Бақытжан Мырзагелдиев: «Дәрігерлік құпия пациенттің өзінен өзгеге айтылмайды»

Oinet.kz 22-12-2017 1124

Screenshot_13.jpg

Бақытжан Мырзагелдиев, №11 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері

– Бақытжан Мырзалыұлы, сіздің бас дәрігер болып қызмет атқарғаныңызға қанша жыл болды?

– Жалпы менің еңбек өтілім 16 жылдан асты. Бас дәрігер болғаныма 11 жылға таяды. 2006 жылы Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқардым. Сосын келесі жылы сол емдеу мекемесін басқару маған сеніп тапсырылды. Солай басшылық карьерам басталған. Ал 2015 жылдың наурызынан бері №11 Шымкент қалалық емханасына жетекшілік етіп етіп келемін. Биыл 15 қарашадағы есеп бойынша мұнда тіркелгендердің саны 53 мыңға жетті. Сәуле, Ақжар, Қазығұрт, Ақтас, Құрсай шағынаудандары мен Айкөл елді мекенінің азаматтары бізге қаралады.

– Мамандығыңыз...

– Мен мамандығым бойынша хирург-дәрігермін. Медицина саласын таңдағандағы мақсатым да осы болған. Жас кезімізде ота жасау ерлік сияқты көрінді.  Біз Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының алғашқы түлектеріміз. 1999 жылдың қаңтарынан бастап интернатураны облыстық клиникалық ауруханада өткердік. Сол жерде Мәди Қожаұлы, Деріпсалды Сексенбайұлы, Владимир Петрович, ауданда жүргенде Әбдіхалық Садықов, Серік Жамашев сынды тәжірибеге бай үлкен хирургтардан үйрендік, тәрбиесін алдық. Ал хирург ретінде еңбек жолымды Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында бастадым. Жай ординатор, бөлім меңгерушісі, жедел жәрдем меңгерушісі қызметтерін атқардым. Ол кез сондай қиын кезең еді, басқаны былай қойғанда, электр энергиясы да жетіспейтін. Сондай қараңғы түнектерде еңбектендік. Маман тапшы болуына байланысты жансақтау бөлімінде реаниматолог та болып істедім. Одан кейін 2004 жылдан 2015 жылға дейін, бас дәрігер болсам да УДЗ маманы қызметін қоса атқардым. Маман тапшы болған соң күн сайын екі сағат уақытымды бөліп, пациенттерді УДЗ аппаратына түсіріп жүрдім. Кейде түске дейін, кейде түс қайта... Менен басқа ауданда бір-ақ маман бар, әлгі аппаратта жұмыс істейтін. Екеуміз бір-бірімізді алмастыратынбыз.

– Сонда жарық жоқ кезде қалай ота жасадыңыздар?

– Электр энергиясы жоқ кезде жергілікті жансыздандыру арқылы жасалатын отаны фонардың көмегімен істедік. Ал жалпы наркоз беретін болсақ, аурухананың автономды жарық беретін двигательін қосатынбыз. Оның өзінде бензин сатып алуға ауруханада қаржы қарастырылмаған. Сосын амал жоқ ота жасалатын науқастың туыстарына бес литр бензин алдыртып, соған құйғызатынбыз. Кислород баллонын, жетпейтін дәрі-дәрмегін де пациенттің туысқандары таситын. 17-18 түрлі препарат жазып береміз, соның бәрін сатып алып келеді. Түнде ота жасағанда кіші буын қызметкері – санитар фонарды қолмен көтеріп ұстап тұрады. Солай үйрендік. Тіпті қасымда көмекшім де жоқ. Өзім бәрін меңгердім, бәрі сәтті өтті демеймін. Өтірік айтып қайтем, арасында асқынулар да болды. Кейбір адамдардың өмірін сақтап қала алмадық. Дегенмен, негізгі жұмысымызды халық дұрыс бағалады. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқпыз. Құдайға шүкір, соның арқасында шығар, еңбегіміз еленіп, аурухананың бас дәрігері дәрежесіне дейін жеттік. Сол кезде зейнетке шығып бара жатқан Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Пәден ағамыздан (Тұрлыбеков) облыстық денсаулық сақтау департаментің бастығы Нұрсұлу Нұрғалиқызы «бас дәрігер лауазымына жергілікті жерден шыққан медицина маманынан кім бар?» деп сұрағанда мені ұсынып кеткен екен. Ұжым қызметкерлері де мені қолдады.

