, ары кеткенде үш жыл ғұмыр кешпек. 

Әйелдердің өмір жасының ұзақ болуы – табиғатына байланысты, әйел адамның ағзасы ұрпақ жалғастырушы ағза. 

– Қазақстандағы салауатты өмір салтының ерекшелігі неде? Бұл сала бойынша жаңашылдықтар бар ма және Қазақстандағы бұл жағдайды әлемнің өзге елдерімен салыстыруға келе ме? 

– Ең бірінші мемлекеттік саясатты айтар едім. Салауатты өмір салты қызметін құру (өзге елдерде ондай жоқ) – мемлекеттік бағдарлама жасау, қоғамның барлық секторларын қоғам саулығы мен жеке адамның денсаулығын сақтауға тарту. 

Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы 1997 жылдың 3 желтоқсанында, Үкіметтің қаулысымен құрылған болатын. «Қазақстан – 2030» стратегиясында көрсетілген міндеттерді атқару – басты міндеті. 

1997 жылдан бері бұл орталық 100 қызметкері бар ұйымнан, 1500-ден аса кәсіби мамандардың басын біріктіретін, республикамыздың барлық өңірлерінде салауатты өмір салтын насихаттайтын филиалдары бар үлкен желіге айналды. 

Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы денсаулықты нығайту бойынша заманауи ғылыми-тәжірибелік орталық. Салауатты өмір салты үшін қажет қазіргі заманғы технологиялық құралдармен жабдықталған. Орталық мамандары Қазақстанда ғана емес, шетелдерде біліктілігін көтеріп келген. 

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында орталық Алматы және Астана қаласы мен облыстары әкімдіктерімен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе отырып түрлі сауықтыру шараларын ұйымдастырады. Әлеуметтік-маңызды ауру түрлерін емдеу мен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін арнайы мерекелік күндер мен даталарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. 

Ұлттық зерттеу орталығының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан халқының көп бөлігінде салауатты өмір салтын ұстану белсенділігі жоғарылап келеді. Мәселен, 1998 жылмен салыстырғанда темекі шегу 28 пайыздан 18,3 пайызға, алкоголь өнімдерін тұтыну 55 пайыздан 24,2 пайызға азайып, физикалық белсенділігін арттырған жандар қатары 15,3 пайыздан 39,4 пайызға өскен. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

Ғалымжан Айнабеков: «Санитарлық авиация қызметі жұмыс істей бастады»
Егеухан Мұқамәдиқызы: «Қартаймау үшін миды да жаттықтырып тұру қажет»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу