Аюпов қайда? Аюпов айда! Түркістанның әкіміне көңілі толмайтындар көбейіп келеді

Oinet.kz 01-04-2021 2505

Адамды алға жетелейтін күш – арман. Армандамайтын адам жоқ шығар, сірә. Алайда арманның соңына түсіп, елес-сағым қуу, ақылға сыймайтын дүниелерге алдану ақымақтық саналады. Ал шенеуніктің орындалмайтын арманның соңына түсуі барып тұрған алдаудың өзі. Байқасаңыздар, соңғы жылдары билікке өздерін жаңашыл, жаңа заманның талабын түсінетін, өзін данышпан, көпті көрген керемет маман ретінде көрсеткісі келетін шенеуніктер көбейіп келеді. Солардың бірі өзін креативті атқамінер санап жүрген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов десек, қателеспеуіміз мүмкін. Бүгінде Түркістан қаласының әкімінің өзі айда, ал қара халық жерде жүрген сияқты.

Аюпов.jpg

"Рейтинг" газетінің коллажы

Айдаладағы Аюповта нелерің бар дейтін шығарсыздар. Алдымен әңгімемізді тақырыпқа тұздық болар нақты деректен бастасақ.      

Өткеннен сабақ алмаудың ақыры тағы да өкінішке апарып соғады.  Былтыр жазда ел ішін жайлаған белгісіз өкпе қабынуы мен оның салдарын басқалар ұмытса да, Түркістан қалалық әкімдігінің атқамінерлері ұмытпауы тиіс еді. Облыс орталығында індет жұқтырғандардың саны күрт көбейіп,  ауруханадан орын табылмай,  науқастарды Кентау мен Созаққа жөнелткені, көп тұрғындардың бала-шағасына дейін төсек тартып, біраз адамның ғұмыры қыршынынан қиылғанын Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов пен оның қарамағындағы қызметкерлердің естен шығарып, артынша түк білмегендей кейіп танытқанына таңғалмасқа шараң жоқ. Әсіресе, әкім Аюповқа. Өйткені оның өзі де осы індеттің кезінде, аурудың азабын тартып, үйінде оқшауланғанын ел ұмыта қойған жоқ. 

Естеріңізде болса былтыр елде жарияланған төтенше жағдай кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халыққа көптеген жеңілдіктер жасалды. Карантин кезінде үйде қол қусырып қалғандарға ай сайын 42 500 теңгеден көмек берілді. Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктерден бөлек, қарапайым халықтың банктердегі несиелері кешірілді. Мемлекет тарапынан жасалған сондай игі тірліктің бірі - төтенше жағдай кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың коммуналдық төлемақыларының шығындары өтелді. Әңгімеміздің төркіні міне, осы коммуналдық өтемақыдан басталады. 

Жуырда  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөнінде кеңесінде қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың тәртіптік ісі қаралды. Мәселенің қысқаша мән-жайына қарағанда, 2020 жылы төтенше жағдай кезінде тұтынушыларға жоғарыда айтқан коммуналдық қызметтің көлемін өтеу үшін «Түркістан су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына  бюджеттен 119 217 000 теңге бөлінген. Кәсіпорын осы қаржыдан 4 529 абонентке төлемақыдан жеңілдіктер жасап, пайдаланылмаған 57 009 646 теңгені мемлекетке қайтарып жібереді. Алайда кейінірек тексеру барысында игерілмеген қаражатты бюджетке қайтарып жіберудің тым асығыстық, тіпті адамгершілікке жат қылық екендігі анықталады. Неге дейсіз бе?

Кеңесте белгілі болған мәліметтерге қарағанда, төтенше жағдай режимінде коммуналдық қызметтерді төлеудің қағидалары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен бекітілген. Осы қағидаға сәйкес  жеңілдікті мүгедектер, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және оларға теңестірілген адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар, көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар пайдалануы тиіс болған. Тәртіп бойынша олар жергілікті атқарушы органдағы ақпараттық жүйе немесе call-орталық арқылы өтінім береді. Жергілікті әкімдіктер өтінішті қабылдау және өңдеу бойынша жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда Түркістан қалалық әкімдігінің жауапты қызметкерлері өтініштерді толығымен қарамаған. 

Осының салдарынан әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 46 мүгедектің, 2-Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғаның, 40 -көпбалалы отбасының немесе жалпы бас-аяғы 88 тұтынушының 1 360 000 теңгеге коммуналдық қызметінің шығындары өтелмей қалған.

Себебі Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі жоғарыдағы аталған ауыз сумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға тұтынушылардың тізімін кеш жолдаған. 28 қыркүйекте кәсіпорын бөлімге  өңделмей қалған тұтынушылардың коммуналдық қызметіне есеп шотында тұрған үнемделген 57 009 646 теңгенің есебінен жүргізуді сұрайды. Алайда бөлім басшысы Н.Бектұрсынов 1 қазанда қаражатты толығымен бюджетке қайтару қажеттігін хабарлайды. Басшы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне үнемделген қаржы туралы есеп беріп қойғанын алға тартыпты. Осы хат негізінде кәсіпорын 88 тұтынушының өтінішін қанағаттандырусыз қалдырып, пайдаланылмаған қаржыны толық мемлекетке қайтарған.  Сонда қалай, түркістандық шенеуніктерге халықтың обал-сауабынан гөрі, құзырлы органдарға беретін есебі маңыздырақ болғаны ма? 

Кім біледі, түркістандық шенеуніктердің осы жауапсыздығы жылы жабылып қала берер ме еді, алайда президент айтқан жеңілдіктерге қол жеткізе алмаған мүгедектердің бірі Ақордаға шағым жазады. 

Ең сорақысы, бұл арызға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Т.Мұсаев коммуналдық қызметтерді өтеуге мемлекеттен қаражат қарастырылмағаны жөнінде жауап қайтарған. Осыдан кейін арызданушы қала прокурорына шағымданады. Түркістандық атқамінерлердің өздеріне тиесілі міндетіне селқос қарап, бір емес 88 азаматты «шөміштен қаққаны» прокурорлық тексерулерден кейін анықталған. Мәселенің қысқаша мән-жайы осы.

Кеңес барысында түркістандық шенеуніктердің жауапсыздығы қызу талқыланды. Тіпті одан да жоғары тұрған басшылардың мәселесін қарау да айтылды. 

Нәтижесінде Нұрлан Бектұрсыновқа қызметіне толық сәйкес емес  түріндегі тәртіптік жаза беру туралы ұсыныс  Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповқа жолданды. Алайда осыншама қиямпұрыс тірліктің бәріне жалғыз бөлім басшысы кінәлі ме? Одан жоғарыда тұрған коммуналдық салаға жауапты орынбасардың қатысы жоқ па? Ал  қаланың әкімі Рашид Аюповтың ше? Оның атқарып отырған лауазымына  қаншалықты сәйкестігі туралы не айтуға болады?  

Сәйкестіктен бұрын салыстырып көрелікші. Жалпы, Түркістанның облыс орталығы болмай тұрып-ақ өзіндік дамуы бар, жұрт ерекше назар аударатын қала болғаны рас. Бұл қаланың көркеюіне қолтаңбасын қалдырған әкімдердің ішінде қазіргі Сенат депутаты Әли Бектаевты, кәсіпкер Қайрат Молдасейітовты ерекше атап өтуге болады. Түркістанға бір емес үш қайтара әкім болған Әліпбек Өсербаевтың іскерлігін ел әлі күнге айтады. Ал олардың орнын басқан Рашид Аюповтың соңынан «сөзі мен тірлігі сай емес шенеунік», «өзін жарнамалаудан жалықпайтын әкім» деген сөз еріп келеді. Бекер емес сияқты. Өзінің атқарған жұмыстарын әлеуметтік желі арқылы жарнамалап отырғанды жақсы көретін Рашид Аюпов мүгедектердің мәселесі туралы былтыр инстаграмдағы парақшасында: - “Инвалид” сөзінің тікелей аудармасы “жарамсыз” дегенді білдіреді. Бұрынғы қоғамда қалыптасып кеткен қате ұғым. Мүмкіндігі шексіз жерлестеріміз көптеген адамнан да әлдеқайда жарамды. Бұл кісілердің мүмкіндіктерін шексіз ету сіз бен біздің қолымызда, сөзімізде, ойымызда. Бұл кісілерге де қолайлы ортамды қалыптастыруға уақыт керек болғанымен, сөзбен, қарым-қатынасымызбен шектемеу әр біріміздің, дәл осы сәттен қолымыздан келеді деп ойлаймын. Ең болмағанда осыдан бастасақ деген өтініш, достар! - деп жазып, қалалық әкімдікте мүгедектерге қатысты біраз оңды шешімдердің қабылданағанын тілге тиек еткен екен. Мұны оқыған оқырманның «бәрекелді» дейтініне күмәніңіз болмасын. Ал Аюповтың жетекшілігіндегі қызметкерлердің мүгедектер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жасаған жоғарыдағы әділетсіздігіне не айтасыз? 

Аюповтың сөзі мен ісінің арасында қаншалықты алшақтықтың барын енді өзіңіз бағамдай беріңіз.

Жалпы, Түркістанда соңғы жылары атқарылып жатқан тірлік қыруар. Көпшілік бұл өзгерістерді  Шөкеевтің іскерлігімен байланыстырады. Ал, Рашид Аюпов Түркістанға әкім болып келген екі жылдың ішінде облыс басшысының көлеңкесінен шыға алған жоқ десек, артық айтқанымыз емес шығар. Бірақ ол өзін әлеуметтік желіде, әкімдіктегі жиындарда  креативті, іскер, жаңа заманға лайық шенеунік ретінде көрсетуден жалықпай келеді. Алайда екі жыл ішінде  армандарымен жұрттың аузын аштырып, көзін жұмғызатын  Аюповтың  шамасының неге жететіні белгілі болып қалған сияқты. Түркістанның әкімінің елдің артқан үмітін, сенімін ақтағаны осы ма? 