– Фонардың көмегімен жасаған оталарыныңызды ең ұзағы қанша сағатқа созылды?

– Ішек түйілу оталары үш сағатқа дейін жалғасатын. Ашық жасалатын оталар неғұрлым тез жасалса, науқастың айығуы да соғырлым тез болады. Сондықтан шапшаң әрі дұрыс қимылдауға әдеттендік. Ол кезде қазіргідей орталықтандырылған кислород жоқ, баллонмен таситынбыз. Сол баллонды төбеге өзіміз көтереміз. Ота біткеннен кейін лифті істемейтін болған соң науқасты носилкамен көтеріп, жоғары қабаттағы жансақтау бөліміне апарып жатқызып, жағдай бір қалыпқа түскеннен кейін барып үйге қайтатынбыз. Әрбір отаның эпизоды осы күнге дейін көз алдымнан кеткен емес. Тіпті жансақтау бөліміне жол апатынан зардап шеккен 17-18 адамның бір мезетте түскені еш есімнен кетпейді. Сол кезде қатарынан үш күн үйімізге де бармадық. Орта, кіші буын қызметкерлері шәйімізге дейін дайындап беріп жүрді. Бір жақсысы типтік аурухананың шайынатын душы болды. Тазаланып, сергіп қалғандай болып жұмысымызға қайта кірісе алатынбыз. Үш-ақ хирург болдық. Кейбір оталарға үшеуміз де кірсек, кейбірін екеуміз жасайтынбыз.

Ішек-қарны ақтарылса да аман қалды

– Өзіңіз айтқандай, дәрі-дәрмек те жеткіліксіздеу кезде, жалпы дәрігерлік практикаңызда наркоздың әсері аздау болып, ота жасау кезінде оянып кеткен пациентеріңіз болды ма?

– Ондай болған емес. Реаниматолог дәрігеріміз Ақтөбе медицина институтын бітірген өте білімді, тәжірибесі мол Мамадияр Мұхитжан деген азамат болды. Оның есебі кітаптағыдай орындалатын. Ота бөлмесіне кіргенде пациент жансызданып бара жатса, хирургиялық ем аяқталғанда оянады. Уақытын минутына дейін есептеп үйренген маман. Біз жұмысымызды бітіргенде науқас есін жинай бастайды. Сондай есеппен наркозды егетін. Қасымызда тұрғаннан кейін отаның деңгейін көріп тұрады ғой. Сондықтан ондай қиындықтар өмірлік практикамда кездеспеген.

– Бас дәрігер боламын деп, хирургиядан алыстап қалған жоқсыз ба?

– Осы емханаға бас дәрігер болып келгелі қол үзіп қалғанымды жасырмаймын. Сертификатымның да мерзімі өтті. Оқуға баруға уақыт тапшы. Бірақ негізгі ой мына жүректің түбінде тұр ғой. Осы емхананың хирургиялық кабинетінде кішігірім оталарға қатысып, жас хирургтарға кеңесімді айтып тұрамын. Олар да менімен практикалық тәжірибе алмасқанына разы. Отаны қалай бастап, қалай біткенге дейін аз да болса тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын. Мен де өзіммен мол тәжірибесін бөліскен, үйреткен, тәрбиесін алған ұстаз дәрігерлерімді мақтан тұтып айтып жүрмін ғой. Бүгінгі жас оташы дәрігерлер менің жақсылығымды ұмытпайды деп сенемін.

– Ота жасап жүрген кезіңізде естен кетпес оқиға болып па еді, есіңізге түсіріп көріңізші...

– Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында мекенжайы беймәлім, жасы 50-лер шамасындағы ұлты орыс кісіге ішін жару арқылы күрделі ота жасалды. Бірақ, ол кезде мен ординатормын. Әлгі науқас дәрігердің кеңесіне құлақ аспай, мейіргерлерді тыңдамай, түннің бір уағында дәретханаға барып кірген. Оған жүру, тұру былай тұрсын, жатқан жерінен көтеріліп отыруына да болмайды. Сол дәретханада жанұшыра айқайға басқан ғой. Мейіргерлер жетіп барса, ішек-қарны ақтарылып, унитазға түсіп жатыр. Сол жерде оның ішек-қарнын жинап алып, ішіне салып, қайта ота бөлмесіне көтеріп алып келіп жатқызып, жуып-шайып, қарнын қайта тіктік. Сол адам Құдайдың құдіретімен жазылып кетті...  

– Өзгелердің зәресін ұшыратын көрініс болғанымен мұндай жағдайлар хирургияда аз кездеспейтін шығар. Жалпы, хирургта қорқыныш болуы керек пе, жоқ па?

– Дәрігерде қорқыныш болмауы керек, әсіресе хирургта. Өйткені, үрей бойды билесе, адамның өзіне деген сенімі жоғалады. Ал хирургқа адам тағдыры сеніп тапсырылады емес пе? Сондықтан қорыққан медицина маманы қанша білікті болса да хирург бола алмайды. Хирургтің көзі қырандыкіндей қырағы, жүрегі арыстандікіндей батыл, қолы әйелдікіндей жұмсақ, сезімтал болуы тиіс.

– Неге әйелдікіндей?..

– Өйткені хирург адам ағзасын қолмен ұстап-ақ ажырата білуі тиіс. Ота жасағанда пациенттің ішкі құрылысына қол салғанда қазіргідей технология көз алдыңда монитордан көрсетіп тұрмаса, ол қайдан көріп біліп ажыратады? Оның саусақтары сезімтал болуы керек. Қай жерде тоқ ішек, қай жерде тамыр, қай жерде басқа мүшенің тұрғанын көзбен көрмесе де қолмен сезуі керек. Сондай нақтылық талап етіледі. Хирургтарға ауыр жұмыс істеуге болмайтыны да сондықтан. Алайда, ондай дәрігерлер көп емес. 

Дәрігерлік құпия пациенттің өзінен өзгеге айтылмайды

– Медициналық оқу орнын тәмамдаған кезде Гиппократ антын қабылдайтындарыңыздан хабардармыз. Сонда айтылатын дәрігерлік құпия елімізде сақталып жүр ме? Жалпы дәрігер нені айтпауы керек?

– Дәрігерлік құпия науқастың жағдайына байланысты соған қатысты медицина мамандарының арасында айтылуы мүмкін. Ақылдасасыз, кейде өзіміз шешім қабылдай алмайтын кездеріміз де болады. Қаншалықты білікті дәрігермін дегеннің өзінде де қиналып қалатын жағдайлар кездеседі. Сондай уақыттарда болмаса, негізі емдеуші дәрігердің екінші дәрігерге науқас тарихын айту үшін пациенттің рұқсаты керек. Мысалы, бір үйдің келініне ота жасадық делік. Оның ата-енесі бізден не болғанын сұрайды. Бірақ біз айтуға тиісті емеспіз. «Келініңіз 18 жасқа толған азамат. Өзіне түсіндіріп айттық. Өзінен сұрайсыз» деп шығарып саламыз. Рас, түсінгісі келмей, дәрігерлік құпияңызға псықырып та қарамайтындар, сөйтіп шабылып жан-жаққа диагнозын жасырды деп шағымданатындар аз емес. Онда да шағымданған азаматқа науқастың пайдасы үшін оның келісімімен ғана ауру тарихын баяндаймыз.

Кейде пациенттің диагнозын біліп тұрамыз. Бірақ, тиісті емдеуге келмейді. Сондайда ата-анасына, туыстарына, ағайындарына айтуға тура келген кездер болды. Ал, қазіргі жағдайда бұлай етуге Гиппократ антынан бұрын еліміздің қолданыстағы заңдары да рұқсат етпейді.

– Адамдарда, бәріндей бірдей деуге болмас, біршамасында «дәрігерге барып ауырған жеріңді емдетейін десең, он шақты ауруыңды бір-ақ айтады» деген пікір қалыптасқан. Бұл «білсін, білмесін дәрі жазып бере салады» деген райда айтылады. Осы қаншалықты рас?

– Адамның мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста, ол – бір ағза. Ас қорытудың бауырға, бүйрекке, жүрекке, барлығына қатыстылығы сияқты бір аурудың біраз жерге әсері болады. Міне, әлгі сіз айтқан сөзді айтушылар осыны ескере бермейді. Сырқатының себебіне, түбіне терең үңілмейді. Жөтеліп барса, өкпемді ғана емдейді деп ойлайды. Дұрыс емделмесе, ағза жұмыс жүйесі бұзылады. Оған да мән бермесе, ауруына ауру қосылып, асқынып кетеді. Сосын соңында медицина мамандарын кәнілап шыға келетіндер азаймай тұр. Сондықтан мен пациентеріме өз денсаулықтарына жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарау керектігін үнемі айта беруден жалыққан емеспін. Тұрғындар мынаны білу тиіс. Қазіргі жағдайда елімізде адамның денсаулығына деген жауапкершілік қазір үш жақты болып тұр. Біріншіден, Үкімет тарапынан тиесілі тегін дәрі-дәрмектер мен тиісті жағдайлар жасалады. Қаржы бөлінеді, ғимарат салынады, қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Екіншіден, медицина тарапынан сол дәрігерлік көмектерді халыққа уақытылы жеткізу бізге жүктеледі. Жұртқа түсіндіріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеуіміз керек. Дегенмен, пациентке ем қону, оның ауырмауы тек медицинаға ғана қатысты емес. Міне, осы тұста үшінші жақтың – халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі аса маңызды. Мен өзім емханада арнайы есепте тұратын, тегін дәрі-дәрімек алатын, бірақ соны үйіне апарған соң мүлдем ішпейтін адамдарды кездестіргенмін. Мың жерден жақсы жағдай жасалғанымен, ауырған адам дәрігердің айтқанын орындамаса, бұлай сенімсіздік танытатын болса, ем қонбайды.

11 қарауылым 11 мамандық иесі

– Ақ халатты абзал жандар дегеніміз болмаса, бүгінде дәрігерлердің үстінен арыз-шағымдар аз жазылмайды. Мұны реттеудің қандай жолдары бар деп ойлайсыз? 

– Негізінде сын-ескертпелердің болғаны жақсы, рас болса... Мен сізге мына бір әдісті айтайын, бұл Шымкенттің өзінде көп жерде жоқ. Қазығұрт шағынауданының әкімшілік ғимаратында әр сәрсенбі сайын жиналатын ақсақалдар алқасы бар. 20 ақсақал осындағы 53 мыңдай тұрғынның түйіткілді мәселелерін талқылайды. Оған қатысу маған міндеттелмеген. Бірақ, мен уақыт тауып, соған баруға ұмтыламын. Маған қатысты болар, болмас, сол жерде барлық нәрсе айтылады. Тіпті адамдарды мәмілеге шақырып, шектен шыққандарды жөнге де салады. Мысалға айтар болсақ, дәрігер дұрыс емдемеді деп медицина мамандарына жала жауап, орынсыз кінәлайтындарды өз айыбын, ағаттық жіберген тұстарын өзіне түсіндіріп айту арқылы орнына қояды. Жалпы, оған қатысу елдің тыныс-тіршілігінен хабардар ғана болып қоймай, сонымен қатар жұрт тарапынан ұжымыма айтылатын сын-ескертпелерді де уақытылы біліп отыруыма, кем-кетігіміз болса, түзеуімізге мүмкіндік береді. Кейде тұрмысы төмен болған соң, жағдайы жүріп тұруға жарамайтын науқас болған себепті емханаға келіп, ем қабылдай алмайтын адамдарға медициналық көмек қажеттігін солардан естіп білетін кезім болады. Ол учаскелік дәрігерлеріміз пациенттері туралы ақпаратты жасырады деген сөз емес. Қаланың шеткі шағынауданы болған соң мұнда әлеуметтік жағдайы мәз емес обасылар жиі қоныс ауыстырады. Олар – баспананы жалға алушылар. Бүгін учаскелік дәрігердің бақылауына алынған пациент өз үйі болмаған соң ертең көшіп кетуі мүмкін. Көшіп келуші де сондай. Олар қиын жағдайда қалса, алыстау болса қызметтік көлікпен дәрігерлерді үйлеріне жіберіп, тиісті медициналық көмек көрсетіп келеміз. Осы ақсақалдар алқасының көмегімен біраз мәселені шешіп келеміз. Содан шығар, біздің үстімізден шағымданатындар көп емес.

– Өзіңіз басқаратын емханада маман жеткілікті ме?

– Емханада 25 жалпы тәжірибелі дәрігер халыққа қызмет көрсетеді. Әрбіріне бұрын 2 мың тұрғыннан тиесілі болатын. Қазір әрбірінің пациентері кемінде 120-ға артты, емханаға тіркелушілердің көбею есебінен. Бірақ, ғимаратымыз талаптарға толық сәйкес келмейді. Осында бас дәрігер болып келген жылы «А» және «Б» ғимараттарының арасын жалғайтын галерия жасаттым, өз қаражатыма. Емхана болғаннан кейін барлық бейіндік мамандар – хирург, травматолог, окулист, стоматолог, эндокринолог, лор дәрігерлері  болу керек. Соның ішінде 13 түрлі мамандық иелері жоқ болатын. Былтыр емхана сондай мамандармен толықты. 291 шаршы метрді құрайтын ғимарат соқтық. Оған демеушілер тарттық. Осы төңіректегі ірі ұжым басшылары, сауда орындарының қожайындары, сол кездегі облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қол ұшын беріп, құрылыс материалдарын алуға көмектесті. Соның нәтижесінде акушер-гинекологиялық көмек көрсету орнын өз алдына бөлек шығардық. Биыл жыл басынан бері туберкулез диспансерінің мамандары да бізге қосылды. Оларға да өз алдына бөлек ғимарат салып бердік. Сондай-сондай біраз жұмыстарды ұжым болып ұйысып, жұдырықтай жұмыла игердік. Қазығұрт шағынауданының маңындағы елді мекендер тұрғындарының барлығын басқа жаққа жібермей, бір есік, бір тесіктен, бір емхананың ішінен дәрігерлік кеңес беріп, сандалтпаудың әрекетін жасадық.

Емханада 11 қарауыл бар. Оның әрқайсысын өзімше жасақтадым. 11-і 11 түрлі мамандықтың иесі. Олардың арасында темір дәнекерлеуші, сылақшы, пластик есік-терезе жасаушы, қысқасы құрылысқа қатысты, бізге қажетті қызмет көрсетушінің бәрі бар. Олармен келістім, нәтижесінде соңғы екі жылда сенбі-жексенбілерде, Наурыз мерескесі қарсаңында қатарынан берілетін бес тәуліктік сынды демалыстардың ешқайсысында демалған жоқпыз. Бірақ, ешқайсысының еңбегін жеген жоқпын. Тоқсандық, кейде мерекелік сыйақылар берілетін тұста атқарған жұмысына қайрай қаржылай қолдаулар жасап келемін. Кейде фундамент құю үшін дәрігерлерді де жұмылдыруға тура келді. Бір күнде біршеше шаршы метр цемент құйдық та. Оған орта буын қызметкерілері де тартылды. Бұл жағынан ұжымның қолдауы маған көп көмек болды.

Ақжардағы амбулатория ғимаратының қоршауы, суы жоқ болатын. Медицинада суы жоқ деген мәселе болмауы тиіс. Оған құдық қаздырып, арнайы сусорғыш қойдырып, әр бөлмеге су кіргіздік. Ғимаратты қоршаттым.

Осылардың барлығына демеушілердің есебінен берілген қаржы болса да кеткен шығындарды есептетіп жүрмін. Бүгінге дейін 7 миллион 344 мың теңге жұмсалыпты. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу заңына қайшы емес заттарды Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлының қолдауымен жылдық жоспарымызға өзгерістер енгізу арқылы емхана бюджеті есебінен алдық.

– Еліміздің денсаулық сақтау саласында келесі жылдың қаңтарынан бастап енгізілуі тиіс Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіт тағы екі жылға шегерілді. Емхананың басшысы ретінде айтыңызшы, егер олай болмаған жағдайда, аталған реформаға дайын ба едіңіздер?

– Дайынбыз, медсақтандырудың ертерек енгізілгені бізге жақсы еді. Өйткені жаңа ғана айтқан адамдардың өз денсаулықтарына жауапкершілігін арттыруды осы жүйемен жетілдіруге, халықтың медициналық мәдениетін қалыптастыруға әбден болады. Екі жылға шегеру осы процесті тағы да әрі қарай созады. Халық дайын емес деген пікірмен өз басым келісе алмаймын. Қарапайым ғана мысал, еншісін алып шыққан жас отбасының төрт құбыласы түгел болмайды ғой. Уақыт өте түзеледі, толығады. Реформа да сондай, бәрі бірден бола салмайды.

Жан Абылайұлы: «Диабет – өмірдің соңғы сатысы емес»
Майра Ілиясова: «Қолға алып, домбырамен ән шырқасам»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу