Төрегелді Шарманов: «Ет жемеңіз» деп айтуға болмайды»

Oinet.kz 10-03-2018 852

Screenshot_5.jpg

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті

– Төрегелді Шарманұлы, 2005 жылы Дүние жүзінің денсаулық сақтау ассамблеясының «Леона Бернард» атындағы дүниежүзілік сыйлығын алдыңыз. Бұл сыйлықпен әлем бойынша 42 адам ғана марапатталған екен...

– Қоғам өзгерген. Қоғамды  түрлі марапаттар қызықтырады. Барлық пейілін соған аударып, адамгершіліктен аттайтындар бар. Маған мұндай ұнамайды. Кеңес өкіметі кезінде-ақ еткен еңбегім еленіп марапатқа ие болғанмын. Түрлі марапаттардың, орден, сыйлықтардың иесімін. Дегенмен менің өмірімдегі ең маңызды марапаттардың бірі – «Қажырлы еңбегі үшін» медалі. Бұл медаль 1969 жылы туып өскен ауылым Ұлытау ауданындағы ауруханадағы дәрігер болып жұмыс істегендегі алғаш берілген марапат. Сол жылы КСРО бойынша медальды мен және Сібірдегі бір әріптесім алған екен. Екінші маңызды марапат – Ахмет Байтұрсынов атындағы орден. Себебі менің өмірім Ахмет Байтұрсыновтың тағдырына өте ұқсас. Сөздің шыны керек, өмірде көп қиыншылық көрдім. Менің де туған елім Қазақстанымнан кетуіме тура келді. Ішім удай ашыды. Жұмыстан қуылдым. Тіпті мені өлтіргісі келгендер де кездесті. Ақты ақ, қараны қара деп айтқаным үшін зардап шектім. Ахмет Байтұрсынов та елден қуылды, халық жауы болды, ақырында атылып кетті. Егер мен Мәскеуге кетпегенде, мүмкін Ахмет Байтұрсыновтың тағдырын қайталайтын ба едім... Кім білсін...

Мен тіке сөйлейтін адаммын. Әділетсіздікке бей-жай қарап отыра алмадым. Менің ашық айтқан пікірлерім Дінмұхамед Қонаевқа ұнамады. Ғылыми жұмыстарда аса бір жетістігі жоқ, таныстық-бауырмалдықпен келген ғалымсымақтарды қолдамадым. Оны ашық айтып, газет беттеріне жариялауымның салдарынан Қонаевқа жақпай қалдым. Ол кісіні өте қатты сыйлайтын едім. Дегенмен шындықты айтқаным үшін жұмыстан қуылдым. Алты ай бойы жұмыссыз жүрдім. Төңірегімде түрлі әңгімелер өрбіді. Өміріме қауіп төніп тұрғанын сезіп, Мәскеуге қашып кетуіме тура келді. Қиын кезеңдер болды. Бірақ, мен оған өкінбеймін. Керісінше мақтан тұтамын. Әділеттікті айту үшін қудалану, ол – бақыт сезім. Мен оны қателік деп ұқпаймын. 

Бүкіл Ресейді араладым. Мәскеуде үш жыл жұмыс істеп елге оралдым. Қазір еліме, болашақ ұрпақтың сау болып өсуіне еңбек етіп жатқаныма шүкіршілік етемін. Кек сақтамау керек. Жасты ұзартатын дүние мидың дамылсыз жұмысы. Өзім ылғи лекция оқимын, ғылыми сараптамалар жасаймын, эссе жазамын… 

– Негізгі ғылыми еңбектеріңіз тамақтану физиологиясына арналған. Өзіңіздің басшылығыңызбен  балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспаларын шығардыңыз және тағамтану саласында көп жаңалық аштыңыз. Енді алдағы жоспарыңыз қандай?

– Осы тұста бір мақал есіме түсті. «Не случается пророков в своем  Отечестве» деген.  Өзге елдің үкімет басшылары біздің жұмыстарымызды мойындаған. Біз атқарып жатқан ғылыми жұмыстарымыздың маңызын түсінеді. Дүние жүзілік денсаулық сақтау  ұйымының тірегіне айналдық десем болады. ЮНИСЕФ-пен бірге жұмыс істейміз. Біздің жаңалықтарымыздың олар үшін маңызды екенін айтып өткім келеді. Ал елімізде біздің ұсыныстарға, жаңалықтарымызға аса мән берілмейді. Иә, мүлдем қолдау көрсетпейді емес. Көп жұмыстарымыз әңгіме жүзінде немесе қағаз бетінде қалып қойды. Соның өзінде біз салауатты тағамды өндіруге 300 миллион теңге көлемінде грант ұтып алдық. Алдағы уақытта бие сүтінен жасалған шоколадты тонналап шығаруды қолға алып жатырмыз. 

Қазіргі таңда жылқы басын молайту еліміздің болашағы үшін Үкіметіміз қолға алуға тиіс маңызды істердің бірі деп ойлаймын. Себебі, бие сүтінің ұлтымыздың әлеуетіне қосатын үлесі орасан, оған біздің Қазақ тағамтану академиясының көп жылдар бойы жүргізген ғылыми зерттеулері дәлел. Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында біз бие сүтінің терең сырларына бойлап, осы уақытқа дейін құпия болып келген тұстарын зерттеп, тың жаңалықтар ашып, бие сүтінің негізінде тарихта тұңғыш рет жаңа өнімдерді өмірге әкелдік. Оларға йогурт, балмұздақ және жоғары сатыдағы  шоколад жатады. Біздің өнімдердің басты айырмашылығы қант мүлдем қосылмайды. Биенің сүті қант қосуды талап етпейді. Яғни биенің сүтінде лактоза жоғары мөлшерде келеді. Оның табиғи тәттілігі бар. Ал сиырда лактоза төмен. Сондықтан сиырдың сүтінен жасалған өнімдерге қант қосылады. Барлығымыз білеміз қанттың құрамында фруктоза болады. Фруктоза адамның денсаулығына өте зиян. Мен қантты «Ақ У» деп атаймын. Оны мүлдем тағамдарыңызға, күнделікті қабылдауларыңызға кеңес бермеймін.  

– Қазақ тағамтану академиясының негізгі жұмыс істеу жүйесін айтып өтсеңіз?

– Академияда емдік тағам бөлімі, тағам иммунологиясы, тағам физиологиясы және оны жоспарлау, арнайы азық-түлік өнімдері мен биологиялық активті қоспаларды өндіру, тағамның сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, биохимия және витаминология лабораториялары жұмыс істейді. Орталықта 87 қызметкер бар. Тағамтанумен айналысатын, зерттеулер жасайтын ғалымдар бар. ЮНИСЕФ-пен, Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тығыз жұмыс істейміз. Ғылми кеңестерде бас қосып, зерттеу қортындыларын талқылаймыз. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстанға біздің ғалымдарымыз барып тәжірибе алмасып, зерттеулер жүргізеді. Тағамтану академиясының ғалым-мамандары біраз жылдардан бері трансмай қышқылынан арылудың жолдарын іздестіріп келеді. Соңғы жылдары жүргізілген алуан түрлі медициналық зерттеулердің нәтижесінде адамды әртүрлі дертке шалдықтыратын аурудың алдын алудың жолын таптық. Атап айтқанда, қазақстандықтар үшін күнделікті өмірде жиі кездесетін қант диабеті, қан қысымы тәрізді тағы басқа да аурулардан арылудың бірден бір жолы, ол – кәдуілгі биенің сүтін пайдалану. Өйткені, бие сүтінде сиыр мен қой еті және сүтінде болатын трансмай қышқылы мүлде жоқ. Сондықтан да күнделікті тағам ретінде пайдаланылып жүрген сиыр және қой сүтінен жасалған май, құрт, ірімшік, айран тәрізді ұлттық тағамдардың барлығының адам ағзасы үшін пайдасынан гөрі зияны өте көп. Ал бие сүтінен жасалған тағамдарда трансмай қышқылдары мүлде кездеспейді. Шындығы сол. Сонымен қатар жүрек қан-тамырлары, рак,  қауіпті ісік, безгек сияқты дерттер адамның ағзасында қалай пайда болады? Не әсер етеді? Аурудың пайда болу жолдарын зерттеп жатырмыз.

– Вегетариандық баяғыдан бері кең танымалдылыққа ие болған. Қазір де тамақтанудың бұл түрі жайылып, көптеген бағыттарға бөлінді. Алайда шын мәнінде вегетариандық пайдалы ма, зиян ба?

– Вегетариандықты шипалы дауа ретінде қабылдауға болмайды. Оны қатаң ұстанушылардың рационы дұрыс емес деп те айту қиын. Вегетариандықтар ағзаға өмірлік қажетті микроэлементтер мен дәрумендерден бас тартады, ослайша бедеулік, қан аздық, жүйке аурулары, уақыттан бұрын қартаю, шаш пен тырнақтың әлсізденуінен зардап шегеді. Етте бар B12 дәрумені, ақуыздар, кальцийді қажетті мөлшерде қабылдамаған адамдар жүдеу мен ауру шегінде болады. 

Дегенмен әлемде мүлдем ет жемейтін адамдар жетерлік. Тіпті кейбір өңірлер жануарлардың етін пайдаланудан бас тартқан. Олардың организмдері соған бейімделген. Оларға ол қалыпты дүние. Ішкі ағзалары солай қалыптасқан. Сондықтан кейбір дәрумендер жетіспеуі деген ол жәй ғана миф. Яғни ағзалары етті қажет етпейді. Мәселен қазақ халқы үшін еттің маңызы ерекше. Біздің жергілікті халық еттен жасалған тағам түрлерін жеуге бейімделген. Бізге ол қалыпты жағдай. Етті пайдалану зиян немесе ет тағамдарын жемесе ауыр дертке шалдығуы мүмкін деп айту қате пікір. Себебі әр адамның ағзасы әр түрлі. Кейбір адамдарға тек көкөністер мен жеміс-жидектерді пайдаланған жағады. 

– Ас – адамның арқауы деп жатады жұрт. Ет жеп, қымыз ішкен халық ұлыстың ұлы күні – Наурызды наурызкөжесіз қарсы алмайды...

– Рас, айтасың, ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін дәстүрлі наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әрбір үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурызкөже дайындалады. Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киелілікке, қасиетті сандарға мән берген. Сол себепті бұл тағамды жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, береке болсын деп ниет еткен. Дегенмен наурызкөжені адам ағзасына аса бір пайдалы тағам түрі деп айта алмаймын. Әрине, ұлттық тағам. Бірақ оны күнделікті немесе жиі пайдалану адамның ағзасына пайдасынан гөрі зияны көбірек. Кез-келген тағамды мөлшерден көп пайдалануға болмайды.

Сұқбаттасқан Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

Әмірхан Сәлімбеков: «Науқастардың ешқайсысы да ауруын айтып келмейді»
Мамыржан Саипов: «Ревматологты травматологпен шатастыруға болмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу