Мұғалімдердің артық жұмыс істеуі қаншалықты заңды?
Соңғы жылдары қабылданған ауқымды реформалардың нәтижесінде еліміздің білім беру ұйымдарында педагогтер мен оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, мұғалімдердің кәсіби қызметіне тән емес жұмыстарға тартылуына шектеу қойылып, олардың құқықтық қорғалуы күшейтілді, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр.

«Қазір заң жүзінде мұғалімдердің апталық жүктемесі 16 сағат деп белгіленген. Қалған уақытты педагог өзін-өзі дамытуға, кәсіби өсуі мен шығармашылығына арнауы қажет»,– деп Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова нақты айтқан болатын. Алайда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек үшінші мегаполисте педагогтердің заңнамада белгіленген нормадан едәуір артық жүктеме алып отырғанын мәлімдеді. «Талдау нәтижесінде кейбір педагогтердің 40-50-60 сағатқа дейін, тіпті 75 сағатқа жуық жүктеме алғаны анықталды. Мәселен, 60 сағаттық жүктеме төрт штаттық бірлікке тең болғанымен, оны бір педагогтің атқарып отырған жағдайлары тіркелген. Мұндай заңбұзушылықтар Шымкент қаласындағы 83 мектепте анықталып, 1 286 педагогтің жүктемесі белгіленген нормадан асып кеткен», – деді әкімдіктің ресми өкілі.
Оқу жүктемесі – бұл мұғалімнің бір апта ішінде өткізетін сабақтарының санын көрсететін жұмыс уақытының нормаланған бөлігі ғана. Ол жұмыс уақытының жалпы ұзақтығын анықтамайды және сабаққа дайындалуға, жазбаша жұмыстарды тексеруге, нақты оқу материалын зерделеуге, педагогикалық кеңестің, әдістемелік бірлестіктердің жұмысына қатысуға, ата-аналармен жұмыс істеуге және лауазымы мен еңбек шарты бойынша біліктілік сипаттамасымен айқындалатын жұмыстың басқа да түрлеріне бөлінетін сағаттарды қамтымайды. Сонда аптасына 60-70 сағат бойы оқушыларға сабақ беретін мұғалім өзге жұмыстарына қалай үлгеріп жүр? Жалпы бір мұғалім төрт ұстаздың жұмысын атқаруы мүмкін бе? Білім ошақтарында педагогке артық жүктеменің артылуы маман тапшылығынан орын алып отыр ма, әлде бұл артық ақша табудың жолы ма? Өзгелер не дейді?

Әділ ӘУЕЛБЕКОВ, Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы:
Артық жүктеме 24 сағаттан аспауы тиіс
Кентау қаласында артық жүктемемен жұмыс істеп жатқан мұғалімдер жоқ. Барлығы заңда бекітілген нормаға сәйкес еңбек етуде. Негізінде білім ошақтарында жылына екі рет тарифтеу жұмыстары бекітіледі. Яғни мұғалімдердің сағаты нақтыланады. Өздеріңіз білетіндей, заң бойынша мұғалімнің жүктемесі аптасына 16 сағатты құрайды. Бұл 1 ставка болып саналады. Кейде педагогтерге қосымша сағаттар жүктеледі. Көбінесе маман жетіспеген жағдайда немесе мұғалімнің біліктілігіне, шеберлігіне байланысты қосымша сағаттар берілуі мүмкін. Оның өзінде қызметкердің апталық жұмыс уақыты артық жүктемемен қосқанда 24 сағаттан аспауы тиіс. Мұндай жағдайда мектеп басшылығы артық сағаттарды тарификацияға енгізбей, тек жүктемемен беруі керек. Мысалы, артық сағатты бұл жолы бір маманға жүктесе, екінші жолы басқа мұғалімге тапсырып дегендей... Ал бір мұғалімнің тарификация бойынша 40, 60, 70 сағаттық жүктемемен жұмыс істеуі бұл заңсыз әрекет болып табылады.

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, ақын, QAZBІLІM GROUP компаниясы басқарма төрағасы, PhD химик:
Бұл жемқорлық схемасы
Жалпы Еңбек Кодексі бойынша ұстаздардың 40 сағатқа дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Бір адамның еңбек жүктемесі 40 сағаттан асқан жағдайда ол заңсыз болып есептеледі. Мұғалімнің аптасына 60, 75 сағат жұмыс істеуі ол ешқандай ақылға сыймайды. Мұнша сағат сабақ кестесіне де сыймайды. Бұл жерде жемқорлық пен басқа да нәрселердің иісі шығады.
Әрине, маман жетіспеушілігі болуы мүмкін, бірақ мұншалықты деңгейде емес. Әдетте 1 ставкамен жұмыс істейтін мұғалімдерде 16 сағат жұмыс уақыты болады. Маман жетіспегеннің өзінде бір педагог 1,5 немесе 2 ставкамен, яғни 32 сағат жұмыс істеуі мүмкін. Ал енді 2 ставкадан артық берілетіндей маман тапшылығы жоқ шығар. Мектеп әкімшілігінің, мүмкін жекелеген адамдардың жемқорлық схемасы шығар деп ойлаймын.

Ұлжан МАЙМАҚОВА, «Шымкент қаласының білім, спорт және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің заңгері:
Түсінбеушіліктен қоғамда резонанс қалыптасты
Өткен жылдың соңында прокуратура қала әкімінің орынбасарына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізді. Құжатта білім беру ұйымдарында педагогтерге белгіленген апталық жүктемеден, яғни 24 сағаттан артық сағат берілгені және бұл жағдай қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні көрсетілген.
Осыдан кейін заң талаптарын цифрлық платформалар арқылы іске асыру тетіктерін қайта қарау қажеттілігі туындады. Алайда педагогтердің жүктемесін платформаларға енгізу тәртібіне енгізілген өзгерістер бірқатар түсінбеушілік пен даулы жағдайларға әкелді. Мұның негізгі себептерінің бірі – білім беру басқармасы тарапынан түсіндіру жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеуі деп есептеймін. Соның салдарынан педагогтер арасында шектеулер жасанды түрде енгізіліп отыр деген пікір қалыптасты. Атап айтқанда, жүктемені платформаға тек 1,5 ставка көлемінде ғана енгізу, одан артық сағаттар платформада «бос орын» деп белгіленуі кеңінен қолданыла бастады.
Осы мәселеге байланысты мен Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетіне ресми түрде жүгіндім. Министрліктен алынған түсіндірмеде Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 68-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкердің қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс екені нақты көрсетілген. Педагог қызметінің ерекшелігін ескере отырып, аптасына 16 сағат оқу жүктемесі осы 40 сағаттық жұмыс уақытына теңестірілетіні түсіндірілген.
Сондай-ақ бос сағаттар толық жабылғанға дейін білім беру ұйымының басшысы пәндік қажеттілікке қарай педагогтер арасында қосымша 0,5 оқу жүктемесін бөле алатыны көрсетілген. Мұндай жағдайда қоса атқарылатын жұмыс үшін бөлек еңбек шарты жасалып, ол қоса атқару ретінде рәсімделеді. Қоса атқару кезінде қызметкердің тәуліктік жиынтық жұмыс уақыты 12 сағаттан, ал апталық жиынтық жұмыс уақыты 60 сағаттан аспауға тиіс. Осы тұста педагогтің жүктілікке және бала босануына байланысты демалыста болған кезеңдеріне қатысты кейбір нюанстар ескерусіз қалуы да мүмкін екенін атап өткен жөн.
Алайда аталған нормалар педагогтерге білім басқармасы тарапынан жеткілікті әрі түсінікті түрде түсіндірілмеген деп санаймын. Соның салдарынан педагогтер арасында көптеген сұрақтар туындап, қоғамда резонанс қалыптасты. Брифинг барысында апталық жұмыс уақыты оқу жүктемесімен немесе айлық сағатпен шатастырылып айтылды деген пікірлер де осы түсінбеушіліктің салдарынан болу ықтималдылығы жоғары.
Жалақы мәселесіне келсек, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес жалақының ең жоғары мөлшері шектелмейді. Сондықтан педагог өзінің біліктілігіне, санатына, магистрлік дәрежесіне және заңмен көзделген үстемеақыларына сәйкес жалақы алса, бұл оның заңды әрі адал еңбегінің нәтижесі болып табылады.

Фатима ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, мұғалім:
«Бармақ басты, көз қыстының» кері
2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, елімізде мұғалімдердің жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа азайған болатын. Рас, кейде ұстаздарға қосымша сағаттар беріліп жатады. Басқа бір мұғалімнің орнына сабақ беріп, уақытша сағат алғанның өзінде 2,3 сағат берілуі мүмкін. Ал енді бір мұғалімнің 75 сағатты алуы, қисынға келмейді. Бұл «бармақ басты, көз қыстының» кері болып тұр ғой. Егер мұғалім жетпеген жағдайда қай мекеме болсын ваканция жариялап, орнын толтыру керек емес пе!?
Сауалнаманы жүргізген Айнұр Оңғарбай,
"Рейтинг" газеті


