Егеухан Мұқамәдиқызы: «Қартаймау үшін миды да жаттықтырып тұру қажет»

Oinet.kz 11-12-2017 1328

Screenshot_15.jpg

Егеухан Мұқамәдиқызы, ақын, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын алқа» иегері

Қазақстанда төрт миллионға жуық отбасы бар екен. Ал елдегі көпбалалы аналардың саны 400 мыңнан асады. Алтын, күміс алқа иегерлерінің көпшілігі ауылдарда, моноқалаларда тұрады деген пікір жиі айтылып қалады. Бұлай болудың себебі көп. Үлкен қалалардағы бала санының аздығы қым-қуыт тірлікпен, түрлі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен байланыстырылады. Алайда, сол ауылдардан, қиырдағы елді мекендерден ондаған баласын бағып-қағып қанаттандырған алтын құрсақ аналар бүгінде Алматы, Астана немесе облыс орталықтары сияқты үлкен қалалардың төрінде, ақ жаулығы желбіреп отырғанын да айта кетуіміз керек. Қазақ мұндайда «бейнетінің зейнетін көрді» демей ме? Бүгінде бала-шағасының төрінде шалқып отырған абзал ананың бірі, айтыс ақыны, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «алтын алқа» иегері Егеухан Мұқамәдиқызы жас сексенге таяса да тың, қайраты қайтпаған, немере-шөберелерінің құлақтарына өмірден түйген-баққанын құйып отырған ардақты жан...

– Егеухан апа, жасыңыз жетпістің жетеуіне келді. Құдайдың берген бұл жасындағы кейбір аналарымыз қарттықтың есігінен аттап-ақ кеткен. Ал сіздің бойдан жастықтың қайратты лебі есетіндей. Көзіңізден нұр таймай, бойыңыздан қуат кетпей осы жасқа жетудің сырымен бөліссеңіз...  

– Қайрат дейсің бе? Қайрат пен қуат жастық шақтың ауылында екен. Бала күнімізде, қыз болып қылтиып келе жатқаннан-ақ аналарымыз тыным таптырмады. Күйеуге шыққанда сол тірлікті іліп әкеттік. Жастайымыздан ою ойдық, құр ыздық, терме тердік, ши орадық.  

Өзім он сегізімде тұрмыс құрдым. Өлең ауылында, өнер ауылында даңқы аспандап тұрған Кәп Құмарұлы ақынмен айтыстың арқасында кездесіп, табыстық. Күйеуге шықтық екен деп, жұмыссыз да болмадық. Моңғолияның Баяннұр сұмынындағы орта мектепте отыз жылдай кітапхана меңгерушісі болдым. 1960 жылдан өлең жазып, айтыстарға қатыса бастадым. 

Біз ер азаматты Құдайдай сыйлаған халықпыз. Еркек – әуел бастан түздің адамы. Бала күнімізде әкем көбіне сыртта жүреді. Үйдегі жұмыстың бәрі анамыздың мойнында. Қонағы үзілмейтін қазақы ауылмыз. Төрде көрпе онсыз да төселіп жатады. Бірақ үйге әкем, өзге де үлкен кісі, құдайы қонақ келе қалса, анам «Жиюлы тұрған таза көрпеден астына таста», – деп ескертіп отыратын. 

Қыз бала үлкеннің қас-қабағын бағу, қонақ күту сияқты жұмысқа кішкене кезінен дағдыланғаны жақсы. Кейінгі өміріңде еңбекке бел шеше кірісіп кете бересің. 

Ақсақалың ақын болған соң, сері болған соң, елдің алдында жарқырап жүрсе екен дейсің. Ол заманда тон мен ішікті, киімді қолдан тігеміз. Қандай киім кисе де, қазақша көйлек пен моңғолдың шапанын да, жақсысын ақсақалымыздың иығына жапсақ екен деген тілек болды. Ақын болған соң көптің көзінде сән-салтанаты жарасып-ақ жүрсін деген ой жүрді көкейімізде. 

Түлкі терісінен ақсақалға арнап ішік, түлкінің пұшпағынан тымақ тіктім. Түлкінің қара қасқасының қиюын келтіріп тұрып, тымақ жасайсың. Ол тымаққа үкі тақсаң, сал-серілер киетін ғажап бас киімге айналады. Қозының елтірісінен балаларға арнап ішік тіктім. Күзде сойған қойдың терісін түлеме тері дейді, содан бала-шағаға, үлкендерге лайықтап ішік тігесің. Ол уақытта тігін машинасы ілеуде біреудің қолында. Машинаны сұрап әкеле қойып, пішіп қойған киіміңді түнімен сырып отырып, балалардың, ақсақалдың бойына шақтап даярлап қоясың.   

Аналарымыз тіккен, өзіміз көріп өскен, қолымыз бейім болған сырмақ сырасың. Сырмақ пен текеметке оюды үлкейтіп салады. Оның себебі, үйдің көркі сырмақ пен текемет болса, ондағы ірі, әсем ою сұлулықты үстемелей түспей ме? Ал киім-кешекке, түскиізге оюдың ұсақ түрін өрнектейсің. Сәннің жөні осы екен деп, оюды қалай болса солай түсірсең, киімің алабажақтанып, келіспей қалады. Әдемі, ұсақ өрнекті бешпеттің өңіріне, етегіне ғана саласың. 

Күні бойы бос отыру жоқ – құлынға ноқта жасайсың, саба тігесің, сырмақ оясың. Іркіт пісіп, құрт жаясың. Қойдың жүнін қырқып, түтіп, сабап, жіп иіресің. Осы жіптен алаша, туырлықтың бауы, басқұр, желбау жасап, үйдің ішін сәндейсің. Ақсақалым да ақын. Өзімнің де ақын атым шығып қалған кез. «Моңғолиядағы қазақ жазушылар одағының кішігірім ұйымы» деген атымыз бар. Үйден қонақ үзілмейді. Ол қонақты лайықты күтіп алып, шығарып салудан бөлек, үйіңе кісі келсе, отауыңның да сәнді болып тұрғаны жақсы ғой. Міне, осылай тынбай жұмыс істегеннің арқасы шығар, бір кісідей сүрген ғұмырымызда ыңқыл-сыңқылды білмеппіз. Бұл күні қала тұрғынымыз. Баяғыдағы ұдайы қимыл-қозғалыс жоқ. Ал адамның бойындағы қан жүріп тұруы тиіс. Сол себепті бойға қан жүгіртіп тұру үшін осы күні қаладағы жаттығу залдарына барып тұрамын. Сол жердегі тренерлердің көрсетуімен түрлі жаттығулар жасап қоятыным бар. 

Бұл дене сергітетін жаттығу. Ал адам қартаймауы үшін миы да үнемі жаттығып тұруы керек. Жас күнімде шахматты көп ойнадым. Және кәсіби түрде айналысып, түрлі жарыстарға қатысып тұрдым. Осы күні Моңғолияның екінші разраядты шахматшысымын. Шахмат ойыңды жұптауға, сергек жүруіңе сеп болатын ойын. Қазір де қатты шаршаған сәтте де шахматтың тасын тізе бастаймын. Кейінгі кезде немерем де шахматқа үйір. Бір отырып шахмат ойнасақ, кейде ол жеңеді, кейде мен ұтып кетемін.

Қарттықтың ауылына жастық жалынмен жету үшін тәніңді де, жаныңды да жаттықтыра білген жөн. 

– Көпбалалы анасыз. Бір үйде жарыңыз да, өзіңіз де, кенже ұлыңыз да ақын. Ақындығыңызға көп балалы ана ретіндегі мәртебеңіз кедергі келтірген жоқ па? Соншама жұмыс атқарып, бала қарап жүріп, өлең жазу қиын емес пе?