Ақпаның соңында Түркістанда бір отбасыдағы 5 бірдей азамат газдан уланып қайтыс болды. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қалың көпшіліктің қабырғасын қайыстырған жағдай бойынша шұғыл шешімдер қабылдап, өзінің қайраткерлігін тағы да көрсете білді. Естеріңізде болса,  2 жыл бұрын елордада 5 бірдей бүлдіршін өрттен қаза тауып, оның соңының аналардың көтерілісіне алып келген еді. Биыл Жамбыл облысы Жаңатаста қаласында өрт оқиғасынан  5 бала ажал құшты. Оның артынша Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов орнынан кетті. Жамбыл облыстық әкімдігі Б.Жақсылықовтың қызметінен кетуі бақытсыз оқиғаға қатысты еместігін мәлім етті. Алайда бәрібір де көпшілік әкімнің кетуін  бүлдіршіндердің қазасымен байланыстырып жатты. Түркістандағы жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Кінәлілердің алды тұтқындалды. Яғни, бұл жолы бәріне бақытсыздық кінәлі емес деген сөз. Қалай десеңіз де, осы оқиғаның арғы жағы коммуналдық саладағы бетімен кеткен былық-шылықпен, бақылаудың әлсіздігімен байланысты сияқты. Жіптің бір ұшы қалалық әкімдікке, қаланың әкімі Рашид Аюповқа барып тірелетіні, олардың моралдық тұрғыдан болса да  жауапкершілігінің барын жоққа шығаруға болмайды. Ал қала әкімінің өзі осы оқиғаның кезінде облыс әкімінің ығында қалып қойды. 

Түркістандағы жалғыз мәдениет үйінің осыдан екі жыл бұрын сатылып,  оның қызметкерлерінің бүгінде ауыл клубын паналап отырғаныжуырда республикалық ақпарат құралдарынан көрсетілді. 

«Өзің диуанасың, кімге пір болмақсың» деген сөз осындайда еске түседі екен, Мәдениет үйін былай қойғанда Түркістан қалалық әкімдігінің ғимараты да саудаға түсіп, бүгінде қонақ үйге айналып кеткеніне не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.  Қалалық әкімдік Асқар Мырзахметовтың тұсында мұражай ретінде салынған ғимаратты паналап отырғанына біраз уақыт болып қалды. Армандар мен қиялдардың жетегінде жүрген Аюповты тым құрыса бұл мәселе де алаңдатпайтын сияқты.    

P.S. Бұған дейін Шымкент қаласында аппарат басшысы, «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жетекшілік жасаған, ол екеуінің ортасында «Нұр Отанда» еңбек еткен, бір сөзбен айтқанда Әбдірахымовтың көлеңкесінде көп жүрген Р. Аюпов (бәлкім, бос қиялға салынып, нақты іске емес, имиджге баса көңіл бөлетін қасиетті ол осы «зың әкімнен» үйренген шығар) Шымкентте Рашид Абатуллаұлы болып жүрген еді, Түркістанға барғаннан кейін Рашид Абатұлы бола бастады.  Түркістан өңірінде әкімнің ұлтына қатысты да әрқилы әңгімелер айтылады. Мұның бәрін әрине, жаңылысулар деп қабылдау керек шығар. Әкімге бағаны жұрт аты-жөніне, шыққан тегіне қарап емес, істеген тірлігіне қарап беретіні айдан анық. Бірақ Рашид Аюповтың Түркістан қаласы әкімінің креслосына да жаңылысып келіп қалған жоқ па деген сөздер де соңғы кездері көп айтылып жүр. Әркімнің шығатын өз биігі бар. Әркімнің өз қарым-қабілетіне қарай қызмет ететіні де бесенеден белгілі. Осы тұрғыдан келгенде  Аюповқа әкімдік қызметтен гөрі облыс басшысының креативті кеңесшілігін қолайлы көретіндер де жоқ емес. Түркістанның әкімінің жұмысына көңілі толмай, арыз-шағым айтушылар да көп. Редакцияның хат қоржын папкісі фактіге толды. «Рейтинг» газетінің  алдағы нөмірлерінде Рашид Аюповқа қатысты сыни ақпараттарға біз арнайы тоқталатын боламыз.  

«Рейтинг» газеті, №13, 1 сәуір 2021 жыл

Шыңғыс Мұқан: Мәдениетке бөлінген 1 пайызға жетпейтін қаржыны көп көрдіңіздер ме?
«Құласаң, нардан құла». Қоғам белсенділері Тоқаевты сотқа берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу