Тараздың университеттері көзбояушылықпен айналысып отыр ма?

Oinet.kz 01-06-2020

Screenshot_3.jpg

Жамбыл облысында үш жоғары оқу орны мен облыстық білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім берумен айналысатын колледждерге мемелекеттік оқу гранттары дұрыс бөлінуде ме? Неге десеңіз, аймақтағы жоғары оқу орындары мен орта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бөлінген мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған мамандардың бірсыпырасының жұмысқа орналасуы түйткілді мәселе болып отыр. Тіпті, кейбір мамандықтардың өңір үшін өзектілігі де тым төмен. Өңірдегі жоғары, техникалық және кәсіптік орта оқу орындарында білім беру гранттарын бөлу саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысына сүйенсек, жоғары оқу орындары мен білім басқармасынан алынған оқу бітірушілердің бірқатар мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер әсіресе, бітірушілер арасында жүргізілген сауалнамада сәйкессіздіктерді көрсетіп отыр. Яғни білім мекемелері бітіруші мамандардың жұмысқа орналасуы әр мамандық бойынша 85-100 процент аралығында деп көрсетеді. Нақты мәліметтер бойынша сөйлейтін болсақ, 2017-2019 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін грант жүйесімен бітірген 644 түлектің 593-і, яғни 92 проценті өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 2019 жылы бұл көрсеткіш тіпті 100 процентті құраған. Бұл университеттің мәліметі. Ал, бітірушілермен тілдесу арқылы алынған ақпаратар олардың 331-і, яғни жартысының ғана еңбек нарығынан орын алғанын көрсеткен. Мұнда мамандықтар бойынша жұмыспен қамтылғандар санының жасанды арттыру ықтималдығын көруге болады. Сауалнама нәтижелері бойынша 2017 жылғы түлектердің - 47 проценті, 2018 жылғы түлектер арасында - 47 және 2019 жылы бітірушілердің арасында – 52 проценті ғана жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, Тараз педагогикалық университеті бойынша жасалған зерделеу де осындай олқылықтарды көрсетіп отыр. Университеттің мәліметінше, аталған жылдары грант жүйесімен оқу орнын 778 маман аяқтап шықса, оның 694-і (88%) өз мамандықтарымен жұмыс тапқан, алайда университет түлектерінің өздерінен алынған жауаптарға сәйкес, тек 446 бітіруші (56%) ғана жұмысқа  орналасқаны белгілі болып отыр.

Облыстық білім басқармасы 2017-2019 жылдары мемлекеттік колледждерді оқу гранттарының негізінде 11 681 маман аяқтап, оның 6234-і, яғни 53 проценті жұмысқа орналасқаны, 4023-і (35%) басқа оқу орындарына түсу, әскерге кету, бала күтімімен отыру, шетелге кету сияқты негіздермен жұмысқа орналаспағаны туралы мәлімет береді. Мамандығы бойынша жұмысқа мұқтаж түлектердің саны - 1415 немесе 12 процент. Мұнда бітірушілер санының аса көптігіне байланысты, мемлекеттік тапсырыс саны жоғары 13 мамандық иелеріне сұраулар жүргізілген. Нәтижесінде 5222 түлектің 2299-ы, яғни 44 проценті ғана өз мамандығымен жұмыс істеп жатқандығын растаған. Оның ішінде 2019 жылы оқу бітіргендердің тек 27 проценті (1805-тен 499) жұмыс орнын тапқан. Яғни бірқатар мамандықтар үшін мемлекеттен бөлінетін қаражаттың ақталмай отырғанын анық көруге болады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытылатын әрбір азамат үшін мамандық түріне қарай жылына жоғары оқу орындарына 360 000 теңгеден 600 000 теңгеге дейін мемлекет қаражат бөлінеді. 

Расында кей мамандықтардың артық дайындалып, қаржының желге ұшып отырғандығын көруге болады. Атап айтқанда, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен құрастырылуы» мамандығын игерген 61 түлектің жұмыссыз жүрген 38-інің әрқайсысына мемлекет 400 теңгеден 4 жылда 1,6 миллион теңге бөлгенін ескерсек, мамандар даярлауға бөлінген 60,8 миллион теңгенің тиімсіз жұмсалғанын көруге болады. Өкініштісі, бұл мамандықты 2017 жылы бітірген 23 маманның бар-жоғы 2-уі ғана жұмысқа орналасқан.

Ал, ТарМПУ «Дефектология» мамандығының бітірген 61 маманның жұмыс таба алмаған 29-ына жұмсалған мемлекет қаражатының сомасы 46,4 миллион теңгені құрайды. Жалпы, педагогика мамандықтарынан 2019 жылы «Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу» мамандығы бойынша бітірген 16 түлектің 3-еуі, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 16 түлектің 4-еуі ғана жұмыспен қамтылған.

Жоғарыда айтылған мамандықтар қатарында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де оқытылатын «Машина жасау» және «Мұнай-газ ісі» мамандықтары бойынша білім алғандарға қажеттілік облыс өндірісінің даму ерекшелігіне байланысты өте төмен екені белгілі болып отыр. Есесіне, аймақтағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, облыста жоғары білімді қаржыгерлер, электр монтерлеры, металл құрылғыларын жинақтау слесарлары, жол құрылысы бойынша кадрларға қажеттілік жоғары екен.

Сонымен қатар, облыста орта техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне грант жүйесімен оқытуға әр маман үшін жылына 280 000 теңгеден 500 000 теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Мұнда да көптеген бітіруші мамандар өз біліктілігіне сәйкес жұмыс орындарымен қамтылмай отыр. «Фермер шаруашылығы», «Емдеу ісі, фельдшер» мамандықтарын мемлекеттік тапсырыс негізінде 2017-2019 жылдары бітіргендердің ішінде жұмысқа орналасқандары 20 процент қана болып тұр. Облыс бойынша 2017-2019 жылдары грант саны өте жоғары «Фермер шаруашылығы» мамандығын аяқтаған түлектердің әрбіріне орта есеппен айына 29 000 теңге қаражат жұмсалған. Бұл мамандық бойынша 236 адамның жұмыс орнына мұқтаж екенін ескерсек, 2 жыл 10 ай оқу барысында әр маманға 986 000 теңге қаражат жұмсалған. Демек, 236 адамға бөлінген 230 миллион теңгеден астам қаражаттың тиімділігі жоқ деген сөз. «Емдеу ісі» мамандағы бойынша бітірген 126 маман жұмыссыздар қатарын көбейтңп отыр. Оларға бөлінген 100 миллион теңге қаражат туралы да осылай айтуға болады. Бұл мамандықтағы грант құны орташа алғанда айына 30 000 теңге, яғни 2 жыл 10 айда  әр маман үшін 1 020 000 теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде, жұмыссыз 126 маманға жұмсалған қаражат көлемі 128 миллион теңге шамасында екенін байқауға болады.

Ал, өңір үшін қажетті «Ауыл шаруашылығын механизациялау», «Маркетинг (салалар бойынша)», «Дизайн» сияқты мамандықтарға 2017-2019 жылдары мемлекеттік грант аз бөлінген немесе мүлдем бөлінбеген. Мұндай жағдай өңіріміздегі жұмыссыздар санын арттырып қана қоймай, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізуде. Өйткені, облыс үшін қажетті мамандықтардың орнын керісінше мемлекеттік тапсырыс арқылы сұранысы төмен мамандықтар алып отыр. Сонымен қатар, колледждерде оқытылатын, игерілуі жеңіл кейбір мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс арқылы гранттар бөлудің де қажеттілігі бар ма? Атап айтқанда, «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Аспаз» мамандықтарының қажеттігін жоққа шығармасақ та, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы төмен екені белгілі. Тіпті, бір елді мекенде немесе жақын маңдағы кенттерде орналасқан колледждердің бірдей мамандар дайындап шығу арқылы бір-бірінің қызметін қайталауы да облысымыздағы еңбек нарығына кері әсер етері даусыз. Талас ауданының орталығы Қаратауда орналасқан үш колледж бірін-бірі қайталап қана қоймай, қаланың бір аумағында келесі аулада және көшеде орналасқанын да айта кету керек. Сондықтан, мамандар техникалық және кәсіптік орта білім берудің тиімділігін арттыру мақсатында Талас, Сарысу және Қордай аудандарындағы колледждерді біріктіруді мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр.

Ал осы олқылықтарды ескере отырып, мониторинг техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру комиссиясының жұмысында қарап шықты. 2017-2019 жылдары комисссия құрамында 22-24 адам болған, төрағасы облыс әкімінің орынбасары. Комиссия құрамдарындағы үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің үлес салмағы 55-65 процент.  Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген арнайы қағиданың 21 тармағына сәйкес, хаттамаға комиссия төрағасымен қатар мүшелері де қой қоюы тиіс. Алайда, 2017, 2018 жылдары хаттамаға тек төраға, облыс әкімінің орынбасары қол қоййып келген. Ал, комиссия мүшелерінің қолдары хаттамаға қоса тіркелген парақшаға қойылған. Дегенмен, мұндай тәртіп комиссия мүшелерінің отырысқа қатысқанын толықтай растай алмасы тағы анық. Сондай-ақ, комиссия мүшелерінің нешеуінің тапсырыс жобасын мақұлдап дауыс бергені туралы дерек хаттамада көрсетілмеген. Жалпы, комиссия отырысының қалай өткізілгені, тапсырыс жобасы бойынша қандай дәйектемелер келтірілгені, талқылауда кімдер сөз алып, ұсыныс тастағандары, пікір таластырғандары туралы хаттама мүлдем жоқ. Тексеруші мамандар бұған себеп, комиссия отырысының 2017, 2018 жылдардағы бейне/аудио жазбасының болмауы дейді. Ал 2019 жылғы комиссия отырысының барысы туралы бейнетаспа тіпті оқылмайды, сапасыз жазылған. Бұған кім жауапты? Және бұл олқылықтардың алдағы уақытта қайталанбасына кім кепіл?

Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы

20 жылда Қазақстаннан 140 млрд доллар ұрланған
Кешегі әкімдер бүгін қайда жүр?

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×