Сарыағашта негізгі капиталға 82,1 млрд теңге инвестиция тартылған
Сарығаш ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 385,8 млрд теңгені құраған. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі жыл қорытындысымен 137,2 млрд теңгеге жетсе, өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,5 млрд теңге көлемінде. Сондай-ақ, негізгі капиталға 82,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев айтты.

«Былтыр ауданда 78 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Сондай-ақ, 5 219 гектар аумаққа тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, 1 324 гектар жерге қарқынды бау егілген. Одан бөлек, бүгінде аудан бойынша жылыжай көлемі - 807,2 гектар. Еліміздегі жылыжайлардың 70 пайызы Сарығаш ауданында орналасқан. Өткен жылы ауданда құс фабрикасын кеңейту мен 4,3 гектар лимон өсіруге арналған жылыжай кешені мен жеміс қоймасы жобасы жүзеге асты. Сонымен қатар, мал сою және экспортқа ет дайындау орны мен 1000 басқа арналған мал бордақылау кешені құрылды. Ал, 2026 жылы ауыл шаруашылығы саласында 5 000 бастық мал бордақылау алаңы мен 1000 бастық ірі қара мал бордақылау алаңы жүзеге асырылады. Одан бөлек, өсімдік майын өндіретін және құрама жем дайындау цехы ашылады»,- деді аудан әкімі.

Аудан басшысының айтуынша, былтыр аудандағы өнеркәсіп саласында бір реттік ыдыстар және пластмасса жәшіктер өндіретін цех ашылған. Сондай-ақ, күнбағыс майын өңдеу мен темірбетон цехы жүзеге асқан. Ал, биыл жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын минералды су құю зауыты, қыш шығару және күнбағыс майын өңдеу цехы, шағын су электр станциясы құрылмақ. Одан бөлек, өткен жылы 62 201 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп, күрделі жөндеуден өткен 2 мектеп, ағымдағы жөндеуден өткен 2 мектеп пайдалануға берілген.