– «Қаршадайынан қосылған жары Кәп Құралұлы да ақын, ұлының кенжесі Дәулеткерей де ақын. Бір үйде үш ақынның басқосуы – Тәңір сыйлаған бақыт», – дейді «Қайтқан қаз» атты кітабымның алғы сөзінде Несіпбек Айтұлы. Құдайдың берген Тамара, Әмірхан, Бәделхан, Нұржан, Рәшитәлі, Бұлбұл, Тәттімбет, Есенгүл, Естай, Дәулеткерей атты ұл-қыздары бар. Соның сегізі бізді мойындамай, апасының бауырында өсті. Есенгүл әкесінің, Естай менің қызым болды. Осы балалардың өнерден жырақ кеткені жоқ. Ешқайсысы да қаражаяу емес. Жас күндерінде әрқайсысы да өлең жазып жүретін...  Енем жарықтық, немере, шөбере сүйіп, жасы тоқсаннан асып дүние салды. Бір бала дүниеге келсе, өзімдікі деп меншіктеп бақты. Бала деген байлық қой. Сол балалар өскен сайын – қолқанат. Бірінен соң бірі іркес-тіркес ержетіп, қыста «апамның қолы тоңбасын» деп сауынға шығады, «көмек болсын» деп тамақ даярласады, малға қарайды, үйге қарайды. Жыл өткен сайын бір жұмысың жеңілдеп, марқайып қаласың.

Айтыс ақыны екенмін, ақын екенмін, қызметім бар ғой деп таңертеңнен ыздиып отыру қазақ әйеліне жараспайтын қылық. Өзімііз таңмен таласа тұрдық. Сиырды сауа жүріп, дәрет судың жылы тұруын қаперден шығармадық. Енең, жолдасың, бала-шағаң аш қалмауы керек. Олардың ыстық тамағы мезгілімен дайын тұрғаны жақсы. 

Балалардың кішкене күнінде көп еңбек еттік. Күні-түні бел жазбай еңбектеніп жүріп-ақ қалтамыздан кішкене қойын дәптер түспейді. Киімді ыңылдап тігіп отырып, ойыңа бір жұп өлең орала қалады. Әлгі қойын дәптеріңе таңдайынан түскен өлеңді түрте қоясың. 

Айтысқа қатысуыма да ешкім бөгесін болмады. Егер айтыс алыстау жерде болса, балаларды үйде енем қарап қалады. Ал, атпен жете алатын айтысқа баланың кішісін алдыма алып, өзім бара берем. 

– Өлеңдеріңізде, айтыстағы сөздеріңізде ана, әйелді қадірлеуге, құрметтеуге шақыратын жолдар көп. Бұл қазақтағы отбасы құндылығын, ананы қадірлеуден туған сезім болар?

– Жалпы, ана, әйел, қыз баланы аялауға шақыру – айтыстың ғана емес, ақынның да бір бүйірінде жүруі тиіс тақырып қой деп ойлаймын.  

Қыз бала бой жетіп, жар сүйіп, жас ана атанған, одан кейін ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған шағына дейінгі өмір жолын жырға тізген жазба жырымда:

Ана асар алты кезең, алпыс қырдан,

Ана жаны жаралған жақұт нұрдан,

Ана жолы күдірлі, иірімі мол,

Там-тұмдап таратайын терең сырдан, – 

деуімнің себебі де сол. 

Жас келін – қолға түскен көк кептері,

Өмірдің игереді ылди, өрі.

Қит етсе, дейді «Келін аяғынан…»

Тұс-тұстан қадалады сын семсері…

…Келіннің ілтипаты қабағынан,

Шын ықыласпен жасаған тамағынан…

…Әйел жолы жіңішке, жаны нәзік,

Ілтипатты ізгілік – жаныңа азық.

Әйел – өмір негізі, бірлік-тірлік,

Отбасының ұйытқысы, темірқазық, – 

деп тәптіштеп түсіндіргім келгендегі ой – бүгінгі қыз бала, келін баланың өмірдің алтын арқауы екенін санасына қазірден құя беру керек дегенді алға тартқандығымнан болар... 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ

Жәмилә Баттақова: «Семіздік дерті – ғаламдық проблема»
Ауыт Мұқибек, ақын: Біздің үкімет өз бауырларымен өз ана тілінде сөйлесе алмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу